Accessibility links

Түркістандық белсенді Мұрат Байдәулетовтің бас бостандығы бір жылға шектелді


Белсенді Мұрат Байдәулетов.
Белсенді Мұрат Байдәулетов.

24 қаңтарда Түркістан облысы Төле би ауданының соты белсенді Мұрат Байдәулетовті "ҚДТ және "Көше партиясы" қозғалыстарының қызметіне қатысты" деген айыппен бір жылға бостандығын шектеді, үш жылға дейін қоғамдық-cаяси қызметпен айналысуға тыйым салып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа міндеттеді. Белсенді үкімге келіспейді.

Былтыр тамызда Мұрат Байдәулетовке 405-баптың 2-бөлімі ("Тыйым салынған ұйым қызметіне қатысу") бойынша айып тағылған. Айыптау актісіне сәйкес, белсенді 2021 жылы 30 желтоқсанда, 2022 жылы 24 қаңтарда және 2022 жылы 16 наурызда Facebook-тегі парақшасына бейнематериалдар жариялаған. Аталған видеоларға лингвистикалық сараптама жасалған.

Айыптау актісінде аты-жөні көрсетілмеген сарапшы "Зерттеуге ұсынылған материалдарда (белсендінің видеоларында – Ред.) Америка, Канада, Оңтүстік Америка елдерінің халқы мен билігінен Назарбаев пен Тоқаевқа санкция салуды, демократиялық мемлекеттерден Қазақстанда адам өлтіріп, азаптап, ұрлап жатқандарға қарсы радикал шаралар қолдануды сұраудың, парламенттік жүйеге көшіремін деген адамға еруге шақырудың, жүйені ауыстыруды, ҚДТ (Қазақстанның демократиялық таңдауы), "Көше партиясы" қозғалыстарын сайлауға қатыстыруды, халыққа ұнайтын жаңа мемлекет құруды талап етудің мағыналық компоненттері бар" деген қорытындыға келген.

Мұрат Байдәулетов өзіне тағылған айыпты мойындамай, видеода азаматтық пікірін ғана білдіргенін, аталған ұйымдарға қатысы жоғын айтқан.

Қорғаушы тарап Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, психолингвист Абай Қайыржановқа қосымша сараптама жасатқан. Сараптама қорытындысында "Видеода Байдәулетовтің ҚДТ және "Көше партиясына" қатысы барын көрсететін дәлел жоқ, автор өз пайымдарымен ғана бөлісіп отыр" деп жазылған.

20 қазанда өткен сот отырысында судья тараптарды тыңдап, іс материалдарымен танысып, фоноскопиялық сараптама (видеодағы дауыс кімге тиесілі екенін, дыбыстың монтаждалмағанын тексеру әдісі – Ред.) тағайындады. Сараптама нәтижесі ұзақ дайындалып, келесі сот отырысы үш айдан кейін 23 қаңтарда бір-ақ өтті. Отырыстың алғашқы күні судья тараптарды тыңдап, жарыссөз өткізіп, 24 қаңтарда үкімді оқыды.

Адвокат Мейіржан Досқараев "белсендінің кінәсі дәлелденген жоқ, үкім заңсыз" деп есептейді.

– Әр азаматтың Конституцияда жазылған құқықтары бар. Сол құқықтар өрескел бұзылып, сот заңсыз үкім шығарып отыр. Оған таңғалудың қажеті жоқ. Қазір азаматтар саяси тұрғыдан қудаланып жатыр. "Жаңа Қазақстан" дейді. Ештеңе өзгерген жоқ, бәрі сол қалпында. Байдәулетов "ҚДТ және "Көше партиясы" билікке келсе, қолдаймын, бізге парламенттік республика керек" деген ойын ғана айтқан. Сол үшін "ҚДТ-ға мүшесің" деп, қылмыстық жауапкершілікке тартып отыр. Видеода Байдәулетовтың аталған қозғалыстар қызметіне қатысқанын растайтын дәлел жоқ, – дейді адвокат.

Мұрат Байдәулетов те үкімге көнбейтінін, апелляциялық шағым беретінін айтты.

"Үкімге келіспеймін. Апелляциялық шағым беремін. Іс дұрыс қаралмады. Жоғарыдан бұйрық келген, соны орындады, болды. Бұл бірінші сот емес, соңғы сот емес, барлық сот солай өтеді. Тәуелсіз сот жоқ" деді белсенді.

Мұрат Байдәулетов – елдегі қоғамдық-саяси тақырыптарға ашық пікір білдіріп жүрген белсенді. Ол құқық қорғаушылар арасында "саяси бап" аталып кеткен 405 бойынша алғаш рет сотталып отырған жоқ. 2020 жылы қарашада Түркістан облыстық соты ҚДТ мен "Көше партиясын" қолдағаны үшін белсендінің бостандығын бір жылға шектеген.

2021 жылы Байдәулетов шымкенттік белсенділермен бірге саяси тұтқындарды босатуды, ҚДТ мен "Көше партиясы" қозғалыстарын "экстремистік ұйым" деп таныған сот шешімін жоюды талап етіп, қалалық әкімдік алдында аштық жариялаған. Сол үшін әкімшілік жазаға тартылған.

2018 жылы 13 наурызда Астана қаласы Есіл аудандық соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп тауып, қызметіне тыйым салған. 2020 жылы 19 мамырда "Көше партиясы" қозғалысы да "тыйым салынған ұйымдар" тізіміне енді. Еуропарламент аталған ұйымдарды "бейбіт оппозициялық қозғалыстар" деп атайды. Ұйымды шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов басқарады. Қазақстан ҚДТ мен "Көше партиясының" қызметіне тыйым салған соң, бұл қозғалыстарды қолдаған я осы ұйымдар жайлы жазба бөліскендердің бас бостандығын шектеп жазалайды. Жазаланғандар мен Әблязовтың өзі биліктің бұл әрекетін "саяси қудалау" деп есептейді.

  • 16x9 Image

    Динара ТІЛЕУБЕК

    Динара Тілеубек Азаттыққа 2019 жылдан бері жазады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тәмамдаған. Бұрын республикалық басылымдар мен телеарналарда жұмыс істеген. Автормен оның Facebook парақшасында пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG