Accessibility links

Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан отбасының өліміне байланысты сот басталды


Әскери сот. Көрнекі сурет.
Әскери сот. Көрнекі сурет.

20 қаңтарда Алматы гарнизон сотында былтыр Талдықорғанда Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан отбасының өліміне байланысты сот басталды.

Былтыр бір отбасы: Нұрболат Сейітқұлов пен Алтынай Етаева және 15 жастағы қыздары Нұрай қаңтардың сегізінде Талдықорған қаласында кешкі тоғыздар шамасында жеке көліктерімен кетіп бара жатқанда арнайы жасақтың оғынан қайтыс болған. Талдықорғандағы әскери тергеу басқармасы оқ атқан әскерилердің ісінде қылмыстық сипат бар деп есептейтінін, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Адвокат Ринат Баймолданың айтуынша, Талдықорғанда әскери сот болмағандықтан сот Алматы гарнизонында өтіп жатыр. Сот жұма күні сағат 10-да басталады деп хабарланған.

Бұл іс бойынша бір әскери қызметкерге "Билікті асыра пайдалану" бабы (451-бап, 2-бөлім, 2-тармақ) бойынша айып тағылған. Сот негізінен офлайн өтіп жатыр. Жәбірленушілердің адвокаты ғана онлайн қатысады.

Марқұм Алтынайдың әпкесі Салтанат Етаева былтыр Азаттыққа берген сұхбатында оқ тиген үш адамның сау тамтығы қалмағанын айтқан.

– Әбден атқан. Рахаттанып атқан сияқты. Денелерінен түк қалмағаны соншалық, бізге ашып көруге де рұқсат бермеді. Әр адамға мәйітханаға 30 мың теңгеден төлетті. Сонан кейін 10 мыңға салафан сатып алыңдар, өйткені әлі күнге қан ағып жатыр деді. Мынау сұмдық қой! Осы үшін кім жауап береді? Кім кінәлі? Әскери адамдар атқан. Ол жерде ОМОН, "Арлан" және Қапшағайдағы десант әскерінің солдаттары, барлығы сегіз сарбаз болған, – деген.

Былтыр Азаттықтың түсірілім тобы оқ атылған болуы мүмкін деген тұсқа барып көрген. Айналада тек қана тұрғын үйлер, ерекше қорғауға алынатындай стратегиялық нысандар жоқ екенін байқаған.

Былтыр Талдықорғанда Қаңтар оқиғасы кезінде кемінде бірнеше адам қаза болып (құқық қорғаушылар 14 адам опат болғанын айтады), Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші құлатылған. Дүрбелең аяқталған соң да көлікпен кетіп бара жатқан екі отбасыға жауынгерлер оқ атып, бес адам қаза тапқаны анықталған. Бұған дейін Қаңтар кезінде әскери гарнизон шетінен өтіп бара жатып, оққа ұшқан 24 жастағы Ерназар Қырықбаевқа оқ атқан әскери қызметкер Марк Злуняев алты жылға бас бостандығынан айырылған еді. Осы аптада сот әскери десант бөлімінің қызметкеріне шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан азаматтардың өліміне байланысты шыққан санаулы үкімнің бірі. Құқық қорғаушылар мен белсенділер, марқұмдардың жақындары адам өліміне қатысты істердің басым бөлігінің жабылғанын айтады.

Видео: Талдықорғандағы "Қаңтар" (7 қаңтар 2023 жыл).

Талдықорғандағы "Қаңтар"
please wait

No media source currently available

0:00 0:19:30 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG