Accessibility links

Қаңтар оқиғасы: Семейде "терроризм" бойынша айыпталған Шыңғыс Әлпиев пен Ринат Алиевтің ісі қарала бастады


Қаңтарда ұсталған Шыңғыс Әлпиев (қара киімдегі) және Ринат Әлиев (оның сол жағында отыр) сот залында. Семей, 12 қаңтар 2023 жыл.
Қаңтарда ұсталған Шыңғыс Әлпиев (қара киімдегі) және Ринат Әлиев (оның сол жағында отыр) сот залында. Семей, 12 қаңтар 2023 жыл.

Семейдің № 2 қалалық сотында 12 қаңтарда шамамен бір жыл бұрын ұсталған жергілікті тұрғындар Ринат Әлиев пен Шыңғыс Әлпиевтің ісі бойынша сот басталды. Тергеу органдары әуелі оларды Қаңтар оқиғасына қатысты деп айыптаған. Кейін дәлелдер болмағандықтан "терроризмді насихаттау" бабы бойынша іс ашқан деп айтылады. Құқық қорғаушылар істің саяси астары барын айтады. Айыпталушылар өздерін "діни көзқарасы үшін қудалап отыр" деп санайды.

Бейсенбі күні сот басында судья Лариса Федосова Азаттық тілшілеріне фото және видео түсіруге тыйым салды. Сот тыңдауы басталғанға дейін қарауыл қызметінің полицейі Алағазы Серік айыпталушылардың суретін түсіруге тыйым салды. Полиция қызметкері тілші алдына тұрып алып, камераны көлегейледі. Сот отырысының хатшысы процеске қатысушыларға телефондарын сөндіруді ескертті.

Сот отырысы кезінде сотқа дейінгі тергеу жүргізген тергеушінің Шыңғыс Әлпиевке іспен танысуға мүмкіндік бермей, істі асығып сотқа бергені анықталды. Ақпаратқа қарағанда, айыпталушыларды жарты жыл бойы ұлттық қауіпсіздік комитеті аңдыған.

—Оның қорғалу құқығын бұзып, қылмыстық іс материалдарымен танысуға мүмкіндік бермей жатыр. Олар да адам ғой, Қазақстан Республикасының азаматтары, сотталмаған. Неге осы уақыт бойы сот пен тергеу олардың құқығын бұзады? Неге "әлеуметтік-қауіпті" деп атайды. Қылмыс кодексінде мұндай ұғымдар жоқ қой, – деді адвокат Лариса Сурганова.

Қорғау тарабы олардың құқықтары бұзыла берсе, судьяны ауыстыру туралы өтініш түсіретінін жеткізді. Ал судья сот кезінде Шыңғыс Әлпиев пен Ринат Әлиевке қатысты "сотталушы" ұғымын қолданды. Залда Шыңғыс Әлпиевтің әйелінен басқа ешкім бұған назар аудармады.

Ақыры іс материалдарымен танысу үшін қосымша уақыт беру туралы өтініш орындалды. Шыңғыс Әлпиев пен Ринат Әлиевті Семейдің уақытша қамау изоляторына қамаған. Екеуі де сот залына қолдары кісендеулі қарауылмен жеткізілді.

Шыңғыс Әлпиев пен Ринат Әлиев 14 қаңтарда Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген күдікке ілінген. Алты айдан соң оларға қозғалған іс "қылмыс құрамы болмағандықтан" тоқтатылған. Сол күні "терроризмді насихаттау немесе оған жария түрде үндеу" бабы (256-бап, 2-бөлігі) бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ринат Әлиевтің айтуынша, айыптау органдары оны "Ресей - оккупант" деген сөзі үшін ғана "терроризм" бойынша айыптап отыр.

—Сарапшы Р.А.Әкбарова бұл сөздерде "терроризмді насихаттау" бар деген қорытынжы жасаған, соның кесірінен маған 12 жыл түрме жазасы қаупі төніп тұр. Мен жіберген шағымдарға жауап жоқ. Барлық инстанциялар – Жоғарғы сот пен бас прокуратураға дейін ҰҚК-ға заңсыздық жасауына көмектесіп отыр. Бізде ҰҚК-ның билігі шексіз ғой, барлығы соларға болысады, – деді Әлиев. Оның сөзін құқық қорғаушылар берген.

29 қарашада Әлиев пен Әлпиев "заңсыздыққа" наразылық ретінде ауыздарын тіккен. 30 қарашада белгісіз себептерге байланысты оларды Семейден Өскеменге этаппен жіберген.

Туыстарының айтуынша, Әлиев пен Әлпиевтің азаптау туралы шағымдары әлі күнге дейін қаралған жоқ.

—Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне өтініш бергенбіз. Әлиевтің шағымын жапқан тәрізді, ал біздің шағымымыз сол күйі қалды, – деді Шыңғыс Әлпиевтің әйелі Жібек Әлпиева.

Келесі сот отырысында ҰҚК қызметкерлері жарты жыл бұрын түсірді деп айтылатын видеожазба көріледі. Ринат Әлиевтің айтуынша, арнайы қызмет өккілдері оны 2016 жылдан бері қудалап келеді.

"2016 жылдан бастап ҰҚК қызметкерлері мені аңдып, қоқан-лоқы жасап, арандатып келеді. Осы елдің қарапайым азаматы болғандықтан олар мені түрмеге отырғыза алмаған. Бірақ Қаңтар оқиғалары кезінде соған мүмкіндік пайда болып, соны пайдаланып кетті. Себебі мен сақал өсіріп, Ислам дінін ұстанамын ғой" деді Ринат Әлпиев.

Екі айыпталушының туыстары бұған дейін Еуропарламентке, көптеген мемлекеттік органдарға шағымданған. Бірақ Жібек Әлпиеваның сөзінше, мемлекеттік органдар үнемі "бұл біздің құзыретімізге кірмейді" деп жауап берген.

XS
SM
MD
LG