Accessibility links

"Шекарасыз тілшілер" Қырғызстан билігін Азаттыққа қысымды доғаруға шақырды


Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" журналистерді қорғау ұйымы Қырғызстанда сөз бостандығы мен "Азаттык Медиаға" жасалып жатқан қысымды тоқтатуға шақырды. Ресми мәлімдеме ұйымның сайтында жарияланды.

Мәлімдеме авторлары мәдениет министрлігінің "Азаттықтың" қызметін тоқтату жөнінде сотқа арыздануы елдегі сөз бостандығына үлкен кедергі келтіретінін ескертті.

"Азаттық" сайтын бұғаттау, енді сот арқылы қуғындау, журналист-зерттеуші Болат Теміровті Ресейге депортациялау. Осының бәрі елдің қауіпті авторитаризмге бет алғанын көрсетеді. Бұған дейін Қырғызстан Орталық Азия елдері ішінде сөз еркіндігі бар ел ретінде қаралып келген еді. Біз "Азаттыққа" біртіндеп жасалып жатқан цензураны айыптаймыз, қырғыз билігін тәуелсіз БАҚ-ты қуғындауды тоқтатуға шақырамыз" деп мәлімдеді ұйымның Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша бөлім басшысы Жанна Кавелье.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) медиакорпорациясының президенті Джейми Флай Қырғызстанда сотқа Азаттықтың Қырғыз қызметі – "Азаттык Медиа" сайтын жабу туралы шағым түсірілгеніне пікір білдірген. Флай Қырғызстандағы Азаттықтың жұмыс істеуі үшін корпорация барлық заңды жолды пайдаланатынын айтқан.

"Азаттық радиосы мен оның тәуелсіз репортаждарына жалғасып жатқан заңсыз шабуылдарды мойындамаймыз. Қырғызстан билігі қандай шара қолданса да, қырғыз аудиториясына қызмет ете береміз" деді Флай.

Жуырда Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты жөніндегі министрлігі сотқа Азаттықтың Қырғыз қызметі – "Азаттык Медианың" ақпарат құралы ретіндегі жұмысын тоқтату туралы шағым түсірген.

Ақпарат министрлігінің шағымында сайт қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс туралы видеоматериалды жоймағаны, ол әлеуметтік желіде таралып жатқаны айтылады. Министрліктің пайымдауынша, жауапкердің бұл әрекеті соғысты, зорлық пен қатыгездікті насихаттауға, діни және өзге ұлттарға қатысты төзімсіздікке жол жоқ екені айтылған "Бұқаралық ақпарат туралы" заңға қайшы.

Дауға былтыр Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қақтығыс туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі әзірлеген жаңалық сюжеті себеп екені айтылады. Мемлекеттік орган сюжетте "қырғыз жағының Тәжікстанға "шабуылдағаны" жөнінде "тексерілмеген ақпарат бар" деген. Былтыр қазанда сайт әуелі екі айға жабылды, кейін бұл мерзім ұзартылды. Бұдан кейін редакцияның банк шоттары бұғатталған.

Азаттық бұл шешімдерге келіспейтінін мәлімдеп, талап заңсыз екенін дәлелдеумен келеді.

Қарай отырыңыз: Қырғызстан билігі Азаттық радиосын жапқысы келеді (24 қаңтар 2023 жыл).

Қырғызстан билігі Азаттық радиосын жапқысы келеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:34 0:00

Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қырғыз қызметі Қырғызстанда ресми түрде "Азаттык Медиа" деген атаумен тіркелген. Азаттық Қырғызстандағы және дүниежүзіндегі қоғам өмірі және демократиялық құбылыстар туралы хабарларды объектив жариялап, өз материалдарын телеарна, радио, әлеуметтік медиа арқылы таратады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG