Accessibility links

Алматыда белсенді Бибігүл Иманғалиева 15 тәулікке қамалды 


Белсенді Бибігүл Иманғалиеваға келіп тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 25 қазан 2022 жыл.
Белсенді Бибігүл Иманғалиеваға келіп тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 25 қазан 2022 жыл.

Алматының әкімшілік соты жергілікті белсенді, тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастама топ мүшесі Бибігүл Иманғалиеваны 15 тәулікке қамау туралы қаулы шығарды. Сот 17 қараша кешкі алтыда өткен.

Сот қаулысында Иманғалиеваның биыл 21 тамызда Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда "заңсыз митингіге қатысқаны", жергілікті атқарушы органның заңды түсіндіруіне қарамастан, "заңсыз іс-шаралар өткізіп, наразылық акциясын тоқтатпағаны" жазылған.

17 қараша кешке Азаттық тілшісімен сөйлескен Иманғалиева сот қаулысымен келіспейтінін айтты.

- Сол күні саусағының ұшын тигізген жоқ қой бұлар (яғни, полиция ұстамады - ред.). Сол кезде біздің елімізде еуродепутаттар болды, содан қорқып бұлар сол күні бізге тиген жоқ. Енді міне, бүгін жолымнан қалдырды. Ұшағым ұшып кетті, ақшам күйіп кетті, ертең сайлау келе жатыр, соның алдында бізді оқшаулаудың амалы. Бұл - биліктің қорқып отырғанының белгісі, - деді Иманғалиева.

51 жастағы Бибігүл Иманғалиеваны полиция 17 қараша таңертең үйінің алдынан алып кеткен. Иманғалиева "Алға, Қазақстан" партиясын тіркеу мақсатында құжат өткізу үшін Астанаға ұшуы тиіс еді. Бейсенбі күні таңертең Әуезов аудандық полиция бөлімшесіне жеткізілген Иманғалиева кешкі алтыға дейін онлайн сотты күткен.

20 қарашаға белгіленген оппозиция митингісі қарсаңында Қазақстанда белсенділер жиі ұстала бастады. Құқық қорғаушылар тізімінде әкімшілік жазаға тартылған 25 адамның тізімі бар. 18 қарашада белсенділер Ақмола облысында белсенді Айя Сәдуақасованың сотты күтіп отырғанын жазды.

Бұған дейін билік тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясы өкілдерінің "митинг өткізу туралы өтініштерін" қанағаттандырмаған еді. Белсенділер кезектен тыс президент сайлауы, Қаңтар оқиғасы, саяси тұтқындар мәселесі жөнінде пікірлерін айтпақ болған.

Халықаралық қауымдастық Қазақстан билігінен "Бейбіт жиын өткізу туралы" заңды қайта қарап, халыққа өз ойын еркін айтуға кедергі келтірмеуді талап етіп келеді. Астана елдегі бейбіт жиындар туралы заң халықаралық талаптарға сай деген уәж айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG