Accessibility links

Бірнеше ұйым Тоқаевқа хат жазып, қарақалпақ белсенділеріне босқын мәртебесін сұрады


Қазақстанда ұсталған қарақалпақ белсендісі Тілеубике Юлдашева.
Қазақстанда ұсталған қарақалпақ белсендісі Тілеубике Юлдашева.

Қазақстандағы бірнеше этномәдени ұйым президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, елде қамалған қарақалпақ белсенділеріне араша түсті. Хат авторлары белсенділердің негізсіз қамауда отырғанын алға тартып, оларға босқын мәртебесін беруді сұрады.

Бұған дейін елде қарақалпақтың бес белсендісі Қошқарбай Төремұратов, Жангелді Жақсымбетов, Раиса Құдайбергенова, Зиуар Мирманбетова және Тілеубике Юлдашева ұсталған болатын. Құқық қорғушылардың айтуынша, шілде айының басындағы Қарақалпақстан оқиғасынан кейін "бұл азаматтардың басым бөлігінен өзбек билігі "конституциялық құрылысқа нұқсан келтірмек болды" деп күдіктеніп отыр". Жақтастары олардың оқиғаға қатысы жоғын алға тартып, азаматтық белсенділерді Ташкентке бермеуді сұрайды.

9 желтоқсанда жарияланған хатта олардың негізсіз қамауда отырғаны, Өзбекстан билігінің оларды дәлелсіз айыптап отырғаны жазылған.

"Мәселен, ұсталған қарақалпақтың бес белсендісінің бірі – 55 жастағы, жұмыс істейтін дәрігер-кардиолог Райса Құдайбергенова. 2022 жылдың 2 шілдесінде болған Нүкістегі наразылықтар кезінде оған Қарақалпақстан аумағында жүріп, мас күйінде YouTube-ке Өзбекстанның мемлекеттік құрылымын конституциялық сипаттан тыс жолмен өзгертуге шақырған материалдарды жариялады деген айып тағылып отыр. Бұл айыптауларды 2 шілдеде Алматы облысындағы медициналық емханада Құдайбергенованың өзі қабылдаған пациенттері, сонымен қатар оның жұмыстағы көптеген әріптестері жоққа шығара алады. Сондай-ақ, ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2022 жылдың мамырынан бастап Райса Құдайбергенова шекараны кесіп өтпегенін және Қазақстан аумағынан шықпағанына көз жеткізе алады" деп жазылған хатта.

Хат авторларының айтуынша, белсенділер қазір 12 айға қамауға алынған.

Белсенді Ақылбек Мұратовтың айтуынша, экстрадиция мәселесі бойынша тәжірибесі бар қазақстандық адвокаттар шетелге экстрадициялауға дайындалатын азаматтарды қамау әдетте 12 айға созылатынын айтқан.

"Тәжірибе бойынша олар 12 ай толық отырады дейді. Негізі Өзбекстан тағып отырған айыптарды тексеру оңай. Мысалы, құжатта Қошқарбай Төремұратовты 2020 жылы Қарақалпақстанда отырып, видео жариялады деген айып бар. Ол кез пандемия қатты ушығып тұрғандықтан шекаралар жабылып, ешкім елден кетіп, шыға алмаған кез. Төремұратовтың ол кезде Қазақстанда болғанын тексеру өте оңай. Бірақ Қазақстан құқық қорғау органдары неге мұны тексермей отыр? Неге адамдар жазықтан-жазықсыз 12 ай қамауда отыруы тиіс? Бізге айтылған ақпарат бойынша, Қазақстан ІІМ, прокуратурасы белсенділердің ісін тергемейді, тек Ташкенттен келген экстрадиция бойынша сұрауларды қарап, шешім қабылдайды" деді Ақылбек Мұратов.

Оның айтуынша, бес белсендінің де Қазақстанда пана іздеуші мәртебесі бар. Оларды билік қарап, шешім шығармайынша белсенділер Ташкентке берілмейді.

Хатқа бес этномәдени бірлестік қол қойған. Аталған бірлестік өкілдері Азаттық тілшісіне хатқа қол қойғандарын растады.

Хат авторлары президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан "қарақалпақ диаспорасының қамауға алынған белсенділеріне босқын мәртебесін беруді, тағылған айыптарды зерттеп, тым болмағанда оларды үйқамаққа босатуды" сұраған. Олар хат президент әкімшілігіне жіберілмейтінін, оны ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы тарату жеткілікті екенін айтты.

Хатты президент әкімшілігі өкілдерінің көргені-көрмегені әзірге белгісіз. Азаттық тілшісі Ақорданың баспасөз хатшысы Руслан Желдібайға жазбаша сауалдар жіберген. Әзірге жауап бермеді.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан арасында азаматтарды экстрадициялау бойынша келісім бар, алайда Қазақстан қол қойған халықаралық конвенциялар бойынша өз елінде қауіп төнген, әділетсіз сотталуы мүмкін елге азаматтарды экстрадициялауға тыйым салынған.

Осыған дейін Қазақстанда қарақалпақ белсенділерінің ұсталуына алаңдаған халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстанды қарақалпақ белсенділерін Өзбекстанға бермеуге үндеген. Ұйым Қазақстан билігіне халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерін еске салып, халықаралық құқыққа сәйкес кез келген адамды елінде қауіп күтіп тұрса, күшпен қайтаруға болмайтынын атап өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG