Accessibility links

Атыраудағы 27 адамның соты: Полицей Қаңтарда оққа ұшқан адамға қалай оқ тигенін баяндады


Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 27 адамның соты. Атырау, 23 қараша 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 27 адамның соты. Атырау, 23 қараша 2022 жыл.

23 қарашада Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 27 адамның сотында тағы бес жәбірленуші полицейден жауап алынды. Олардың арасында Атырауда Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан Алмаз Берекеновтің өлімі бойынша қылмыстық істе де жауапталған полиция қызметкері бар.

Н. есімді полицей (тергеу қаулысында бүркеншік есіммен көрсетілгендіктен Азаттық оның аты-жөнін жариялай алмайды) сотта берген жауабында 5 қаңтарда облыс әкімдігінің артқы жағында демонстранттармен қақтығыс кезінде қолындағы Калашников мылтығының оғы Берекеновке тигенін мойындады. Бірақ, оның алдында "демонстранттарды тоқтату мақсатында ескерту ретінде аспанға бірнеше рет оқ атқанын, бірақ соған қарамастан агрессия танытқан топтың шабуылы күшейе түскен соң өзінің және әріптестерінің өмірін қорғап қалу үшін жерге қарата бірнеше рет оқ атуға тура келгенін" айтты. Оның айтуынша, жерге атқан оқтың бірі Берекеновтың бас жағына тиіп, ол жерге құлаған.

Адвокат Рысты Қалиева одан 5 қаңтарда «қаруды кімге қолданамын?» деп алдыңыз деп сұрағанда, ол «топты тоқтату үшін, ауаға екі рет ескерту ретінде ату үшін және қызметкерлерімді қорғау үшін алдым» деп жауап берді. Бұдан бөлек, айыпталушылар мен олардың адвокаттары «қаруды заңды қолданды ма?» деген сұраққа жауап тапқысы келді. Оған полицей атыс қаруын “Құқық қорғау қызметi туралы” заңның 61-бабының 2-тармағына (Атыс қаруын және өзге де қаруды қолдану) сәйкес қолданғанын алға тартты.

Атырауда Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 27 адамның ісі бойынша сот. 23 қараша 2022 жыл.
Атырауда Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 27 адамның ісі бойынша сот. 23 қараша 2022 жыл.

Сонымен бірге, полицей 5 қаңтарда облыс әкімдігі маңында наразылар мен полицейлер арасында қақтығыс ушыға түскен соң барып бес орындық «Тигр» бронды машинасы келіп өзіне қарай жақындағанда соның ішінен жүгіріп барып Калашников мылтығын алғанын айтты. Кейін ол өзінде мылтықта 30 оқтың болғанын, бәрін де атып тауысқанын, өзін соққыға жыққан наразы топ кейін мылтықты одан тартып алғанда, оның ішінде оқ болмаған деп жауап берді.

Бұдан соң оған әкімдіктің артқы жағында бір қолына оқ тиіп, тесіп шыққан, «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деп айыпталушы Медет Нарышев «Оқтың сол жерде [облыс әкімдігі артында] тигенін көрсеткенмін. Сонда оқты маған атқан сіз деп түсінеміз бе сонда?» деп сұрақ қойды.

«Мүмкін, бірақ, әдейі атқан жоқпын» деп жауап берді полицей.

Ал тағы бір айыпталушы Азамат Ибраимов жәбірленуші полицейдің халықты тоқтату мақсатында екі рет аспанға ескерту ретінде оқ атылды деген сөзі мен мылтықтағы 30 оқты тауысып тастағаны жөнінде жауабы бір-біріне қарама-қайшы екенін айта келе:

«Атылған оқтың кесірінен арамызда жарақат алған сотталушылар да бар, мүгедек болып қалған жандар да бар. Жаны жаннатта болсын, адам баласы да өлді [Алмаз Берекеновты айтады]. Бейбіт шеруге шыққандағы мақсатымыз, менің жеке өзімде облыс әкіміне сұрақтарым болды. Менде бірақ қазір барғанда СОБР-лар атып тастайды деген ойлар болған жоқ. Дәл сондай ол жерге барғандардың ойында болған жоқ. Бірақ, құрметті сот, бұл кісінің сөзі арқылы жігіттердің тағдыры, болашағы шешіліп жатыр. Осыны қаперге алсаңыз деген уәжім бар» деді.

Алмаз Берекеновтің қазасына байланысты қозғалған қылмыстық іс оны жүргізген тергеушінің "қылмыс құрамы жоқ" деген шешіммен 29 сәуірде тоқтатылды. Іс бойынша полицейдің тергеуге күдікті емес, куәгер ретінде қатыстырылған.

Берекеновтің қазасына байланысты қозғалған істі жүргізген аға тергеуші Дәурен Айдосынов Азаттыққа осы жазда "полицейлер өз өмірін қорғау үшін қару қолданған, бұл заңды әрекет деп танылды" деді. Тергеуші қол қойған қаулыда "әкімдік алдына келгендер полицейлердің бірнеше рет жасаған ескертуіне қарамастан тас лақтырып, агрессия танытуды қоймаған соң" полицейлердің "өздерін қорғау үшін қару қолданғаны" жазылған.

Сәрсенбі күні сотта айыпталушылардың бірі Сағат Жолдасов Н. есімді полицейге Қаңтар оқиғасынан кейін Атырау қалалық полиция басқармасы ауласындағы “Динамо” спортзалында азапталғанын айтып, сұрақ қойды.

“Құрметті сот, адвокатымда сот барлық дене жарақатымның сот сараптамасы бар. Жүре алмай қалдым, екі апта бойы дәретке бара алмай қалдым. Қуығым ісіп кетті. Қуығымнан электрошокермен соқты. Дубинкамен “наручник” салып соқты. Сонда мен қолымда қару болса, мен де атуым керек пе еді сіздерді, егер халыққа атсаңыздар?” деді Жолдасов. Бұған сотта жауап беруші полицей “білмеймін” деп жауап берді.

Іс бойынша жалпы 115 жәбірленуші (олардың барлығы - полицейлер мен әскери қызметкерлер) бар. Жәбірленушілердің 20-сы Қаңтар оқиғасында жарақаттанғандарын айтқан. Бұған қоса істе 110 куәгер бар.

Атырауда Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 27 адамның төртеуі тергеу абақтысында отыр. Қалғаны үйқамақта және ешқайда кетпейтіні туралы қолхатпен босатылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG