Оқ-дәрісі азая бастаған Ресей 40 жыл бұрынғы снарядтарын пайдалана бастаған. Бұл жөнде Reuters ақпарат агенттігі Пентагондағы ақпарат көзіне сүйеніп жазды.
Reuters сөйлескен жоғары лауазымды шенеуніктің сөзінше, Ресей әскеріне ескі арсеналдарын жібере бастаған, оның ішінде ондаған жыл бұрын шыққан, қолданудың өзі қауіпті оқ-дәрілер бар.
"Мұндай снарядпен оқтаған кезде зеңбірек оны ата ма, атпай ма, әлде жарылып кете ме ойланасыз",- дейді ол.
Кейінгі айларда АҚШ барлау қызметі әскери-өнеркәсіп кешенінің әлсіздігіне байланысты Ресей толыққанды соғыс жүргізуге шамасы жетпей, Солтүстік Кореядан көмек сұрағаны жайлы ақпарат тарата бастаған.
Түрлі мәліметтерге қарағанда, кейінгі кездері Ресей жоғары дәлдікпен ататын қару пайдалануды күрт азайтқан, өйткені оған қажетті оқ-дәріні санкцияға байланысты өндірістік жолға қою қиындаған. Бірақ мәселе жоғары дәлдіктегі қарулармен ғана шектелмейді. Reuters жазуына қарағанда, Пентагон қазіргі қарқынмен ататын болса, Ресей жаңа оқ-дәрісін 2023 жылдың бас кезінде тауысуы мүмкін деп есептеп отыр.
Америка мен Британияның ресми тұлғаларының мәліметтеріне қарағанда, Ресей Ираннан соғыс дрондарынан өзге жүздеген баллистикалық қару сатып алуды да көздейді.
ПІКІРЛЕР