10 қаңтар күні Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 18 адамның сот тергеуі аяқталды.
Судья Нұрлан Бақтығалиев сот тергеуі аяқталған бойы жарыссөзге көшуді ұсынды. Алайда мемлекеттік айыптаушылар сот жарыссөзіне дайындалу үшін уақыт сұрады. Жарыссөзі алдағы бейсенбі, 12 қаңтарға белгіленді.
Бүгін 10 қаңтар күнгі сот отырысына сотталушылар толық қатысты. Бұған дейінгі отырыста сотталушы Дархан Қамиға іздеу жарияланған. "Ешқайда кетпейтіні туралы" қолхатпен бостандықта жүрген Дархан Қами желтоқсан айында сотқа келмеген. Судья Бақтығалиев сотталушы Дархан Қамиды тергеу изоляторына қамауға алу туралы қаулы шығарған.
Адвокат Қанат Тұрғанбаевтың сөзінше, Дархан Қами өзінің туған жері Шұбарқұдық кентінде жүрген.
Осылайша тергеу изоляторында қамауда отырған сотталушылар бес адам болды. "Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", "Қару-жарақ ұрлады", "Билік өкіліне күш көрсетті" деп айыпталған Ернұр Әжниязов, Нұрбек Мұхит пен Нұрсұлтан Исаев 2022 жылғы қаңтар айынан яғни, бір жылдан бері тергеу изоляторында отыр.
"Ешқайда кетпейтіні туралы" қолхатпен бостандықта жүрген 13 адамды тергеу "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп айыптап отыр.
Ресми мәлімет бойынша, Ақтөбеде Қаңтар оқиғасына кейін 21 адамның үстінен қозғалған қылмыстық іс сотқа жеткен. Былтыр шілде айында Ақтөбе соты Қаңтар оқиғасы кезінде "Ақтөбе әуежайын басып алмақ болды" деп айыпталған үш адамның бостандығын үш жарым жылға шектеген.
Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбеде екі адам қаза болған. Оның бірі Русланбек Жұбаназаровты билік алдымен "террорист" деп айыптап, кейін "кездейсоқ құрбан" ретінде отбасына "Қазақстан халқына" қоры арқылы 7 млн теңге өтемақы берген. "Кездейсоқ құрбандар" тізіміне енген тағы бір ақтөбелік Файзулла Нұргелдинге Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп, екі айдан соң қайтыс болған. Бұған дейін "Ақтөбеде ұстау кезінде азапталдым" деген азаматтардың шағымдары қаралмай жатқаны хабарланған.
ПІКІРЛЕР