Accessibility links

Әділ Жалилов: Ресей пропагандасының ықпалына түскен қазақстандықтар ұлтқа қандай қатер төніп тұрғанын түйсінбейді


Украинаны қолдау акциясына шыққандар украин ақыны Тарас Шевченконың ескерткіші алдында тұр. Алматы, 24 тамыз 2022 жыл.
Украинаны қолдау акциясына шыққандар украин ақыны Тарас Шевченконың ескерткіші алдында тұр. Алматы, 24 тамыз 2022 жыл.

Қазақстанда Украинаны жастар ғана қолдайды, ал сауалнамаға қатысқан адамдардың үштен бірі Ресей пропагандасының ықпалына түскен. Demoscope қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы қазақстандықтардың соғысқа көзқарасын зерттеп, осындай қорытынды жасады. Бюро басшысы Әділ Жалилов әлеуметтік зерттеу жайлы толығырақ айтып берді.

"ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ КӨБІ САЯСАТҚА ЕНЖАР ҚАРАЙДЫ"

Азаттық: Demoscope дерегінше, Қазақстанда сауалнамаға қатысқан адамдардың 39 пайызы биыл наурызда Ресейдің Украинаға басып кіруін қолдаған. Желтоқсанда бұл көрсеткіш 19 пайызға дейін төмендепті. Мұны қалай түсіндіруге болады?

Әділ Жалилов: Ресей мен Украинада болып жатқан оқиғалар Қазақстандағы жұрттың соғысқа деген көзқарасына әсер етті. Біріншіден, Украина қарулы күштерінің басымдығы айқын көріне бастады. Олар Қазақстандағы "бүйрегі бұратындар қатарын" өзгертіп жатыр.

[Ресейдегі әскери] мобилизациядан қашқан адамдар да қазақстандықтардың көңіл-күйіне әсер етті. Өйткені халықта "Осынша адам елден қашып жатса, "қасиетті" деп атап жүрген соғысқа қатысқысы келмегені ғой?" деген ой туады.

Қазір [Ресей армиясында] болып жатқан сорақылықтар: зілбалғамен жазалау [адам өлтіру], Пригожин мен [оның басқаруындағы "Вагнер" тобына Ресей түрмелерінен соғысқа қосылған – ред.] сотталғандар да халықтың көзқарасын өзгертеді. Бұл соғысты "әділдік үшін күрес" деп ойлаған адамның өзі Ресей ақылға қонымды қимыл-әрекет шегінен шығып кеткенін түсінді.

Demoscope қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы жетекшісі Әділ Жалилов.
Demoscope қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы жетекшісі Әділ Жалилов.

Бұл сауалнамадан бірнеше қызық қорытынды шығаруға болады. Біріншіден, Қазақстанда саясатқа енжар қарайтын адам көп. Украинаны қолдайтындар көбейіп, Ресейді жақтайтындар азайғанымен, жалпы аудитория саяси тақырыптарға аса қызыға қоймайды.

Жасы ұлғайған, теледидар көп қарайтын адамдардың саяси белсенділігі жоғары, болып жатқан оқиға жайлы пікірі мен бағасы әлдеқайда нақты. Орта жастағы немесе одан кіші адамдардың саясатқа қызығушылығы төмен. "60+" жастағы буын Қазақстандағы негізгі тақырыптарды анықтайды. Дәл осы аудитория ресейлік арналарға сұраныс қалыптастырып, ток-шоу, жаңалықтар сияқты миға сыймайтын бағдарламалар көреді.

Бірақ мен халықты емес, ресейлік арналарды ажыратып тастауға шамасы жетпей отырған билікті сынаймын. Бұл [Қазақстан аумағында ресейлік арналарды өшіруді айтады – ред.] әбден заңды әрі әділ шешім болар еді. Өйткені заң бойынша, Қазақстанда соғыс пропагандасына тыйым салынған.

Азаттық: Әлеуметтік зерттеуге сәйкес, респонденттердің үштен бірі Ресей пропагандасы мен жалған ақпараттың ықпалына түскен көрінеді. Өңірлер бойынша деректер бар ма?

Әділ Жалилов: Бірінші кезекте, жас және тіл ерекшелігіне назар аудардық. Ресей саясатын қолдайтын, оған бүйрегі бұратындардың ортақ портреті – жасы 60-тан асқан, көбіне орыс тілінде сөйлейтін адамдар болып шықты. Қазақша сөйлейтін және жасы олардан кішірек адамдар ресейлік арналарды көп қарамайды және Ресейді қолдай бермейді.

Шөлмектен арақ ұрттап, Ресей президенті Владимир Путиннің сұхбатын телеэфирден көріп тұрған ер адам. Көрнекі сурет.
Шөлмектен арақ ұрттап, Ресей президенті Владимир Путиннің сұхбатын телеэфирден көріп тұрған ер адам. Көрнекі сурет.

Адамдарды ұлттық ерекшелігіне байланысты бөліп-жарғым келмеді. Өйткені аудитория зерттеу қорытындысын қате түсініп қалуы мүмкін. Сан көрсеткіші бірыңғай емес. Зерттеу жасағанда өңір, жасы, тілі бойынша талдаймыз. Бірақ осы көрсеткіштерге ғана сүйеніп, белгілі бір қорытынды шығаратын адамдар болады. Ондайдың аяғы сегрегация немесе дискриминацияға ұласып кете ме деп қорқамын.

Сондықтан Қазақстан билігі ақпараттық колония болудан бас тартуы керек деген мәселеге басымдық беруге тырыстым. Ресей арналарын өшіріп, халықтың медиа сауатын арттыруымыз керек. Өйткені халық не саясатқа қызықпайды, не сыни тұрғыда ойлап, жаңалықты талдай алмайды. Адамдардың көбі ойын-сауық контентін көреді. Аудиторияның осындай ерекшелігіне қарап, жүрегің ауырады.

"ҚАУІП ТӨНДІРЕТІН ДЕРЖАВАҒА ТӘУЕЛДІ БОЛУ"

Азаттық: Сауалнамада тағы бір қызық дерек бар: респонденттердің 73 пайызы Ресей Қазақстанға шабуылдауы мүмкін дегенге сенбейді. Олардың дені – зейнет жасына таяп қалған адамдар.

Әділ Жалилов: Иә, көбіне солай. Тағы бір маңызды дүниеге назар аударғым келеді: қалада тұратын білімді, орыс тілінде сөйлейтін халықтың аз бөлігі Украинадағы жағдайды біржақты әрі дұрыс қабылдайды. Жасы ұлғайған орысша сөйлейтін адамдар Ресейді қолдайды. Өйткені олар Ресей арналарын көріп, Кремль пропагандасын бойына сіңіріп алған.

Қазақша сөйлейтін халықтың көп бөлігі Ресейге қауіптене қарайды. Бірақ олардың өз себептері бар сияқты. Яғни, Ресейден сезіктену Украинаны қолдау дегенді білдірмейді. Бұл көбіне сана деколонизациясына байланысты деп ойлаймын.

Азаттық: Кейінгі сауалнама мобиль телефонның көмегімен жүргізілген. Осыған дейінгі әлеуметтік зерттеулер кезінде үй телефоны қолданылатын. Адамдар қай телефонға жақсырақ жауап береді?

Әділ Жалилов: Үй телефонына хабарласу ыңғайлы әрі арзан. Оның үстіне, қай өңірлер қамтылғанын біліп отырамыз. Бізз қоңырау шалғанда үй телефоны тұтқасын жасы үлкен адам көтерсе, "Тұтқаны жасы кіші жақындарыңызға бере аласыз ба?" деп өтініш қыламыз. Сондықтан үй телефоны арқылы жиналған ақпарат әлдеқайда толымды болатын сияқты.

Мобиль телефонмен сауалнама өткізуге келсек, бұл үлкен мәселе: телефон нөмірлерінің заңсыз базасын пайдалана алмаймыз. Қолдансақ, жеке деректер туралы заңды бұзамыз. Абоненттері "хабарласып, сұрақ қоюға болады" деп рұқсат еткен заңды базалар екінің бірінің қолында жоқ.

Әрине, заңды бұзғымыз келмейді. Сондықтан қиын жолды таңдадық: рандомды агрегатор көмегімен гипотетикалық нөмірлер базасын құрдық. Біз қоңырау шалғандардың 90 пайызынан пайда болмады: ондай нөмір жоқ болып шықты. Телефон компаниясы бұл нөмірлерге ұзақ хабарласты. Әдетте сауалнамаға бір-екі күн кетеді, ал бұл жолы бір аптадан астам уақыт жұмсадық.

Көп нөмір дұрыс болмады, көбі жауап беруден бас тартты. Өйткені халық мобиль телефонмен ұзақ сөйлесе бермейді. Мұның себебін білмедім, бәлкім, олар жолда немесе метрода болған шығар, не уақыты аз болды ма деп ойлаймын.

Азаттық: Жұрт сауалнамада көрсетілген сұрақтарға қаншалық шынайы жауап береді?

Әділ Жалилов: Бұл негізінен Ресей үшін көкейкесті мәселе: ол жақта біреу телефон шалып: "Соғысқа қалай қарайсыз?" деп сұраса, "Жалған ақпарат туралы" заң бойынша түрмеге қамалудан қорыққан респондент ойын ашық айтпауы мүмкін. Бізде ондай заң жоқ. Қазақстандықтардың мұндай сұрақтарға жауап беруден тосылмайтынын ішкі саясат мәселелеріне қатысты осыған дейін жүргізілген сауалнамалар да дәлелдейді. Қазақстандықтар Астана атауын ауыстыру, сайлау, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы батыл әрі шынайы жауап беріп жүрді. Әйтпесе ішкі саясатқа келгенде адамдар жауап беруден жалтаруы керек қой.

Келесі зерттеуіміз Қаңтар оқиғасы туралы болмақ. Бұл да қазақстандықтардың қаншалық шынайы екенін көрсететін еңбек болады деп үміттенемін. Мені көп адамның саясатқа енжар қарайтыны алаңдатады. Өйткені халықтың басым бөлігі қазір Украинада Қазақстанның да тағдыры шешіліп жатқанын түсінбейді. Олар қауіпті түйсініп, сезіп отырған жоқ. Респонденттердің көп бөлігі, жастар мен орта жастағы адамдар осы топқа жатады. Біз Украинаны қолдаушылар көбейгенін көрсете аламыз, бірақ жалпы алғанда мұндай адам көп емес. Халықтың басым көпшілігіне бәрібір.

Ресей елшісінің сұхбаты Қазақстанда сынға ұшырады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:56 0:00

Дәл осындай енжарлық Ресейден келген мигранттар мәселесінде де байқалады: оларды көбіне жастар ұнатпайды, өйткені бұл жалға берілетін пәтер нарығына әсер етті. 40-50 жастағы қазақша сөйлейтін адамдардың бір бөлігі Қазақстанға орыс әлемін жақтайтындар келіп жатыр деп қауіптенеді.

Бізде тұтынушы қоғам орнаған. Олар шахматшыдай екі-үш қадам бұрын ойланбайды. Халықты дәл қазір өзіне қатысты дүние ғана қызықтырады. Бұл қазақстандықтарда ғана кездесетін мәселе емес.

Азаттық: Бұл зерттеу қоғамда бірізділік жоғын көрсете ме?

Әділ Жалилов: Қоғам шынымен бірізді емес. Мұны тіл, өңір, жас сияқты өлшемдерден байқауға болады. Олар белгілі бір тақырыпқа қатысты позицияға әсер етеді. Бізде бәрімізді біріктіретін ортақ нәрселер жоқ. Кей мәселелерде бірлік бар, мысалы, Нұр-Сұлтан атауын өзгертуге келгенде респонденттердің 70 пайыздан астамы ондай бастамаға қолдау білдірді.

Бірақ көбіне қоғамда бірізділіктің болмауы Украинадағы соғыс мәселесіне қатысты позицияға кері әсер етеді. Бұл қазақстандықтардың саяси және ақпараттық белсенділігіне кедергі келтіреді. Аудиторияның үштен бірі Ресейдің тікелей ақпараттық отарлауына тәуелді болып өмір сүріп жатыр. Бұл өте көп. Бұрын отар болғанымыз, қазір мәжбүрлі серіктес екеніміз рас, бірақ көп ел бұндай қауіпті державаға неге сонша тәуелді екенімізді түсіне алмайды. Бұл ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Мұны билік те түсініп отыр деп ойлаймын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG