Accessibility links

Мемлекеттік дума жетекшісі Батыс елдеріне сес көрсетті


Мемлекеттік дума жетекшісі Вячеслав Володин
Мемлекеттік дума жетекшісі Вячеслав Володин

Ресей мемлекеттік думасының жетекшісі Вячеслав Володин 22 қаңтарда таңертең Телеграм-арнасында Ресейдің жаппай қырып-жоятын қару қолдануы мүмкін екенін айтып, Батыс елдерін "ғаламдық апат" және "қырып-жоюмен" қорқытты. Батыс елдері Украинаға қару-жарақ көлемін арттыратыны туралы мәлімдеме айтылған шақта осындай қоқан-лоқы жасалып отыр.

Володин АҚШ пен Еуропа елдеріне Украинаны қолдағаны үшін тікелей қоқан-лоқы жасаған Қауіпсіздік қызметі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев пен Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Анатолий Антоновтан кейінгі ресейлік үшінші жоғары лауазымды тұлғаға айналды.

"Егер Вашингтон мен НАТО елдері жеткізген қару-жарақ бейбіт қалаларға соққы жасауға және жерімізді жаулап алу мақсатында қолданылса, оған жауап ретінде одан да әлдеқайда қуатты қару-жарақ пайдаланылады... Вашингтон мен Брюссель өз шешімдерімен әлемді сұрапыл соғысқа жетелеп барады" деп жазды Володин Телеграм-арнасында.

Депутат жазбасында Ресей қару-жарағының "технологиялық үстемдігін" атап өтіп, бұған дейін Медведев пен Антоновтың айтқандарын шамамен "қайталап өткен".

Ресей Украинаға басып кіргелі бері Медведев қатаң мәлімдемелер жасап, Батысқа бірнеше рет қоқан-лоқы көрсеткен. Ол мәлімдемелерінде Апокалипсис, Армагеддон ұғымдарын жиі пайдаланып, Ресейдің ядролық қару қолдануы мүмкін екенін бірнеше рет меңзеген.

Ресей президенті Владимир Путин жуырда Ресейдің ядролық доктринасына тоқталған кезде ядролық қаруды бірінші болып пайдалану мүмкіндігін тұтас жоққа шығарудан бас тартқан.

"Егер Ресей ядролық қаруды бірінші болып қолданбаса, екінші болып та қолдана алмайды" деді Путин. Осылайша "превентивті" соққының "жауап соққыдан" гөрі әлдеқайда тиімді екенін меңзеген.

АҚШ пен одақтастары Украинаға қарсы ядролық қару қолданбау туралы Ресейге ресми түрде, бейресми түрде де ескерту жасаған. Алайда Ресей өкілдерінің соңғы мәлімдемелерінде Мәскеу оны тек Украина ғана емес, Батыс елдеріне қарсы қолдану мүмкіндігін қарастырып жатыр деп жазған.

Ресей шенеуніктері территориялық тұтастығына "қатер төнгенін" алға тартады, себебі Кремльдің позициясы бойынша Украинаның аннексияланған төрт облысы мен Қырым түбегі - Ресей аумағы.

Володин Украинаға нақты қандай қару берілсе, жағдай ушығуы мүмкін екенін нақтыламаған. Бұған дейін АҚШ пен одақтастары Украинаға әскери көліктер мен артиллерия, оқ-дәрі мен өзге де қару түрлерін беруге келіскен. Батыс елдері Украинаға әскери ұшақтар мен алыс қашықтыққа ұшатын ракеталар беруден бас тартып келеді.

XS
SM
MD
LG