Accessibility links

Мобилизациядан қашқан Ресейдің бес азаматы Сеул әуежайында тұрып жатыр


Владимир Путин мобилизация жарияланғаннан кейін елден қашқан Ресейдің бес азаматы бірнеше айдан бері Оңтүстік Кореядағы әуежайда тұрып жатыр.

Сеул былтыр қазан мен қарашада олардың пана сұрау туралы өтінішін қанағаттандырмаған. Ресей азаматтары қазір әуежайда тұрып жатыр деп хабарлады CNN телеарнасы.

Оңтүстік Корея Ресей азаматтарына визасыз кіруге рұқсат береді, алайда көші-қон қызметінің өкілдері бес азаматты елге кіргізуден бас тартқан.

Аты-жөні аталмаған бес ер адам Ресейдің қай өңірінен келгені белгісіз.

Былтыр қыркүйекте Ресейде мобилизация жарияланып, азаматтар Украинадағы соғысқа алына бастағалы бері мыңдаған адам өзге елдерге кеткен. Едәуір бөлігі Грузия, Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Моңғолияға барған.

Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін кейбір елдер ресейліктерге виза беруді тоқтатқан. Мобилизациядан қашқан ресейліктерді қабылдаудан Еуроодақ мүшелері Латвия, Эстония, Литва бас тартқан. Финляндия да еліне оралғысы келмейтін ресейліктерге виза бермейтін болды.

Осы аптада Қазақстан шетел азаматтарының елге кіруі мен елде жүруіне қатысты ережелерді өзгерткен. Кей сарапшылар мұндай ереже "Ресейде тағы мобилизация жариялануы мүмкін" деген сыбыс тараған шақта енгізілгеніне назар аударады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG