Accessibility links

Еуропа ойындарынан шеттетілген Ресей футбол одағы Азия конфедерациясына өткісі келеді


Александр Дюков
Александр Дюков

Ресей футбол одағының (РФО) атқарушы комитеті алдағы отырыстарының бірінде Ресей Еуропа футбол ассоциациясы – УЕФА-дан шығып, Азия футбол конфедерациясына қосылу мәселесін қарастырады. Бұл жөнінде жексенбіде РФО атқару комитетінің басшысы Александр Дюков хабарлады.

"Мұндай шешім қабылданарына аса сенімді емеспін, бірақ қазіргі жағдай соны талқылауды қажет етіп тұр" деді ол. Оның сөзінше, осыдан бірнеше ай бұрын өзі де Азия конфедерациясына өту жайлы айтуға ерте деп санаған. Алайда Азия конфедерациясымен бұл жөнінде әзірге сөйлеспеген.

Ресей Украинаға басып кірген соң елдің футбол командалары Еуропадағы ойындардан шеттетілген.

Ресей футбол одағының Азия конфедерациясына өту мүмкіндігі туралы бірқатар ресейлік БАҚ кейінгі кезде жаза бастаған.

Азия конфедерациясына мүше болған жағдайда Ресей командалары ресми ойындарға қатысуы мүмкін. Өйткені Еуропаға қарағанда Азияның көптеген елі Укрианадағы соғысқа бейтарап қарап отыр. Ресей Азия конфедерациясына ауысса, онда Ресей клубтары Еуропа клубтарының ойынына мүлде қатыса алмайды.

Ресей құрамасының бас бапкері Валерий Карпин Азия конфедерациясына өтуге қарсы емес. Бірақ "Еуропаға қашан оралатынымыз белгісіз, сондықтан Азияға өтейік" деген Карпинге РФО-ның бұрынғы басшысы Вячеслав Колосков "батпаққа батқыларың келсе бара беріңдер" деген.

Ресми матчтардан шеттетілген соң Ресей құрамасы Азияның үш елінің: Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан командаларымен жолдастық кездесу өткізген. Босния мен Герцеговина футбол одақтары Ресей құрамасымен жолдастық кездесуден бас тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG