16 желтоқсанда Ресей Украинаға қарай Каспий теңізінен және Қара теңізден 76 зымыран атып, украин әскері оның 60-ын жойған. Бұл туралы Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужный айтты.
Соғыс уақытында мұндай мәлімдемелерді тәуелсіз дереккөздерден тексеру мүмкін емес.
Бүгін, 16 желтоқсанда Ресей тағы да Украинаның электр энергиясы инфрақұрылымын жаппай зымыранмен атқылады. Салдарынан Украинаның басым бөлігі жарықсыз қалды, соның ішінде Харьков, Полтава, Кременчуг қалалары толық жарықсыз отыр. Елдің барлық аймағында әуе дабылы қағылды.
Киевке де ракета түсіп, сумен қамтамасыз ететін орталықта ақау болғаны хабарланды. Қалада метро тоқтап, тұрғындар станцияларды бас сауғалайтын орын ретінде пайдаланды.
Кривой Рог қаласында ракета тұрғын үйге түсіп, екі адам қаза тапқаны айтылды. Ресей бұл жолғы шабуылға қатысты ештеңе айтқан жоқ.
Кейінгі кезде Ресей Украинаның жылу және жарықпен қамтамасыз ететін инфрақұрылымын зымыранмен шабуылдауды жиілетті. Ресей бұдан бұрын 5 желтоқсанда осындай соққы жасаған. 11 желтоқсанда Одессаға дрон шабуылын ұйымдастырды.
ПІКІРЛЕР