Accessibility links

Германия Украинаға әуе шабуылынан қорғайтын Patriot кешенінің батареяларын береді


Patriot жүйесі
Patriot жүйесі

АҚШ-тың ізінше Германия да Украинаға әуе шабуылынан қорғайтын Patriot жүйесіне қосымша батареялар береді. Бұл жөнінде АҚШ президенті Джо Байден мен Германия канцлері Олаф Шольцтың телефон әңгімесінен кейін Ақ үй хабарлады.

Ақ үй хабарламасында Америка және неміс басшыларының Украинаның территориялық тұтастығын қолдайтыны жазылған. Байден мен Шольц Киевті қаржылай, гуманитарлық және дипломатиялық тұрғыда көмекпен қамтамасыз ете беретінін атап өткен.

Президент пен канцлер одақтас елдер мен әріптестерінің Украинаға әскери көмегі үшін алғыс айтқан.

Украина билігі бірнеше рет батыс елдерінен әуе шабуылынан қорғайтын жүйе сұраған. Ресей әскері Украинаның энергетикалық инфрақұрылымын атқылап жатқан шақта мұндай қару түрлерінің маңызы арта түскен. Зениттік Patriot зымыран кешендері қысқа қашықтыққа ұшатын қанатты және баллистикалық зымырандарды атып түсіре алады. Украина әскері кешенді пайдалану үшін бірнеше ай бойы дайындықтан өтеді.

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тың Patriot кешенін Украинаға беруі соғысты соза түседі деп мәлімдеген.

Бұған дейін батыс ақпарат құралдары АҚШ-тың Украинаға үш млрд доллар көлемінде кезекті әскери көмегі жөнінде хабарлаған. Осы көмек аясында Украинаға америкалық Bradley маркілі әскери бронды техниканың 50 данасы беріледі. Германия Украинаға жаяу әскерге арналған Marder әскери техникаларын жеткізеді.

Жыл басында Киевке жеңіл дөңгелекті танктер беретінін Франция да мәлімдеген. Содан кейін Бундестагтағы қорғаныс комитетінің жетекшісі Шольцқа Парижден үлгі алуды өтінген.

  • Германияның Украинаға берейін деп отырған Patriot кешенінің нақты параметрлері мен модификациялары белгісіз. Алайда әдетте кешеннің бір батареясы төрт ракетасы бар сегіз қондырғы, радар және командалық пункттан тұрады. Бір батареяның құны – миллиард доллар. Әрбір ракета шамамен төрт млн долларға бағаланған.

XS
SM
MD
LG