Ресей күштері басып кіргелі бері Украинада жеті мыңға жуық бейбіт адам қаза тапқан. Жараланғандар саны 11 мыңға жетіп қалды. Бұл туралы БҰҰ адам құқығы жөніндегі есебінде айтылған.
Желтоқсан айында бақылаушылар бейбіт халық арасында кемінде 165 адамның қазасын тіркеген, 500 украин азаматы жараланған.
Соғыс болып жатқан аймақтардан хабар кешігіп жететіндіктен, қаза тапқандар бұдан әлдеқайда көп болуы әбден мүмкін делінген БҰҰ есебінде. Құжатта Украинаның Мариуполь, Изюм, Лисичанск, Попасная және Северодонецк аймақтарында қаза болғандар туралы айтылады.
Марқұмдардың көпшілігі артиллерия қаруы оғынан, әуе шабуылы мен зымыран соққысынан мерт болғандар.
Ресей билігі өз әскері азаматтық нысандарды емес, Украинаның соғыс мақсатында пайдалануы мүмкін деген нысандарға ғана шабуыл жасап жатыр дейді. Украина болса Ресей күштерінің шабуылынан бейбіт адамдардың қаза тауып, жараланғаны және тұрғын үйлер, азаматтық нысандар мен инфрақұрылымдардың бүлініп-қирағанына көптеген айғақ-дәлел келтіреді.
ПІКІРЛЕР