Accessibility links

Украина БҰҰ штаб-пәтерінде "бейбітшілік саммитін" өткізеді


Украина билігі 24 ақпанда – Ресейдің Украинаға басып кіргеніне бір жыл толған шақта БҰҰ-ның штаб-пәтерінде "бейбітшілік саммитін" өткізеді. Бұған дейін мұндай идеяны украин президенті Владимир Зеленский ұсынған. Бұл жөнінде түріктің "Анадолу" агенттігіне берген сұхбатында Украинаның Түркиядағы елшісі Василий Боднар мәлімдеді.

Дипломаттың сөзіне қарағанда, Украина бейбітшілікке дайын, Зеленский бұдан бұрын Киев қабылдауға дайын бейбіт келісімнің он шартын атаған. Дегенмен қаңтар басында БҰҰ өкілі әзірге "бейбітшілік саммитімен айналыспайтынын" мәлімдеген.

Зеленский ұсынған он шарт ресми түрде айтылмады. Дегенмен бұған дейін Украина президенті олардың арасында Ресейді соттайтын трибунал құру, Киевке өтемақы төлеу, Киевті Батыстың әскери және қаржылай қолдауы, Ресей ресурстарының құнын шектеу, шекараны қалпына келтіру туралы шарттар барын айтқан. Мәскеу айтылған пунктердің әрқайсысына тоқталып, ондай шарттарды қабылдауға дайын емес екенін мәлімдеген.

Ресей былтыр 24 ақпанда Украинаға басып кірген. Шамамен 12 млн адам үйлерін тастап кеткен. БҰҰ мәліметінше, 2022 жылдың желтоқсан айындағы есеп бойынша соғыстан 6702 бейбіт украин қаза болған, 424-і бала. Ұйым өкілдері бұл мәлімет толық емес болуы мүмкін дейді.

Украина билігі Ресей әскерінің бейбіт халыққа жасаған әрекеттеріне байланысты он мыңнан астам қылмыстық істі тергеп жатыр. Ресей бейбіт халықты өлтіргенін және азаптағанын жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG