Accessibility links

Қырғызстан мәдениет министрлігі Азаттықтың Қырғыз қызметінің жұмысын тоқтатуды сұрап, сотқа шағымданды


"Азаттык Медиаға" қолдау акциясында түсірілген сурет.
"Азаттык Медиаға" қолдау акциясында түсірілген сурет.

Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты жөніндегі министрлігі Азаттықтың Қырғыз қызметі – "Азаттык Медианың" ақпарат құралы ретіндегі жұмысын тоқтату туралы Ленин аудандық сотына шағым түсірген. Бұл туралы министрліктің редакцияға жіберген хабарламасында айтылған. Сотқа шағым түскен күн көрсетілмеген.

Ақпарат министрлігінің шағымында сайт қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс туралы видеоматериалды жоймағаны, ол әлеуметтік желіде таралып жатқаны айтылады. Министрліктің пайымдауынша, талапкердің бұл әрекеті соғысты, зорлық пен қатыгездікті насихаттауға, өзге ұлттарға қатысты ұлттық және діни төзімсіздікке жол жоқ екені айтылған әрі "Бұқаралық ақпарат туралы" заңға қайшы.

Былтыр 26 қазанда Қырғызстан мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі Азаттықтың Қырғыз редакциясы Қырғызстан мен Тәжікстан арасында болған қақтығыс туралы жаңалық сюжетін сайттан алып тастау туралы талабын орындаудан бас тартқаны үшін "Азаттык Медианы" екі айға жабу туралы шешім шығарған. Мемлекеттік орган әлгі сюжетте "қырғыз жағының Тәжікстанға "шабуылдағаны" жөнінде "тексерілмеген ақпарат бар" дейді. Кейін мәдениет министрлігі жабу туралы бастаманы өзі көтергенін хабарлаған.

Азаттық бұл шешімдерге келіспейтінін мәлімдеп, талап заңсыз екенін дәлелдеумен келеді.

Былтыр 31 қазанда қырғызстандық "ДемирБанк" өкілдері Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінен Азаттықтың Қырғыз редакциясының банк шотын жабу туралы нұсқау алғанын хабарлап, шотты бұғаттаған. Азаттықтың Қырғыз қызметіне қаржы мекемесінен жазбаша ешқандай хабарлама не ескерту келмеген.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Джейми Флай Азаттық радиосы сенімді, шынайы ақпарат көзі екенін және ешбір кедергісіз жұмыс істеуіне рұқсат берілуге тиіс екенін мәлімдеген.

Бірқатар халықаралық ұйым қырғыз билігін "Азаттык Медиа" сайты мен оның банк есепшотын тезірек бұғаттан босатуға үндеген.

Коммерциялық емес Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қырғыз қызметі Қырғызстанда ресми түрде "Азаттык Медиа" деген атаумен тіркелген. Азаттық Қырғызстандағы және дүниежүзіндегі қоғам өмірі және демократиялық құбылыстар туралы хабарларды объектив жариялап, өз материалдарын телеарна, радио, әлеуметтік медиа арқылы таратады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG