Accessibility links

Чехияда президент сайлауында отставкадағы генерал жеңіске жетті


Петр Павел жұбайымен бірге сайлау учаскесі алдында тұр. Прага, 27 қаңтар, 2023 жыл.
Петр Павел жұбайымен бірге сайлау учаскесі алдында тұр. Прага, 27 қаңтар, 2023 жыл.

Чехияда президент сайлауының екінші туры өтіп, отставкадағы генерал Петр Павел жеңіске жетті.

Екінші турда оның қарсыласы бұрынғы премьер-министр Андрей Бабиш болды. Павелге сайлауға қатысқандардың 58 пайызы, Бабишқа 42 пайызы дауыс берген.

Премьер-министр Петр Фиала және көрші Словакия мен Австрияның ресми өкілдері Петр Павелді жеңісімен құттықтады. Ол наурыздың басында инаугурациядан кейін қызметіне кіріседі.

Петр Павел қазіргі президент Милош Земанды алмастырады. Сарапшылар Еуроодаққа мүше ел басшыларының арасында ресейшіл көзқарасымен ерекше көзге түскен Земан 24 ақпаннан кейін Ресейге қатысты ұстанымын күрт өзгертіп, Мәскеуді сынай бастағанын айтқан.

Петр Павел – Чехия және бұрынғы совет блогының құрамында болған елдер тарихында НАТО-ның әскери комитетін басқарған (2015-2018 жылдары) тұңғыш әскери қызметкер. Ресейдің Украинаға басқыншылығын қатаң айыптаған, Чехияның Батыспен қарым-қатынасы күшейгенін қолдайды. Оны негізінен оңшылдардың жақтастары, консерватив және либерал көзқарастағы адамдар қолдайды.

Бұрынғы премьер-министр, миллиардер Андрей Бабиш қазір елдегі ірі оппозициялық партияға жетекшілік етеді. "Еуроодақтан дотация алу кезінде алаяқтық жасады" деп айыпталған Бабишті бұған дейін сот ақтап шыққан. Бабиш сайлаушыларының басым бөлігі – зейнеткерлер мен табысы аз адамдар.

Чехияда президентті сайлаудың алғашқы туры 13-14 қаңтарда өткен. Сол кезде Павел мен Бабиш шамамен бірдей дауыс жинаған, бірақ екеуінің де жинаған дауысы 50 пайызға жетпеді.

Чехия – парламенттік республика, мемлекет басшысының өкілеті шектеулі. Бірақ елде президент қызметі ерекше құрметтеледі және ықпалы да жоғары. Петр Павел 1993 жылы Чехословакия бөлінгеннен кейінгі Чехия Республикасының төртінші президенті болады. Бұған дейін Чехияны экс-премьер Милош Земан (2013-2023), бұрынғы премьер Вацлав Клаус (2003-2013), бұрынғы диссидент, драматург Вацлав Гавел (1993-2003) басқарған. 2013 жылға дейін Чехияда президентті парламент сайлаған, кейін тікелей сайлау құқығы қалпына келтірілді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG