20 қарашада Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскеменде дауыс берушілер мен бақылаушылар №82 сайлау учаскесіне "кіре алмағанын" айтып шағымданды. "Жас сайлаушылар лигасының" Инстаграм парақшасында видео да жарияланды. Видеода далада қар ұшқындап жауып жатқан шақта бір топ адамның сайлау учаскесіне ұқсас мекеме алдына жиналып, кіре алмай тұрғаны көрінеді.
"Ғимарат ішін кварц сәулесімен тазартамыз деп бәрімізді сыртқа шығарып жіберді. Есікті жауып қойды. (...) Ешқандай карантин мен қаулы жоқ, қайдағы тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр?" дейді видео авторы.
Тұрғындар есік қағып та көреді. Сәлден соң есік ашылып, халық ішке кіре бастайды. Учаскенің қанша минут жабық болғаны белгісіз. Оқиға күндізгі сағат 11 шамасында болған. Аты-жөнін атаудан бас тартқан бақылаушылардың бірі Азаттық тілшісіне жұрт сыртта "жарты сағат күтіп қалды" деді.
Азаттық тілшісі мән-жайды білу үшін Шығыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясына хабарласты.
"Сайлау кезінде санитарлық нормаларды сақтау үшін кварцтау мен ылғалды тазалауға ұсыныс бергенбіз. Соған жауып тастаған болуы керек. Ғимараттағы адамдар сыртқа шығарылды, себебі кварц көзге зиян ғой" деді комиссия төрағасының орынбасары Жанар Алқанова.
Оның айтуынша, тазалық "маусымдық тұмауға байланысты" жүргізілген. Бірақ ол кварцпен тазалау жұмыстарын жүргізу үшін шығарылған арнайы құжат бар ма деп сұраған Азаттық тілшісіне нақты жауап бере алмады. Кейінірек хабарласып, "құжатты көрсетемін" дегенімен, осы жаңалық шыққанға дейін хабарласқан жоқ.
"Еркіндік қанаты" қоғамдық қорының құрылтайшыларының бірі Елена Швецова кварцтаудың арнайы қаулысыз жүргізілгені заңсыз болатынын айтады.
"Өскеменде қандай да бір карантин бар ма, соған қарауымыз керек. Негізі қазір ешқандай карантин шектеуі жоқ болуы керек. Сондықтан қандай негізге сүйене отырып кварцтау жүргізілгені түсініксіз, үлкен сұрақ болып тұр" деді Швецова.
(P.s: Аталған сайлау учаскесінің өкілдеріне Азаттық тағы хабарласқан кезде олар қолдарында "кварцтау туралы" қаулы жоқ екенін, бірақ денсаулық сақтау министрлігінің сайтында "сайлау учаскелері ылғалды тазалануы керек" деп тұрғанын алға тартты).
ПІКІРЛЕР