Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықтарды сақтау жөніндегі халықаралық бюро қытайлық инвесторларға тиесілі "КМК-Мұнай" компаниясындағы кәсіподақ лидері Ержан Еламановты "қуғындағы тұлға" деп атап, сотта оның құқын қорғауға дайын екенін хабарлады. Бұл туралы бүгін 19 желтоқсанда Ақтөбеде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Халықаралық бюроның мәліметінше, "КМК-Мұнай" компаниясы тәуелсіз кәсіподақ төрағасы Ержан Еламановтың үстінен сотқа "ар-ұжданымызға нұқсан келтірді", "ереуіл ұйымдастырып, кәсіпорынға 204 млн теңге шығын келтірді" деп екі шағым түсірген. Бұдан бұрын 2022 жылы 2 қыркүйекте мұнай операторы Ержанов жұмыстан қуылған.
- Еламан Ержановты кәсіпорын өзге мұнайшыларға сабақ болу үшін жұмыстан қуған. Басқа жұмысшылар Еламанов сияқты жұмыс берушіге қарсы шығып, ереуіл ұйымдастырмасын, жалақы көбейтуді талап етпесін деп шығарып жіберген, - дейді Қазақстандағы адам құқықтары мен заңдылықтарды сақтау жөніндегі халықаралық бюроның Ақтөбе филиалы жетекшісі Ирина Гольцварт.
Мұнайшылар кәсіподағының жетекшісі Ержан Еламанов "КМК-Мұнай" ұжымдағы тәуелсіз ұйымды жауып тастауға мүдделі екенін айтады. Еламановтың сөзінше, жұмыс беруші қысымымен кейінгі үш айда кәсіподақ ұйымынан 50 мұнайшы шығып кеткен.
Ереуілдерден соң "КМК-Мұнайдың" жұмысшылары құрған тәуелсіз кәсіподаққа басында 136 адам мүше болған. Яғни, ұжымдағы еңбеккерлердің 44 пайызы Ержан Еламановқа сенім артқан. Еламановтың сөзінше, жалақы көбейту туралы кәсіподақ талабын олар бірауыздан қолдаған. Бірақ компанияның инженерлік-техникалық, әкімшілік құрамы (жалпы саны 168 адам) жұмысшыларға қосылмаған. Олар кәсіпорында бұрыннан бар өзге кәсіподақтың құрамында.
Екі кәсіподағы бар "КМК-Мұнай" Көкжиде кенішіндегі жұмысшыларының биыл қыркүйек айында ереуіл шықпақ болғанын растап отыр.
"Дау шешілді. Жұмыс беруші мен мұнайшылар келісімге келді" деп хабарлады қытайлық инвестор Азаттыққа жазбаша жолдаған жауабында.
Бірақ "КМК-Мұнай" компаниясы мұнайшылар кәсіподағы төрағасы Ержан Еламановтың жұмыстан қуылуын ереуілмен де, оның белсенділігімен де байланыстырмайды.
"Еңбек келісім-шартын жасаған жылы Ержан Еламанов жалған куәлік тапсырған. Осы себепті жұмыстан босатылды" делінген Азаттыққа "КМК-Мұнай" жолдаған хатта.
Жұмыс беруші тарап Ержан Еламановтың үстінен Ақтөбе облыстық полиция департаментіне шағымданған. Қазір бұл істің мән-жайын құзырлы органдар тексеріп жатыр.
Жұмыссыз қалған Еламанов "Мен басшылар үшін өте қолайсыз адам болдым. Жұмыстан қуудың бар амал-айласын істеп бақты. Ақыр соңында 2014 жылы бір айлық курс оқып алған куәлігімді жалған деп шығарып отыр. Мұнысы жала! Жұмыссыздық жайлаған Кеңқияқта мұнай мекемелеріне кіру оңай емес. 2015 жылы осы компанияға кірерде әңгімелесуден өттім. Оған кәсіпорындағы "стажировканы", қайта дайындау курстарын, жыл сайынғы біліктілік көтеру курстарын қосыңыз. Сегіз жылда мен бесінші разрядты оператор болып шықтым" дейді ол.
Қытайлық инвесторларға тиесілі "КМК-Мұнай" компаниясының шығымын сот 2023 жылы 10 қаңтарда қарай бастайды.
2004 жылы құрылған "КМК-Мұнай" компаниясы қазір Ақтөбе облысындағы Көкжиде, Құмсай және Мортық кеніштерін иегеріп жатыр. 200-ден астам адам еңбек ететін бұл компанияға Панамада тіркелген Yukon Energy Holding S.A. компаниясы мен Қытайдың "CNPC" деп аталатын ірі мемлекеттік корпорациясының еншілес кәсіпорны – "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" акционерлік қоғамы тең иелік етеді.
Жалақы мәселесі көп көтерілетін Көкжиде кеніші Ақтөбе облысының Темір және Мұғалжар аудандарының шектескен тұсында, Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаштан – 90 шақырым, облыс орталығы Ақтөбеден 230 шақырым жерде орналасқан.