Accessibility links

Қаңтар оқиғасына байланысты сотталған белсенді Жанмұрат Аштаевтың рақымшылық туралы өтініші орындалмады


Жанмұрат Аштаев.
Жанмұрат Аштаев.

Шымкент қаласы Абай аудандық соты Қаңтар оқиғасына байланысты сотталған белсенді Жанмұрат Аштаевтың амнистия туралы өтінішін қанағаттандырмады. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің әйелі Мөлдір Нұранова хабарлады. Аштаевтың жақындары сот қаулысына аппеляциялық шағым берген.

Жанмұрат Аштаевтың соты 2022 жылы 10 қарашада өткен. Жақындары сот өтетінін екі сағат қалғанда қамаудағы белсенді Қайрат Сұлтанбектің әйелінен естіген. Сотқа Аштаевтың адвокатын да, жақындарын да қатыстырмаған.

Адвокат Еркін Қахаров соттан кейін Азаттыққа берген пікірінде айыпталушының ісін адвокаттың қатысуынсыз қарау заңсыз екенін айтқан.

– Мені сотқа шақырмады. Бұл туралы кездейсоқ естідім. Бірден Аштаевпен кездесуге бардым. Ол “судьядан сізді сотқа қатыстыруын сұраймын” деді. Сот басталатын уақытта күтіп отырдым, бірақ мені ешкім қоспады. Бұл – заңсыздық. Сотқа айыпталушының сенім білдірген, заңды өкілі қатысуы керек. Білуімше, оған басқа адвокат берген. Не болып жатқанын, неге босатпағанын түсінбедім. Қайрат Сұлтанбек екеуі бір баппен сотталды ғой. Сұлтанбек амнистияға ілікті. Ал Жанмұратты шығармай отыр. Себебін білмеймін, – деді Қахаров.

Мөлдір Нұранова сот қаулысын кеше, 16 қарашада алған. Қаулыда “Рақымшылық жасау туралы” заңның 2-бабының 2-тармақшасына сәйкес, "экстремистік қылмыс жасаған адамдарға амнистия қолданылмайды" деп көрсетілген. Судья Аштаевтың осыған дейін Қазақстанда тыйым салынған ұйым қызметіне қатысты деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын негізге алған.

Былтыр маусымда Шымкенттің Қаратау аудандық соты "тыйым салынған ұйымның қызметіне араласты" деп айыпталған Жанмұрат Аштаевтың бостандығын екі жылға шектеген. Сот белсендіге үш жылға дейін қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салған.

Биыл 15 шілдеде Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты Қаңтар оқиғасына байланысты "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен айыпталған белсенді Жанмұрат Аштаевты 3 жыл бір айға түрмеге кескен. Онымен бірге белсенділер Қайрат Сұлтанбек және Ләззат Досмамбетоваға да үкім шыққан.

Құқық қорғаушылар саяси-әлеуметтік мәселелерге көзқарасын ашық айтып жүрген белсенділердің ісі саясиланғанын айтып, оларды "саяси тұтқын" деп таныған.

Рақымшылық туралы өтініші орындалмаған Жанмұрат Аштаевтың әйелі Мөлдір Нұранова қаулы қолына тигеннен кейін бірден аппеляциялық шағым бергенін айтады.

– 15 күн ішінде аппеляцияға беруге құқылымыз. Әзірге шағымымыз бойынша жауап келген жоқ. Хабар күтеміз, – деді Мөлдір Нұранова.

Жақында Аштаевпен бірге сотталған белсенді Қайрат Сұлтанбектің де амнистия соты өтіп, судья белсендіні он бес тәуліктен кейін босату туралы қаулы шығарған. Қаңтар оқиғасына байланысты істі болған тағы бір белсенді Ләззат Досмамбетованың соты сайлаудан кейінгі уақытқа белгіленген.

  • 16x9 Image

    Динара ТІЛЕУБЕК

    Динара Тілеубек Азаттыққа 2019 жылдан бері жазады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тәмамдаған. Бұрын республикалық басылымдар мен телеарналарда жұмыс істеген. Автормен оның Facebook парақшасында пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG