Украина президенті Владимир Зеленский Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс президент сайлауында жеңіске жеткенімен құттықтады. Бұл туралы Зеленский Twitter желісінде хабарлады.
"Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс президент сайлауындағы сенімді жеңісімен құттықтадым. Екі ел арасындағы қарым-қатынасты әріқарай дамытуға ниетті екенімізді білдірдім. Қазақстанға гуманитарлық көмек үшін алғыс айттым" деп жазды Зеленский Twitter-де.
Қазақстан Ресейдің Украинаға басып кіргенін ашық айыптамаған я қолдамаған. Бірақ билік Ресейдің басқыншылығын айыптайтын бейбіт митингіге рұқсат берген еді. Бұған қоса Қазақстанда азаматтар Украинаға бірнеше рет гуманитарлық көмек жіберген. Ал Тоқаев Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда Ресей президенті Путиннің көзінше Қазақстан Украинаның шығысындағы "ДХР" және "ЛХР" жікшіл аймақтарының "тәуелсіздігін мойындамайтынын" ашық айтқан еді.
Қазақстанның орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Тоқаев 20 қарашада болған кезектен тыс президент сайлауында 81,3 пайыз дауыс алып, 7 жылға президент болып сайланды. ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров "кезектен тыс сайлау заңға сай өтті, Қасым-Жомарт Тоқаев - халық сайлаған президент" деді.
Бұған дейін Тоқаевты Ресей президенті Владимир Путин, Орталық Азия елдерінің басшылары, Иран президенті Ибрахим Раиси, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Әзербайжан басшысы Илхам Әлиев және Қытай басшысы Си Цзиньпин құттықтаған.
- ТМД елдерінен келген бақылаушылар "сайлау заңға сай өтті" деп жариялаған. Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясы "Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы бәсеке жоқ саяси ахуалда өтті деп" сынаған. Бұл сынға Қазақстан сыртқы істер министрлігі "объективті емес" деп жауап берген.
- Кезектен тыс президент сайлауы күні тәуелсіз байқаушылар дауыс беру процесі пен дауыс санау кезінде түрлі қысым жасалғанын хабарлаған. Сайлау күні және оның алдында саяси акцияға шыққан және шықпақ болған белсенділерді полиция алып кеткен.
- Қазақстандағы тәуелсіз саяси сарапшылар мен саясаткерлер "сайлау бәсекесіз өтті, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев кезінде президенттікке кандидаттарға қойылған шектеулер алынбады" деп санайды.
ПІКІРЛЕР