Accessibility links

"ҰҚК қызметкерлері азаптады" деп шағымданған кәсіпкер Тоқмадидің арызы бойынша қозғалған іс тоқтатылды


Қамауда отырған кәсіпкер Мұратхан Тоқмади (оң жақта).
Қамауда отырған кәсіпкер Мұратхан Тоқмади (оң жақта).

БТА банк басшысы Ержан Тәтішевті Мұхтар Әблязовтің тапсырмасымен өлтірді деп айыпталып, көп жылға сотталған түрмедегі кәсіпкер Мұратхан Тоқмадидің "азаптау" шағымы бойынша қылмыстық іс "қылмыс құрамы болмағандықтан" тоқтатылған. Бұл жөнінде кәсіпкердің жұбайы Жәмила Айымбетоваға сүйенген "Власть" сайты хабарлады.

Бұған дейін кәсіпкер ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің өзін "азаптағанын" айтып, аталған істе жәбірленуші танылған еді.

Жәмила Айымбетованың сөзінше, "кәсіпкерді азаптау" бойынша қылмыстық іс 30 желтоқсанда тоқтатылған, бірақ кәсіпкердің әйелі мен адвокатына бұл жөнінде айттылмаған, тіпті іс материалдарымен де таныстырмаған. Өткен аптада Тоқмадиге 11 қаңтарда өзін Жезқазған түрмесіне қайта этаппен жіберетінін хабарлаған.

11 қаңтар күнгі баспасөз жиынында Жәмила Айымбетова қамау кезінде "ҰҚК қызметкерлері күйеуінің қабырғасы мен аяғының саусақтарын сындырғанын" айтты. Айымбетова мұны ҰҚК-ның нақты қай қызметкері істегенін де білетінін жеткізді.

"Ол президентке хат жазған кезде оны 20 адам жабылып ұрған, бұлар шекара қызметінің қызметкерлері" деді Айымбетова.

Ол сонымен бірге азаптау ісі мен Тоқмади түрме жазасын өтеп жатқан істің қайта қаралуына күш салатынын айтты.

Былтыр наурызда Мұратхан Тоқмади Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, істі қайта қарауды сұраған. Хатта Тоқмади қамауда отырған өзін азаптағаннан кейін тағылған айыпты "мойындауға" мәжбүр болғанын айтқан. Тоқмадидің азаптау туралы шағымы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары былтыр маусымда басталған.

БТА банктің басшысы Ержан Тәтішев 2004 жылы аңшылықта жүргенде оқ тиіп өлген. Сол кезде мұны сот "жазатайым оқиға" деп танып, банкирдің жанында бірге болған кәсіпкер Мұратхан Тоқмадиді бір жылға соттаған. Бірақ 2017 жылы іс қайта қаралып, Мұратхан Тоқмади "Тәтішевті "ТұранӘлем" банкін иеленуді көздеген Мұхтар Әблязовтің тапсырысымен өлтірдім" деген. Сот оны 2018 жылы он жарым жылға соттаған. Қазақстан соты Әблязовті "банк активтерін иемденгені үшін" сырттай өмірлік түрме жазасына кескен. Бұрынғы банкир, оппозиционер Мұхтар Әблязов Ержан Тәтішевтың өліміне қатысы жоғын, Мұратхан Тоқмадиді танымайтынын айтқан.

Былтыр тамызда Жезқазған соты Тоқмадидің мерзімінен ерте босап шығу туралы өтінішін орындамады. Қазанда апелляция соты шешімді өзгеріссіз қалдырды.

XS
SM
MD
LG