Accessibility links

Түркістан белсендісі Мұхаммедов желідегі жазбасы үшін бес тәулікке қамалды


Белсенді Нұржан Мұхаммедов
Белсенді Нұржан Мұхаммедов

Түркістан облысы Ордабасы аудандық соты белсенді Нұржан Мұхаммедовті бес тәулікке қамады. Судья оны Әкімшілік кодекстің 669-бабы ("Сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін және атқарушылық құжаттарды орындамау") бойынша кінәлі деп тапты.

Нұржан Мұхаммедов 2 желтоқсанда Facebook желісінде білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың атына ашық хат жариялаған. Онда белсенді елдегі оқу орындарына ұлттық идеологияны дәріптейтін арнайы пән енгізуді ұсынады. Артынша осы ұсыныспен петиция жариялап, сілтемесін салған. 6 желтоқсанда Ұлыбританияның Үндістандағы геноциді туралы ескі жазбасын қайта бөліскен. 9 желтоқсанда Феруза Сапар деген белсендінің жазбасын бөлісіп, "Полиция заңды қызметін ұмытып, арандатушыға айналған ба?" деп жазған.

Айыптау тарабының пікірінше, белсенді осы жазбалары арқылы үш жылға дейін қоғамдық-саяси қызметпен айналыспау туралы сот талабын бұзған.

Белсендінің адвокаты Әмірәлі Тұрдалыұлы қорғауындағы азаматтың жазбаларынан саяси сипат көрмейді.

– Мұхаммедов әлеуметтік желіге жариялаған жазбаларын жоққа шығарып отырған жоқ. Бірақ бұл жазбаларды саяси пікірге жатқызуға бола ма? Мәселе – осында. Соттан жазбаларды сараптамаға жіберуді сұрадым. Судья кеңесу бөлмесіне кетіп, бір сағаттан кейін оралды. Бірақ өтінішімді қанағаттандырған жоқ. Сараптамасыз жазбада саяси пікір бар-жоғын қалай анықтауға болады? – дейді адвокат.

Белсенді Азаттық тілшісіне жолдаған видеосында өзіне тағылған айып жайлы "Ата-бабамыз рухты болып, ұлан-ғайыр жерді бізге аманат етіп кетті. "Сол аманатымыз бен ұлттық құндылықтарымызды мектепте оқытайық" деп министрге хат жолдағанмын. Соған бола тағы да бес тәулікке қамап отыр" дейді.

2021 жылы 15 маусымда Шымкент қаласы Қаратау аудандық соты Нұржан Мұхаммедовті "экстремистік деп танылған ҚДТ және "Көше партиясы" ұйымының қызметіне қатысты", "жария түрде билік өкілін қорлады" деген айыппен екі жылға бостандығын шектеу жазасына кескен. Белсендіге үш жылға дейін саяси тақырыптарға пікір білдіруге тыйым салынған.

17 қарашада Нұржан Мұхамедов Әкімшілік кодекстің осы "Сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін және атқарушылық құжаттарды орындамау" бабы бес тәулікке қамалған. Ол сот шешіміне қарсылық білдіріп, қамаудан шыққанша аштық жариялаған еді.

Қазақстан соты шетелдегі экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып қызметіне тыйым салған. Кейін "Көше партиясын" да ҚДТ-ға қатысы бар деп бұл ұйымға да шектеу қойған. Қазақстан билігі екі қозғалыстың жақтастарын қамап, бас бостандығын шектеп қудалайды. Еуропарламент бұл ұйымдарды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атайды.

  • 16x9 Image

    Динара ТІЛЕУБЕК

    Динара Тілеубек Азаттыққа 2019 жылдан бері жазады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тәмамдаған. Бұрын республикалық басылымдар мен телеарналарда жұмыс істеген. Автормен оның Facebook парақшасында пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG