Accessibility links

Семей тұрғыны Қаңтарда "полицей көлігін өртеді" деген айыппен үш жарым жылға сотталды 


Поилцейлер Руфат Хамидуллинді сот залынан әкетіп барады.
Поилцейлер Руфат Хамидуллинді сот залынан әкетіп барады.

Семейдің қылмыстық істер жөніндегі №2 соты жергілікті тұрғын Руфат Хамидуллинді Қаңтар оқиғасы кезінде екі полицей көлігін өртеді деп үш жыл жарым жылға соттады. Сот үкіміне сай, Хамидуллин жазасын ерекше режимдегі колонияда өтеуі тиіс. Үкіммен келіспеген айыпталушы жақ аппеляциялық шағым түсірмек.

Сот Хамидуллинді Қылмыстық кодекстің 272 бабының 2-тармағы ("Жаппай тәртіпсіздікке қатысу") бойынша айыпты деп таныған.

"Хамидуллиннің кінәсі куәгерлер сөзімен дәлелденді. Сот куәгерлердің куәлігін жоққа шығара алмады. Сіз өзіңіз де білесіз, бұған дейін сотты болғансыз, шығуға болмайды" деді судья Ербол Әділбеков.

Бұған қоса сот Руфат Хамидуллиннен төрт миллион теңгеден асатын шығынды өтеуге міндеттеді. Хамидуллин соңғы сөзінде өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын айтқан.

- Айыптың барлығы өздері тергеліп жатқан азаматтардың куәлігіне негізделген. Ешқандай дәлел жоқ. Мен 18 жастан көлік жүргізем, тәжірибелі жүргізушімін. Көлікті өртеуге қолым бармайды. Мен оны істеген жоқпын, өртемедім де, ол кезде онда болмадым да. Керісінше мен алаңнан кетіп жатқанда маған жолдастарым хабарласты, мен оларға "үйлеріңе қайтыңдар. Не болып жатқанын көріп тұрсыңдар ғой" деген едім, - деді ол сотта.

Адвокат Ляйля Шайхутдинова үкімге шағым түсіретіндерін айтты.

- Біз аппеляциялық шағым түсіреміз, Жоғарғы сотпен қатар заңсыз айыпты қолдағаны үшін Бас прокуратураға да шағымданамыз. Соңына дейін жазамыз. Өйткені мұндай ешқандай қылмыс жоқ. Оның көлікті өртеп жатқанын дәлелдейтін не фото, не видео жоқ. Куәлік еткен үш куәгер де осы сотта сотталған еді. Ол үшеу тергеумен келісімге келіп жатқандықтан, жалған ақпарат беріп жатыр. Олардың алғашқы куәлігінде Хамидуллинге қарсы ештеңе жоқ еді. Ал ақпанда куәлігін өзгерткен. Сондықтан бұл үкім заңсыз, - дейді адвокат.

Бұған дейін Хамидуллинге қарсы куәлік еткен тағы бір куә өзінің "қысым көргенін, сондықтан қарсы куәлік етуге мәжбүр болғанын" айтып, куәлігінен бас тартқан еді.

Құқық қорғаушылардың хабарлауынша, былтыр 14 қаңтарда өткен жауап алу кезінде тергеу тарабы Руфат Хамидуллиннің көлікті өртеп жатқанын дәлелдейтін видео барын айтқан. Алайда сотта бірде-бір видео көрсетілмеген. Тек Руфат Хамидуллиннің әкімдік ғимаратының жанында тұрғаны бейнелеген бір ғана сурет көрсетілген.

6 қыркүйектен бері үйқамақта болған Хамидуллин сот залынан қамауға алынған еді. Ол аппеляциялық шағым қаралып, сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін Өскеменнің тергеу изоляторында болады.

Сот жаза мерзімінен ол изоляторда өткізген уақытты, 14 қаңтар мен 6 қыркүйек аралығындағы күндерді алып тастауды ұйғарды. Нәтижесінде үш жыл алты ай мерзімі шамамен тоғыз айға қысқаруы тиіс.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG