Accessibility links

Ресейден іргесін аулақ салғысы келетін Орталық Азия екі оттың ортасында қалды


Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің "Бейбітшілік миссиясы" бірлескен әскери жаттығуына қатысқан Қытай сарбаздары. Қырғызстан, Балықшы, 19 қыркүйек 2016 жыл.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің "Бейбітшілік миссиясы" бірлескен әскери жаттығуына қатысқан Қытай сарбаздары. Қырғызстан, Балықшы, 19 қыркүйек 2016 жыл.

Ресей Украинаға басқыншылық жасап жатқанда, Қытай Орталық Азияның қауіпсіздік саласына ықпалын күшейтіп жатыр. Жуырда Пекин Тәжікстанмен әскери келісімшартқа қол қойды. Бұл қадам Пекиннің құлшынысы мен аймақтың жаңа жағдайға бейімделуі тұрғысынан нені аңғартады?

Биыл қарашада Тәжікстан Қытай қауіпсіздік күштерімен өз жерінде терроризмге қарсы әскери жаттығулар өткізу жайлы келісімшарт жасады.

Тәжікстан мен Қытай 2015 жылдан бері үш рет екіжақты әскери жаттығу өткізген.

Бірақ қарашаның аяғында жасалған келісімшарт екі ел арасында әскери әріптестік қана емес, Пекиннің Тәжікстан мен оның көршілеріне деген қызығушылығы да артып жатқанын көрсететіндей.

Ақпанда Ресейдің Украинаға басқыншылығы Орталық Азияға қатысты геосаяси мәселелерді ушықтырып, аймақтағы күштердің тепе-теңдігі туралы көзқарасты өзгертті дейді сарапшылар. Олар тәжік-қытай келісімін Орталық Азияның байырғы одақтасы болып келген Мәскеуден алыстау қадамы деп сипаттады.

"Душанбе Ресейге тәуелдігінен арылу үшін Қытаймен осы қадамға барды" деді Азаттыққа Карнеги орталығының ғылыми қызметкері Темір Омаров. "Ресей бұған келісе ме деген үлкен сұрақ бар".

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта) пен Франция президенті Эммануель Макрон. Париж, 22 қараша 2022 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта) пен Франция президенті Эммануель Макрон. Париж, 22 қараша 2022 жыл.

Халықаралық санкциялар мен Украинаға басқыншылық Ресейдің Орталық Азиядағы экономикалық қуатын әлсіретіп жатқанда, осы аймақ елдерінің лидерлері, әсіресе, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон жаңа әріптестік орнатып, басқа державалармен байланысын тереңдете түсуге тырысты.

Нәтижесінде Еуропамен дипломатиялық байланыс кеңейді. Қазан айында Еуропа одағы президенті Шарль Мишель, қарашада Еуропа одағының сыртқы істер жөніндегі өкілі Жозеп Боррель Орталық Азияға сапар шекті. Қарашада Тоқаев та, оның өзбек әріптесі Шавкат Мирзияев те Парижге барып, Франция президенті Эммануель Макронмен кездесті.

Батыстан бөлек, бұл науқан Түркия, Таяу Шығыс, тіпті, бірінші кезекте Қытайға бағытталды.

Коронавирус пандемиясынан кейін алғаш рет шетелге шыққан Қытай лидері Си Цзиньпин қыркүйекте Қазақстанға барып, содан кейін Өзбекстанда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне қатысты. Сол жерде Мәскеу Украинаға басқыншылық жасағалы алғаш рет Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті.

"Бұл Еуропа, Түркия, Иран секілді ойыншылар мен әртараптануға ұмтылып отырған Орталық Азия елдері үшін жақсы мүмкіндік, – дейді Омаров. – Бірақ мұнда [Орталық Азия] әлі де сезімтал. Бұл аймақ қазіргідей ешқашан екі оттың ортасында болған емес".

"ҚЫЗЫЛ СЫЗЫҚ"

Қазір Орталық Азия бір жағынан Ресеймен тарихи байланысын үзгісі келсе, екінші жағынан Мәскеудің реакциясынан қашқақтап отыр дейді Омаров.

"Қызыл сызық үнемі өзгеріп отырады, бірақ Ресей үшін бастысы Батыстың қауіпсіздік саласына оралмауы" деді ол Ауғанстанда АҚШ басқаруымен жиырма жылға жуық созылған соғысты меңзеп. "Ресей Орталық Азияның Батысқа қарағанын қаламайды".

Тәжікстан мен Қытай сарбаздары екі елдің шекарасы бойында сап түзеп кетіп барады. 17 қыркүйек 2017 жыл.
Тәжікстан мен Қытай сарбаздары екі елдің шекарасы бойында сап түзеп кетіп барады. 17 қыркүйек 2017 жыл.

Бұл Кремльге жуырда Тәжікстанмен жасалған келісім секілді Қытаймен байланысты тартымдырақ етеді дейді сарапшылар.

Қытай ондаған жыл бойы Орталық Азияда экономикалық күшке ие болды. Аймақтағы Тәжікстан мен Қырғызстан секілді елдердің Пекинге миллиардтаған доллар қарызы бар.

Кейінгі жылдары Пекин аймақпен қауіпсіздік саласындағы әріптестігін кеңейтуге тырысып, Тәжікстанды үйлестіруші орталыққа айналдырды. Қытай Шыңжаң өлкесімен шектесетін Ауғанстан, Пәкістан, Тәжікстан елдерінен төнетін терроризм қаупіне бұрыннан алаңдайды.

Тәжікстан ресми түрде жоққа шығарғанымен, тәжік-ауған шекарасында Қытай қауіпсіздік күштерінің әскери базасы бар. Пекин совет заманынан қалған ескі шекара заставаларын жөндеп, тәжік-ауған шекарасында жаңа бекеттер салып жатыр.

2021 жылы қазанда Душанбе Таулы Бадахшан автономиялы аймағындағы арнайы бөлімге арналған жаңа нысандарды Қытай қаржыландыратынын мәлімдеді.

Қарашадағы келісімге сәйкес, қытай мен тәжік күштері терроризмге қарсы бөлімдердің үйлестіруі мен тактикалық қабілетін жақсарту үшін екі жыл сайын әскери жаттығулар өткізеді. Жарияланған мәтінде жаттығудың уақыты, орны мен масштабы құпия сақталатыны айтылған.

"Қытай ірі банк, ал Ресей Еуразиядағы үлкен зеңбірек деген секілді еңбек бөлінісі баяғыда ескірген" деді Уилсон орталығы Киссинджер институтының қызметкері Брэдли Жардин Азаттыққа.

Пекиннің аймақтағы қауіпсіздікке ықпалы кеңейіп жатқанымен, оның масштабы шектеулі және ол Ресейдің Орталық Азиядағы қауіпсіздік саласындағы мүдделерімен тоғысып жатыр.

"Ресейге қарағанда, Қытай жаттығуларының масштабы аздау. Олар таудағы террористер лагеріне немесе Шыңжаң қаласын атқылап жатқан исламистерге шабуыл жасау деген секілді сценариймен өрбиді" деді Жардин. "[Бұл] Қытайдың аймақтағы саясатының қаншалық ішкі нарыққа бағытталғанын көрсетеді".

ПЕКИН МҮДДЕСІ

Мәскеу сенімнен айырылғанын ойлаған соң, Қытайдың Орталық Азиядағы саяси, экономикалық және әскери ықпалын арттыруға жақсы мүмкіндік бар. Бірақ Пекиннің жетістігін Мәскеудің арқасында болды деуге келмейді.

"Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселесіне келгенде Ресей мен Қытайдың бәсекелестігіне бөлінетін назар асыра сілтенген деп ойлаймын" деді Омаров.

Пекин мен Мәскеу ақпанда "шексіз әріптестік" туралы айтты. Бұл байланыс соғыс кезінде сынға түсіп, Батысқа алауыздықтың арқасында сақталып қалғандай.

Қытай лидері Си Цзиньпин (оң жақта) мен Ресей президенті Влдаимир Путин (сол жақта) Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті кезінде. Самарқан, Өзбекстан, 15 қыркүйек 2022 жыл.
Қытай лидері Си Цзиньпин (оң жақта) мен Ресей президенті Влдаимир Путин (сол жақта) Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті кезінде. Самарқан, Өзбекстан, 15 қыркүйек 2022 жыл.

"Ресей Қытайдың [Орталық Азияның] қауіпсіздік саласындағы ықпалының кеңейгенін қабылдай алады және Кремль көп жағдайда мұны өзі бақылай алмайтын процесс екенін біледі" деді Омаров.

Украинадағы соғыс Орталық Азияға көптеген елмен әріптестік орнату мүмкіндігін кеңейтті, бірақ Мәскеудің Украинаға басқыншылығы Пекиннің Орталық Азия мен Ресейге қатысты ойын өзгерткен жоқ дейді Лондон Король институтының және Сингапурдегі халықаралық зерттеулер мектебінің бас ғылыми қызметкері Рафаэлло Пантуччи.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) елге сапармен келген Қытай басшысы Си Цзиньпинді әуежайда қарсы алып тұр. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 15 қыркүйек 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) елге сапармен келген Қытай басшысы Си Цзиньпинді әуежайда қарсы алып тұр. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 15 қыркүйек 2022 жыл.

"Бұл маңызды өзгерістер жылы болды, бірақ Қытай тұрғысынан алғанда айтарлықтай өзгерген жоқ, – деді ол Азаттыққа. – Тәжік-ауған шекарасы ол үнемі алаңдайтын мәселе болды және олар оны өздері шешкісі келеді".

Биыл аймақта бірқатар оқиға болды: Қазақстанда Қаңтар оқиғасы, Қырғызстан мен Тәжікстан қақтығысы, Қарақалпақстандағы наразылықтар. Аймақ үшін ауыр өткен осы жылда Пекин жергілікті билік органдарына көмек ұсынғанымен, дағдарыс кезінде бойын аулақ ұстады.

Пантуччи Қытайдың тұрақсыздыққа алаңдағанымен, аймақтағы проблемалардың төрешісі болуды қаламайтынын айтады.

"Жергілікті проблемаларға араласқысы келмейді, бойын аулақ ұстап, биікке шыққанымен істес болуды қалайды. Оның ішіне кіріп несі бар?" дейді сарапшы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG