Accessibility links

Кім оқ атты? Бұйрық берген кім? Сот пен тергеу қалай өтті? Қаңтардың басты сұрақтарына әлі жауап жоқ


Наразылық шеруіне шыққандардың жолын бөгеп, арнайы құралдар қолданып жатқан полиция жасағы. Алматы, 5 қаңтар 2022 жыл
Наразылық шеруіне шыққандардың жолын бөгеп, арнайы құралдар қолданып жатқан полиция жасағы. Алматы, 5 қаңтар 2022 жыл

Бір жылға созылған сот тергеулерінен кейін де Қаңтардың негізгі сұрақтары жауапсыз қалды дейді сарапшылар: жүздеген адамның өліміне байланысты қозғалған істердің басым бөлігі тоқтатылған. Азаптау жайлы шағымдардың көбі жабылған. "Қаза болған жақындарымызды жалаң айыптап, қаралады" деп ашынған халық көп. Ресми Астана жұрт үміттенген халықаралық тергеуден бас тартты. Сарапшылар тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі қантөгіс Желтоқсан мен Жаңаөзен оқиғаларының кебін киді, әділетті баға беру болашақтың еншісінде дейді.

"ҚҰПИЯ" ІС

20 жастағы Думан Қанатбек – Қаңтарда Алматыда мерт болған 139 адамның бірі. 2021 жылы күзде міндетті әскери борышын өтеп келіп, транспорт колледжіндегі оқуын жалғастырмақ болған жас жігіт былтыр 5 қаңтарда қаладағы Жетісу аудандық полиция басқармасы алдында оққа ұшқан.

Думанды үш айлық кезінде туыстарынан асырап алған Әкімбек Қалыбеков ұлының өліміне байланысты "Билік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша іс қозғалғанын да, қараша айында оның тоқтатылғанын да жақында ғана білген. Біле сала заңгерлердің көмегімен тергеу сотына шағымданып, "істің не себепті жасырын тоқтатылғанын" сұрап, оны қайта жүргізуді талап еткен. Бірақ сот "прокуратура әрекетінен заңсыздық таппаған". 28 желтоқсанда апелляция соты бірінші инстанция сотының шешімін күшінде қалдырды. Істің "құпия" деген статусы бар. Алайда заңгерлер бұл да тергеушілердің әрекетін ақтай алмайды дейді.

"Тергеушілер Әкімбек Қалыбековтің барлық процессуалдық құқықтарын өрескел бұзған. Бұл кісіге 362-бап бойынша қозғалған іс туралы айтпаған. Таныстырмаған. Тиісті құжаттарын бермеген. Тергеу хаттамасы қайда? Сараптама қайда? Кім атты? Не үшін атты? Соны тексеріп-анықтамастан "жаппай тәртіпсіздікті" тергеп кеткен. Бұл – заңсыздық. Конституцияның бірінші бабында "мемлекеттің басты қазынасы – адам өмірі" деп жазылған. Ал бұл жағдайда мемлекеттің басты қазынасы адам өмірі болмай тұр" дейді Халықаралық құқықтық бастама заңгері Қызғалдақ Байжанова.

Әкімбек Қалыбеков ұлы Думан Қанатбектің әскерде жүрген кездегі суретін көрсетіп тұр. Алматы, 29 желтоқсан 2022 жыл
Әкімбек Қалыбеков ұлы Думан Қанатбектің әскерде жүрген кездегі суретін көрсетіп тұр. Алматы, 29 желтоқсан 2022 жыл

Тергеу органдарының қаулысында іс "қылмыс құрамы болмағандықтан" тоқтатылғаны жазылған.

Думан Қанатбектің өліміне байланысты қозғалған іс тоқтағанмен есесіне оның өзін ауыр қылмыстар жасады деп айыптайтын тергеу аяқталып, қазір Алматының Бостандық аудандық сотында жатыр. Қоғам арасында "25-тің ісі" аталып кеткен істе марқұм үш бап бойынша ("жаппай тәртіпсіздік", "ұрлық", "бұзақылық") айыпкер деп танылған. Әкімбек Қалыбеков ұлының прокурор айтқан "қылмыстарды жасағанына" сенбейді және айыптаумен келіспей, құжаттарға қол қоюдан бас тартқан. Ізінше істен шеттетілген. Ол 23 желтоқсанда басталған сотқа шақырылмаған.

"Прокурор берген құжаттардың ешқайсысына қол қойған жоқпын. Себебі, балама тағылған айыптармен келіспеймін. Балапанымды қылмыскер қылып өсірген жоқпын. Оқу орны, әскер – кімнен сұрасаңыз да, оған жақсы мінездеме береді. Тергеушілердің қолында айғақ жоқ. Олар айыптау актісін Қаңтарда құдды бес баланың (тәртіпсіздік бойынша айыпталған бес адам, арасында Думан да бар – ред.) жанында болғандай жазған" дейді Әкімбек Қалыбеков.

Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған 20 жастағы Думан Қанатбектің әкесі Әкімбек Қалыбеков. Алматы, 29 желтоқсан 2022 жыл
Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған 20 жастағы Думан Қанатбектің әкесі Әкімбек Қалыбеков. Алматы, 29 желтоқсан 2022 жыл

Азаттық тергеу органдарынан оның істен шеттетілу себебін біле алмады. Сотта Думан Қанатбектің құқығын қорғап жатқан мемлекет тағайындаған адвокат Үзімжан Ашубаева өзін судья тағайындағанын растап, іс бойынша Азаттық сұрақтарына жауап беруден бас тартты.

Айыптау актісінде Думан Қанатбектің 4-5 қаңтар күндері Алматыда "арандатушыларға еріп, жұртты тәртіпсіздікке үндегені", "бұзақылық, ұрлық жасағаны" жазылған. Тергеушілердің жазуынша, оның айыбын қару-жарақ дүкені және дәмханадан алынған видеолар, әлеуметтік желідегі жазбалар дәлелдейді.

СОТ ПЕН ТЕРГЕУ

Елде Әкімбек Қалыбеков сияқты Қаңтар оқиғасы бойынша "тергеу мен соттың әділетсіздігіне" шағым айтып жүргендер көп. Олардың кейбірі бұған дейін жергілікті прокуратура алдында наразылық білдірген. Билікке шағым, хат жазды. Сотқа арыз түсірді. Астанаға сан рет барып, еш нәтижеге қол жеткізе алмағандар да бар. Шағымдарда жиі айтылған жайттар – "Қаңтардағы қылмыстарға қатысы барын дәлелдейтін айғақ жоқтығы", "адам өлімі туралы істердің ашылмай қалуы", "процессуалдық нормалардың сақталмауы". Ашынған ана, жылаған бала, торыққан әке.

Бір жылға созылған сот тергеулерінен кейін де қоғамда Қаңтардың негізгі сұрақтары жауапсыз қалды дейді сарапшылар. Бұл бірінші кезекте, халыққа оқ атуға байланысты сұрақтар: 238 адамды кім және не үшін өлтірді? Басым бөлігі қарусыз болған халықтың қаны төгілгеніне кім жауап береді? Оқ атуға бұйрық берген кім? Орындаған кім? Қару қолдану бойынша тергеу нәтижесі қайда? Қарудың заңды қолданғанына дәлел бар ма? Заңсыз қолданылса, кім жазаға тартылады?

Әзірге бұл сұрақтарға жауап жоқ. Адам ату немесе өлтіру істерінің басым бөлігі тоқтатылған. Негізгі себептері – "қылмыс құрамы жоқ" немесе "кінәлілер табылмаған".

"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті Бақытжан Төреғожинаның сөзіне қарағанда, ең көп қаза тіркелген Алматы қаласында адам өлімі туралы істер не тоқтатылған, не олар жайлы ақпарат жоқ. Шымкент, Тараз бен Қызылордада жағдай одан да мүшкіл. Ол жақта адам өліміне қатысты қозғалған қылмыстық істердің барлығы (Қызылордада бір сарбаздың өлімінен басқасы) тоқтатылған. Атырау мен Ақтөбеде де жағдай сондай. Семейде екі адам азаптаудан қайтыс болған. Туыстары марқұмның өлімі туралы істер бойынша ақпарат ала алмай отыр.

Құқық қорғаушылар адам өлімінің жай-жапсары, азаптау оқиғалары зерттелмей жатып, биліктің "жаппай тәртіпсіздік", "ғимарат басып алу" сияқты істерге басымдық бергеніне назар аударады. Бас прокуратура мәліметінше, Қаңтарда қаза болған кемінде 238 адамның 67-сі жаппай тәртіпсіздік бабы бойынша күдікке ілінген.

Тергеу әділетсіздігіне шағымданған марқұмдар туыстарының арыз-мұңы туралы Азаттық көп жазған.

Қаңтардағы Тараз. Жоқтау мен іздеу (2022 жылдың тамыз айындағы видео)

Қаңтардағы Тараз. Жоқтау мен іздеу
please wait

No media source currently available

0:00 0:25:08 0:00

Бір жыл ішінде адам өлімі бойынша шыққан екі-ақ үкім шықты: Талдықорғандағы малшы Ерназар Қырықбаевтың қазасы мен Қызылордада "әскери қызметкерді көлікпен басып өлтірді" деп айыпталған Қазыбек Құдайбергеновтің ісі бойынша. Айыпты деп танылғандардың бірі – әскери бөлім қызметкері, екіншісі – белсенді.

"Қазақстан бойынша жалпы жағдайға келер болсақ, билік 238 адамды өлтірген кінәлілерді табуға ниет танытпай отыр. Тек адвокаттардың қысымымен бірнеше іс қана сотқа берілді. Бұл мемлекеттің позициясы емес, бұл – адвокаттар еңбегінің жемісі. Ал негізгі бөлігіне келсек, билік азаматтарды атқандарды жай ғана жасырып отыр десек болады" деді құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

Оның айтуынша, құқық қорғаушылар Қаңтар оқиғасы бойынша істерге байланысты ақпарат сұрап, сұрау салғанда билік "тергеу құпиясын" алға тартып жалтарған, кей жағдайда мүлде жауап бермеген.

"238 адамның өлімі бойынша бір жыл ішінде небәрі екі үкімнің шығуы тергеудің баяу жылжып жатқанынан хабар бермей ме?" деген сұраққа сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы "бұл сұрақты тергеу органдарына қою керектігін" айтты.

Оның пікірінше, Қаңтар бойынша сот тергеулеріне баға беруге әзірге ерте. Ол Қаңтар мәселесін бас прокуратура өкілдері алдында да көтерген. Ведомство өкілдері істердің өте күрделі екенін, куәгерлер сөзіндегі қайшылықтарға байланысты істер жиі бұзыла беретінін алға тартқан.

"Бір жыл ішінде барлығы тап-тұйнақтай шешілмейді. Оған әлі уақыт керек. Сол саланы біліп отырғаннан кейін айтып отырмын. Ұзаққа созылуы мүмкін. Кейбір қылмыстық істер үш жылға дейін қарала береді. Сондай процедуралар бар. Өйткені бір адам былай дейді, екінші куәгер былай дейді. Шындыққа жету үшін әрине, уақыт керек" дейді ол.

ҚАҢТАР БОЙЫНША ШАҒЫМ НЕГЕ КӨП?

Қаңтар істері бойынша шағымның көптігі, әсіресе адам өлімі туралы істердің дұрыс тергелмеуі жөнінде сарапшылар түрлі пікір айтады.

Жыл бойы аймақтарды аралап, жәбірленушілер мен айыпталушылардың ісімен танысып шыққан, Қаңтар бойынша құрылған қоғамдық комиссия жетекшісі Рысбек Сәрсенбай Қаңтар оқиғасы әділ тергелсе, "биліктің қылмысы әшкере болады" деп есептейді. Ол "апыл-ғұпыл, шала-шарпы, асығыс-үсігіс тергелген істер" мен "күшпен мойындату, қинау, азаптау әдістерінің" ар жағында биліктің "өз қылмысын жасыру талпынысы жатыр" деп санайды.

"Бұл жерде биліктің жасаған қылмысын ашып айту керек. Бұл – оның бейбіт халыққа оқ атқызғаны, арандатудың алдын алмағаны, қайта оған жол бергені. Соның кесірінен қырғын жасауы... Сол күндері халықпен бірге алаңда болдық, ол арандату болмаса, күш қолданылмаса, халық бейбіт болар еді" дейді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис Қаңтардың әділ тергелмеуінің түп төркінін саяси жүйе, авторитар режиммен байланыстырады. Оның айтуынша, билік бөлінісі шектелген, күштердің тепе-теңдігі сақталмаған авторитар елдерде билік әдетте күш аппаратына сүйенеді.

"Билік күш аппаратына сүйенсе, онда оған аппарат өкілдерін жауапқа тарту қиын, әрине. Бұл – қалай болғанда күш аппараты басқармасындағы өзара байланысты нәрселер. Тәуелсіз соты жоқ, парламентте оппозиция өкілдері отырмаған елде билік әділ тергеуді қалайды және оған шамасы жетеді дегенге сену қиын" дейді Евгений Жовтис.

Жовтис жетекшілік ететін Адам құқығын қорғау бюросы қоғам Қаңтар оқиғасында не болғанын білсін деген ниетпен ҰҚК басшыларының сотын ашық ету жөнінде өтініш білдірген, бірақ оған ешкім құлақ аспаған.

Биліктің өзі "Қаңтар біржақты тергелді, әділ тергеу жүргізілмеді" деген сынмен келіспейді. Бас прокуратура өкілдері Қаңтар бойынша істер жөнінде барынша "ашық" екенін, істердің "әділ тергеліп жатқанын" алға тартады.

Жуырда бас прокуратура арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров Азаттыққа берген сұхбатында бірде-бір әскери қызметкердің үстінен "адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалмағанын растады. "Неге 238 адамның қандай жағдайда, кімнің оғынан қаза болғаны айтылмады?" деген сұраққа бас прокуратура өкілі "...біраз адамның денесінен оқ табылмаған. Денесінен өтіп кеткен. Ішінде қалмаған ғой. Олардың оқ жарақатынан қайтыс болғанын сараптама дәлелдейді..." деп адамдарды нақты кім атқанын анықтау қиын дегенді меңзеді.

Сұхбат: Қаңтарды кім ұйымдастырды? "20 мың бандит" келгені рас па? Бас прокуратура өкілдерінен сұрадық (27 желтоқсан 2022 жыл)

Қаңтарды кім ұйымдастырды? "20 мың бандит" келгені рас па? Бас прокуратура өкілдерінен сұрадық
please wait

No media source currently available

0:00 0:14:54 0:00

Ал құқық қорғаушылар халықаралық құқық бойынша, оқ атқан адамды анықтау қиын болған жағдайда оған бұйрық бергендер жазалануы тиіс дейді.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕРГЕУ ҚАҢТАР ШЫНДЫҒЫН АША АЛА МА?

Кейбір құқық қорғаушылар мен белсенділер Қаңтар оқиғасы бойынша халықаралық тергеуге үміт артады. Бірақ ресми Астана "оқиғаны зерттеуге өзіміздің шамамыз жетеді" деп, халықаралық ұйымдардың Қаңтардың жай-жапсарын шетелдік сарапшыларды қатыстыра отырып зерттеу туралы ұсынысынан бас тартқан. Астананың бұл ойынан айнуы неғайбыл дейді сарапшылар.

Әлем тәжірибесіне сүйенсек, халықаралық тергеу жүргізудің түрлі тәсілі мен тетігі бар. Кейбірінде ресми биліктің келісімі міндетті түрде керек. Кейбірінде халықаралық сарапшылардың қатысуымен тергеу жүргізуге азаматтық қоғамның бастамасы болса жетіп жатыр.

Дегенмен қылмыстық іс материалдары мен құжаттар биліктің қолында болғандықтан, тиімді тергеу жүргізудің шарты – билік келісімінің болуы дейді сарапшылар.

Кезінде Ресейдегі "Болотный ісін" зерттеу бойынша халықаралық комиссия құрамында болған құқық қорғаушы Евгений Жовтис ресми биліктің келісімінсіз халықаралық тергеуден нәтиже аз болады дейді. Оның айтуынша, "Болотный ісі" бойынша жап-жақсы баяндама әзірленіп, жүздеген видеожазба сарапталған. Сарапшыларда болған оқиғаның объективті картинасы қалыптасқан. Бірақ ол қандай да бір саясаттың өзгеруіне әкелген жоқ дейді құқық қорғаушы.

"2012 жылы да "Жаңаөзен 2012" деген комитет болды. Сол кезде біз де ақпарат жинауға тырыстық. Мұндай жағдайда қандай мәселе туындайды? Біз Қаңтар бойынша да көп ақпарат жинадық, бізде толтырылған жүздеген анкета бар. Бірақ мұндай ақпаратты жинаған кезде ол ылғи толық емес болады. Себебі нақты не болғанын түсіну үшін биліктің шын ниетпен атсалысуы өте маңызды. Себебі көп құжат биліктің қолында. Бақылау камераларындағы видеожазбалар, бұйрық бергені туралы процессуалдық құжаттардың барлығы соларда. Ал оларсыз бәрібір объективті түрде ештеңе анықтай алмайсыз" дейді Евгений Жовтис.

Орталық Азия елдерінің билігі халықаралық тергеу жүргізу туралы ұсыныстан бас тартып әдеттенген деген саясаттанушы Нұрсейіт Ниязбеков 2011 жылғы Жаңаөзен, 2005 жылғы Өзбекстандағы Әндіжан оқиғаларын еске алады. Екі жағдайда да билік ұсынысты қабылдамаған. Оның ар жағында биліктің "ішке бүккен сырым ашылып қала ма" деген қаупі жатыр дейді ол. Сарапшы "биліктің келісімінсіз тергеу нәтижелі болуына қол жеткізу қиын" деген ойды қуаттайды.

Ол бұл тұста кезінде АҚШ федералдық тергеу бюросының (ФБР) 2006 жылы қастандықпен өлтірілген қазақстандық оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасын тергеуге көмектесуге келіскенін, бірақ барлық материал билікте болғандықтан, "ештеңе таппай" қайтқанын еске салады.

"Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтірген кезде марқұмның жақындары ФБР-ды алып келген. ФБР ештеңе біле алмай, бізде ешқандай мағлұмат жоқ деп бос қайтты. Билік оларға қылмыс бойынша ешқандай мәлімет бермеді" дейді ол.

Сарапшылардың барлығы "Қаңтар ақиқаты жүйе ауысқанда ашылады" деген болжам айтады. Олардың пікірінше, Желтоқсан, Жаңаөзен сияқты Қаңтар қантөгісінің де әділетті бағасын беру болашақтың еншісінде.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис Қаңтар шындығы ашылуы үшін үш шарт орындалуы тиіс дейді. Біріншіден, оқиғаға жауапты биліктің ауысуы. Екіншіден, жаңа келген биліктің оқиғаны тергеуге ықыласты болуы. Үшіншіден, қоғамның ақиқат пен тарихи әділдікті қажетсінуі.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG