Accessibility links

"Дождь" телеарнасы Нидерландыдан лицензия алды


"Дождь" телеарнасының бас редакторы Тихон Дзядко
"Дождь" телеарнасының бас редакторы Тихон Дзядко

"Дождь" телеарнасы Нидерландыдан лицензия алды. Бұл жөнінде телеарнаның бас редакторы Тихон Дзядко "Эхо Москвы" радиостанциясының бұрынғы журналисі Александр Плющевтің Plushev телеграм-арнасына берген сұқбатында айтты.

Ресейде тыйым салынған "Дождь" телеарнасына былтыр маусымда Латвия лицензия берген, алайда "қауіпсіздігіне қатер төнгендіктен" желтоқсан айында қайтарып алған. Оған "Дождь" тележүргізушісі Алексей Коростелёвтің тікелей эфирдегі сөзі түрткі болған. Ол көрермендерді Украинадағы соғысқа байланысты мобилизациялау кезінде құқық бұзушылық болса, хабарлауға шақыра отырып: "Ресейдің майдандағы көптеген әскери қызметкерлерінің қарапайым керек-жарақпен қамтамасыз етілуіне көмектестік деп үміттенеміз" деген.

Тележүргізуші жаңсақ сөйлегені үшін келесі күні кешірім сұраған. "Дождь" жетекшілігі де кешірім сұрап, Коростелёвті жұмысынан босатқан. "Әркім-ақ қателеседі" деген тағы да үш журналист Коростелёвті қолдап, қызметтерінен кеткен.

Кейінірек "Дождьтің" бас директоры Наталья Синдеева Латвия лицензиясын алып қойған соң телеарна табысының 20 пайызынан қағылғанын, Коростелёвті босату туралы туралы шешім қате болғанын айтып, журналисті де, оның әріптестерін де қайта оралуға шақырған. Оған телеарнаның бас редакторы Тихон Дзядко қарсы болған. Қазір Коростелёв "Дождь" телеарнасы журналистерінің құрамында жоқ. Оған Латвияға кіруге де тыйым салынған.

Латвия билігі лицензиясын қайтарып алмас бұрын аннексияланған Қырымды Ресей жері деп көрсететін картаны пайдаланғаны және Ресей әскерін "біздің әскер" дегені үшін "Дождь" телеарнасына айыппұл салған, үшінші рет қайталанса, қатаң шара қолданатынын ескерткен.

Лицензиясынан айырылған "Дождь" телеарнасына Ресейде бұғатталған ондаған БАҚ қолдау көрсеткен. Оның ішінде "Медуза", The Insider, "Новая газета.Европа", "Важные истории", "Вот так", "Холод", DOXA, "Вёрстка", "Навальный LIVE" және "Ходорковский LIVE" ютубе-арналарының командалары да бар.

Украина президенті офисінің кеңесшісі Михаил Подоляк пен "Шекарасыз репортёрлер" халықаралық ұйымы да "Дождьқа" қолдау білдірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG