Accessibility links

Орталық сайлау комиссиясы сенат депутаттарын сайлау кестесін бекітті


Қазақстан парламенті сенаты
Қазақстан парламенті сенаты

Орталық сайлау комиссиясы 2023 жылдың 14 қаңтарына белгіленген парламент сенаты депутаттарын сайлау графигін бекітті. Кандидат ұсыну 29 қарашада басталып, 14 желтоқсанға дейін жалғасады. Бұл жөнінде ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров хабарлады.

ОСК ақпаратына қарағанда, сенат депутаттарын облыстық сайлау комиссиялары мен республикалық маңызы бар қалалардың сайлау комиссиясы тіркейді. Сенат депутаттығына кандидатты қала мәслихаты ұсынады және үміткер өз-өзін ұсына алады.

Депутаттыққа кандидат табысы мен мүлкі туралы декларациясын көрсетіп, 900 мың теңге сайлау жарнасын төлеуге тиіс.

  • Кандидаттар 29 қараша - 14 желтоқсан аралығында ұсынылады;
  • Кандидаттар 29 қараша - 24 желтоқсан аралығында тіркеледі;
  • Сайлау алдындағы үгіт-насихат 24 желтоқсаннан 13 қаңтарға дейін жалғасады;
  • 13 қаңтар – тыныштық күні;
  • 14 қаңтар – дауыс беру күні;
  • Сайлау қорытындысы 20 қаңтарға дейін шығады.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың сөзінше, сайлаушылардың 50 пайызы дауыс беруге қатысса "сайлау өтті" деп есептеледі. Сайлауға келген сайлаушылардың 50 пайыздан астамының дауысын алған кандидат "сайланған" болып есептеледі.

Парламент сенатын сайлау 2023 жылдың 14 қаңтарында өтеді. Бұл жөнінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен сенбіде инаугурациядағы сөзінде айтқан.

Конституция бойынша, сенатқа әр облыстан және республикалық маңызы бар қала мен Астанадан екі депутаттан сайланады, он депутаттты Қазақстан президенті тағайындайды. Қазақстанда қазір 17 облыс, республикалық маңызда Алматы мен Шымкент қалалары және Астана бар. Сенатта барлығы 50 депутат болуға тиіс.

Қазақстанда кейінгі 10 жыл тұрған, жасы 30-дан асқан, жоғары білімді, сотталмаған және кем дегенде 5 жыл еңбек өтілі бар адам сенат депутаттығына кандидат бола алады.

Президент Тоқаев 2023 жылдың маусым айында парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттары депутаттарын сайланатынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG