Accessibility links

Полиция өз-өзін өртемек болған қарағандылыққа ішкі істер министрімен кездесуге мұрша бермеген


"ЖанДос" мүгедектер қоғамының төрағасы Дәурен Әминов. Қарағанды, 12 желтоқсан 2022 жыл
"ЖанДос" мүгедектер қоғамының төрағасы Дәурен Әминов. Қарағанды, 12 желтоқсан 2022 жыл

28 желтоқсанда Теміртауда Қазақстан ішкі істер министрінің Қарағанды облысы тұрғындарымен кездесуіне барған мүгедектер қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары, қарағандылық Дәурен Әминовты полиция тоқтатқан. Әминов министрмен кездесуде "ЖанДос" мүгедектер қоғамының мәселесін көтермек болған. Сөзінше, "ЖанДос" қоғамының мүшелері тендер бойынша Қарағанды қаласындағы полиция бөлімшелерінің аумағын абаттандыру жұмысын атқарған, бірақ толық еңбек ақысын ала алмаған. Әминов бұған дейін осы себепті Қарағанды полициясы алдында наразылық білдіріп, өзін өзі өртемек болған.

– Көлігіммен келіп тоқтап, түсе бергенім сол еді, полиция қызметкерлері жетіп келіп, мені іздеп жүргенін айтып, бізге ілесіңіз деді. Сосын тағы бірнеше полиция көлігі келді. Полиция мен арнайы жасақ қызметкерлері мінген бірнеше полиция көлігі бірге жүріп отырды, сөйтіп мені кездесу болатын жерден кетуге және Қарағандыға қайтуға мәжбүр етті, – деді Дәурен Әминов Азаттыққа. Ол өзі көтермек болған ақпарат көпшілікке тарап кетеді деп "қорыққан" билік осындай амалға барды деп топшылайды.

Ішкі істер министрінің Теміртаудағы есеп беру жиыны 28 желтоқсанда таңертеңгі сағат 10-ға жоспарланған. Әминовты кездесуге 15 минут қалғанда тоқтатып, Қарағандыға қайтуға мәжбүр еткен.

Әминов Азаттыққа жолдаған видеода өзін рота командирімін деп таныстырған полиция аға лейтенанты "сізге байланысты хабар түсті, соны көрсетуіміз керек" дейді. Видеода полиция көлігі және телефонмен сөйлесіп тұрған тағы бір полиция қызметкері көрінеді.

Қарағандыға қайтар жолда Әминов соңынан ілесіп келе жатқан полиция көлігін де түсіріп алған. Олар Қарағанды қаласына дейін бірге келіп, оны полиция департаментіне жеткізгеннен кейін Әминовпен байланыс үзіліп қалды.

Азаттық Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласып, Әминовтің полицияға қандай себеппен жеткізілгенін сұрады, ондағылар жауап бермеді.

12 желтоқсанда Қарағанды облысы полиция департаменті алдында 54 жастағы Дәурен Әминов өзін өртемек болған. Ол ғимаратқа жақын жерге "Полковник Байженов, мүгедектердің ақшасын қайтар" деген жазуы бар плакат іліп қойған. Осылайша полиция департаменті нысандарын абаттандырып, толық ақысын ала алмаған "ЖанДос" мүгедектер қоғамдық бірлестігінің талаптарын меңзеген. Полиция Дәурен Әминовті ұстап, сол күні сот оны 15 күнге қамады. Апелляция соты ол шешімді күшінде қалдырып, 27 желтоқсанда Дәурен Әминов әкімшілік жазасын өтеп шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG