Accessibility links

Қаңтар бойынша айыпталған екі адамның "тергеудегі әділетсіздіктерге" қарсы ауыздарын тіккені хабарланды


Тергеу изоляторы. Көрнекі сурет.
Тергеу изоляторы. Көрнекі сурет.

Қаңтар бойынша айыпталған 30 жастағы Ринат Әлиев пен 36 жастағы Шыңғыс Әлпиевтің аштық жариялап, ауызын тіккендерін баяндаған хаты 1 желтоқсанда жарияланды. Ол құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның Фейсбук парақшасында пайда болды.

Онда Әлиев пен Әлпиев тергеу органдарының "заңсыз әрекеттері" мен "бассыздықтарына" шағымданған.

Ринат Әлиевтің әйелі Назерке Әлиеваның сөзіне қарағанда, күйеуіне бастапқыда "жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша айып тағылып, "алты айдан соң ешқандай дәлел табылмағаннан кейін" іс жабылған. Алайда бұдан соң күйеуіне "терроризмді насихаттау" бойынша (256-бап, 2-бөлік) қылмыстық іс ашылған. Әлиев хатта ол жөнінде былай деп жазған:

"[Олар] өздерінің заңсыз әрекетін жасыру үшін "Ресей оккупант" деген бір сөзім үшін "терроризмді насихаттау" бойынша жаңа қылмыстық іс қозғайды. Сарапшы қорытындысында мұнда терроризмді насихаттау бар деп берген. Соның салдарынан маған 12 жыл түрме жазасы қаупі төніп тұр. Мен жіберген шағымдар жауапсыз қалды" деп жазылған хатта.

Әлиев хатта арнайы қызмет өкілдерінің өзін бұрыннан "діни көзқарасы үшін" қудалауға тырысқанын, енді "сәті түскенін" айтқан.

Онымен бірге Семейдегі уақытша қамау изоляторында отырған Шыңғыс Әлпиев хатта өзін 11 айға жуық уақыт қамауда "негізсіз ұстап отырғанын" айтып, тергеудегі "көптеген қателіктер" туралы баяндаған.

"Осы уақытқа дейін тергеу көптеген ірі қателіктер жіберді, тіпті іс жабылуы тиіс те болатын. Бірақ соған қарамастан олар оны жасағысы келген жоқ" деп жазылған хатта.

Ринат Әлиевтің әйелі Назерке Әлиеваның айтуынша, күйеуін 30 қарашада Өскемендегі тергеу изоляторына әкеткен. Себебі белгісіз. Үйде кішкентай балаларын бағып отырған Әлиева балаларын үйге қалдырып кете алмайтынын, сол себепті күйеуіне бара алмағанын айтты. Әзірге адвокаты телефонына жауап бермеді.

Ал Шыңғыс Әлпиевтің әйелі Жібек Әлпиева күйеуіне 1 желтоқсанда кіріп шыққанын, Әлпиевтің ауызын екі рет ине өткізіп, тігіп алғанын көргенін айтты. Айтуынша, "аштық ұстаған күйеуі барған сайын жүдеп барады".

"Олардың (Шыңғыс Әлпиев пен Ринат Әлиев - ред.) шыдамы таусылды. Қамауда отырғанына 11 ай болды. Біз барлық органға үздіксіз шағым жаздық. Барлық құқық қорғаушыларға жүгіндік. Еуропарламенттен де көмек сұрадық. Бассыздықтар, заңсыздықтар, өрескел қателіктер туралы баяндадық. Тіпті заңгер болмасақ та, бізге онда нағыз бассыздық болып жатқаны аңғарылып тұр. Бірақ ылғи жоғары жақтан алатын жауабымыз - "бұл біздің құзыретімізге кірмейді, жергілікті органдарға хабарласыңдар" деген сөз. Шеті-шегі жоқ" деді Жібек Әлпиева Азаттық тілшісіне.

2 желтоқсанда Азаттық тілшісі уақытша қамау изоляторы қарайтын Семей қалалық полиция департаментінен жауап алуға тырысты, алайда әзірге жауап ала алмады. Өскемен қаласының прокуратурасы Ринат Әлиев жөнінде ақпарат анықтап көретінін айтқанмен әзірге жауап бермеді.

Биыл 5 қаңтарда Семей тұрғындары Қазақстан қалаларын қамтыған жаппай наразылыққа қосылған.

Бұған дейін құқық қорғаушылар мен Қаңтар оқиғасын зерттеу бойынша құрылған қоғамдық комиссия өкілдері Семей мен Өскемендегі Қаңтар бойынша тергеудің барысына алаңдаушылық білдірген еді. Құқық қорғаушылар күдіктілердің "террористік әрекет жасағанын дәлелдейтін бірде-бір айғақ" қоғамға көрсетілмегенін атап өткен.

"Террористік базада арнайы дайындықтан өтіп жатқаны туралы сурет немесе видео сияқты нақты дәлел-айғақ көрсетпейінше, біз оларды бейбіт тұрғындар деп санай береміз. Адамның жәй алаңда тұрғаны туралы видео – оны бап бойынша айыптауға негіз бере алмайды" деген еді құқық қорғаушылар жазда.

Осыған дейін Өскемендегі тергеу изоляторында отырған кейбір айыпталушылар тергеудің ұзартылғанына наразы болып, аштық жариялаған.

  • Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.
  • Қазақстанда Қаңтар бойынша айыпталғандар бұған дейін де "тергеудегі әділетсіздіктерге" шағымданған. Бір күн бұрын Алматыда тергеу изоляторында отырған 20 адамның билікке хат жазғаны белгілі болды. Онда хат авторлары "тергеудегі әділетсіздіктер туралы" баяндап, айғақтарды "алдап-арбау арқылы жинамауды" және "айыпталушыларды бір-біріне қарсы жауап беруге итермелеуді" тоқтатуды сұраған.
  • Қазақстан құқық қорғаушылары мен халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қаңтар оқиғасы бойынша халықаралық тергеу жүргізіп, халықаралық сарапшыларды іске араластыруға шақырған. Ақорда мұндай ұсыныстардан бас тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG