Accessibility links

АҚШ: Пригожин Бахмуттағы кенішке қызығып отырған болуы мүмкін


Евгений Пригожин
Евгений Пригожин

"Вагнер" жеке әскери тобын құрушы, Владимир Путинге жақын жүретін ресейлік кәсіпкер Евгений Пригожин Украинаның Донецк облысындағы тұз және гипс кенішіне қызығып отырған болуы мүмкін. "Вагнер" жалдамалы әскерінің Бахмут қаласын басып алуға қатты ұмтылысын осымен түсіндіруге болады. Ақ үйдегі дереккөзге сүйенген Reuters агенттігі осылай деп жазды.

Америка шенеунігінің пікірінше, Пригожиннің Бахмутты алуға "ынта-шынтасымен кірісуі" Вашингтонға сондай тұжырым жасауға негіз береді.

Еуропадағы ең ірі тұз кеніштерінің бірі Бахмут аумағында орналасқан. Соледар қаласына жақын жердегі "Артёмсоль" тұз өңдеу кәсіорны орналасқан аумақты да Ресей әскері басып алуға тырысып жатыр.

Ақ үй өкілі "Вагнер" тобының қанша шығынға ұшырағанын да айтқан. Оның сөзіне қарағанда, соғыста ұйымның 50 мың жауынгерінің төрт мыңы өлтірілген, шамамен он мыңы жараланған. "Вагнердің" мыңнан астам солдаты соңғы айда Бахмут түбіндегі шайқаста опат болған.

Пригожин әзірге ақпаратқа түсініктеме бермеді. Ол бұған дейін Бахмуттың әскери қатынас үшін маңызды рөлін алға тартқан.

"Бүгінгі Бахмут – бұл екі жақ әскерінің кездесу алаңы. Куликов, Бородин тәрізді мұнда да бір армия екіншісін жоюы тиіс" деген еді.

Ресей әскерінің Бахмутты басып алуға ұмтылып жатқанына бірнеше ай болды, әзірге украин билігінің мәліметінше, 60 пайызы қираған қаланы орыс әскері ала алмаған. Кейінгі кезде Соледарға да шабуыл үдеген. Ресейлік War Gonzo телеграм-арнасы 6 қаңтарда ол жақта орыс әскерінің украин күштерінің қорғаныс шебін бұза алғанын хабарлаған. Екі жақ ақпаратты растаған жоқ.

АҚШ бұған дейін "Вагнерді" Украинадағы соғысқа қаржы табу үшін Африканың, оның ішінде Орталық Африка республикасы, Мали, Суданның табиғи ресурстарын пайдаланды деп айыптаған. Ресей билігі айыптауларды жоққа шығарған. "Вагнер" жалдамалыларының сол елдерде жұмыс істегені бұрыннан белгілі.

Желтоқсан соңында АҚШ "Вагнер" тобына Солтүстік Кореяның қару жеткізгенін хабарлаған. Мұны Пригожин де, Солтүстік Корея билігі де жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG