Accessibility links

Бельгияда Еуропарламент жетекшісінің орынбасары жемқорлық күдігімен ұсталды


Еуропарламент жетекшісінің орынбасары Ева Кайли
Еуропарламент жетекшісінің орынбасары Ева Кайли

Бельгия полициясы тінтулерден кейін Еуропарламент басшылығына жақын кемінде төрт адамды ұстады. Олар әлем чемпионатының Катарда өтуіне байланысты Доханың мүддесін қорғады және пара алды деген күдікке ілінген. Тінту нәтижесінде полиция шамамен 600 мың еуро қағаз ақша тәркілеген, деп жазды Politico.

Бельгия прокуратурасы ұсталғандардың аты-жөнін жарияламады, алайда Le Soir басылымы дереккөздерге сүйене отырып, күдіктілердің арасында Еуропарламент жетекшісінің орынбасары, PASOK грек социалистік партиясының мүшесі Ева Кайли бар екенін жазды. Грек ақпарат құралдары PASOK'тың Кайлиді жемқорлық күдігіне байланысты партия құрамынан да шығарғанын хабарлады.

Бұған дейін Катар еңбек министрімен кездесу кезінде Ева Кайли Катардағы олимпиада нысандарын салу кезінде жұмысшылар құқығының бұзылғаны жайлы көптеген шағымдарға қарамастан Катарды "еңбекшілердің құқығын қорғайтын озық ел" деп атаған.

Тағы бір бельгиялық басылым Knack федералдық прокуратура Еуропарламенттегі "жемқорлықты" шілдеден бері тергеп келе жатқанын жазды. Прокуратура өкілі Эрик ван Дуйстың айтуынша, ведомство Парсы шығанағындағы елдердің бірінен пара беру арқылы Еуропарламенттің экономикалық және саяси шешімдеріне ықпал етуге тырысты деп күдіктеніп отыр.

Ақпарат құралдарының жазуынша, ұсталғандар арасында халықаралық кәсіподақ конфедерациясының бас хатшысы Лука Висентини және Еуропарламенттің бұрынғы депутаты Пьер Антонио Панцери бар.

Сарапшылардың пікірінше, адам құқығына қатысты жиі сыналатын Катар билігі үшін елдің беделін жақсарту маңызды. Еуропа шенеуніктері Украинадағы басқыншылыққа байланысты Ресеймен газ мәселесі бойынша "тартысып жатқан" шақта әлемдегі негізгі газ өндірушілерінің бірі Катармен жақсы қарым-қатынасты сақтап қалуға мүдделі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG