Accessibility links

Жамбыл облысында әскери қоймадағы жарылыс кезінде қаза болған қызметкердің сүйегі табылды


Бауыржан Дәуітбаев. Қорғаныс министрлігі таратқан сурет.
Бауыржан Дәуітбаев. Қорғаныс министрлігі таратқан сурет.

Былтыр тамызда Жамбыл облысы әскери қоймадағы жарылыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен әскери өрт сөндіру бөлімі қызметкерінің сүйегінің жұрнағы табылды. Бұл жөнінде 1 желтоқсанда қорғаныс министрлігінің Телеграм арнасы хабарлады.

Ведомствоның жазуынша, Жамбыл облысындағы 28349 әскери бөлімі өрт сөндіру бөлімінің командирі кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевты іздеу жұмыстары 2021 жылдың 26 тамызынан бастап жүргізілген.

"Сүйек жұрнағын бөлімнің әскери қызметшілері іздеу жұмыстары барысында тапты. Молекулярлық-генетикалық сараптама оның Бауыржан Дәуітбаевқа тиесілі екенін көрсетті. Жоғалған әскери қызметкердің сүйегінің жұрнағы мен қандас туыстарының ДНК талдауы толығымен сәйкес келді" деп жазылған хабарламада.

Ведомствоның айтуынша, заңға сәйкес марқұмның отбасына "жерлеу шығыны, атқаратын лауазымы бойынша бес жылдық ақшалай қаражат мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді". Бұған қоса,"тұрғын үй сатып алу үшін төлем қарастырылған, оның мөлшері әскери қызметші қызмет еткен аймаққа және отбасы мүшелерінің санына байланысты". Министрлік "марқұмның балаларын оқытуға және жұмысқа орналастыруға, сонымен бірге басқа да мәселелерді шешуге көмек көрсететінін" айтты.

Былтыр 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданының әскери бөліміндегі қоймада оқ-дәрі жарылып, арты өртке ұласқан. Жарылыстан кейін әскери қоймаға жақын ауылдардан жүздеген адам эвакуацияланған. 17 адам қаза тапты. Олардың 10-ы - азаматтық қорғаныс, алтауы – қорғаныс министрлігі, біреуі – әскери прокуратура қызметкері. Сол кезде хабарсыз кеткен өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Бауыржан Дәуітбаевтың іздестіріліп жатқаны хабарланған. Қорғаныс министрлігі биыл сәуірде оны хабар-ошарсыз кеткен деп таныған.

Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 462-бабы ("Қару-жарақ, сондай-ақ айналадағыларға қауіп төндіретін заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалған. Биыл сәуірде "Оңтүстік" өңірліқ қолбасшылықтың бұрынғы жетекшісі Қайдар Қарақұлов аталған жарылысқа байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында "Немқұрайлық" бабы бойынша күдікті танылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG