5 желтоқсанда Ресейдің зымыранмен жаппай атқылауы салдарынан бүкіл Украинада электр энергиясы апатты жағдайда ажыратылады. Бұл жөнінде "Укрэнерго" компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
5 желтоқсанда кешке Ресей Украинаның бірнеше аймағын бір мезгілде зымыранмен атқылаған. Украина әуе күштерінің қолбасшылығы Ресей әскері 70 зымыран атқанын, оның 60-ы атып түсірілгенін хабарлаған.
Запорожье, Одесса, Херсон, Харьков, Киев, Винницк, Житомир, Львов, Николаев, Тернополь және Черкасск облыстарында жарылыс болған. Мұны әуе қорғанысы жүйесінің жұмысымен байланыстырады.
Запорожье облысында екі адам өліп, үш адам жараланған, арасында екі жасар сәби бар. Тұрғын үйлер мен энергетикалық инфрақұрылымдар зақымданған.
Ресей әскери маңызы бар 17 нысанды көздегенін мәлімдеді.
Биыл қазанда Қырым көпірі жарылған соң Мәскеу Украинаның энергетикалық инфрақұрылымын сан мәрте жаппай атқылаған.
Киев мен Батыстың көптеген елдері "Ресей бейбіт халыққа шабуыл жасап отыр, мұндай әрекет халықаралық құқыққа қайшы келетін әскери қылмыс" деп санайды.
ПІКІРЛЕР