Accessibility links

Ресейде тағы мобилизация жарияланса, Қазақстан мигрант толқынына төтеп бере ала ма?


Ресейде Украинадағы соғысқа байланысты мобилизация жалғасады деген сыбыс тарап жатыр. Былтыр күзде алғашқы кезеңгі жарияланғанда Қазақстанға жүздеген мың адам қашқан. Көрші елде тағы да мобилизация жарияланса Қазақстан мигранттар легіне қалай төтеп береді?

2022 жылы қыркүйектің аяғында Қазақстанға ресейліктер ағылды. Ресейде "ішінара" мобилизация жарияланғаннан кейін мыңдаған адам (олардың көбі – ерлер) соғыстан қашып, шет мемлекеттерді паналады. Асығыс-үсігіс жиналып, қол сөмкесімен ғана жолға шыққан адамдар өздері онша жақсы білмейтін Қазақстанға өту үшін бірнеше күндеп шекарада кезекте тұрды. Кейінгі ресми деректер бойынша, Ресейден келген бір миллионға жуық адамның үштен бірі елде қалған. Олардың ниеті қандай? Бұл Қазақстанға қандай мүмкіндік пен қауіп туғызады? Көші-қон легі қайта басталса не болуы мүмкін? Азаттық Ресейден көшіп келген адамдардың өзінен сұрап көрді.

"ӨМІРІМ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІМЕ АЛАҢМЫН"

Ресейлік Антон мен Мараттың Қазақстанға көшу хикаясы ұқсас. Екеуі де әскерге жарамды жаста, қыркүйекте мобилизациядан қашып, Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Оралға келген.

Екеуі де жеке басының қауіпсіздігіне алаңдайды. Сондықтан олар жеке тұлғасын анықтауға ілік болатын, туған жерге оралғысы келмейтінін көрсететін ақпарат беруден тартынады.

25 жастағы Антон бұрын Санкт-Петербургте тұрған. Ол толық аты-жөнін атағысы келмеді.

– Ертең не арғы күні не болатынын кім білсін? – дейді ол.

Антон – үйлі-баранды адам, жоғары білімі бар, бірақ көп жыл мамандығы бойынша жұмыс істемеген. Мейрамханаларда қызмет еткен. Кейінгі кезде ақпараттық технологиялар саласына ауысуды ойлап жүріпті. Туған жерінде жары, жақын достары, жұмысы мен пәтері қалған.

Антон басқа елге қоныс аударуға құлықты болмағанын, өзіне Ресейдегі өмірі ұнағанын айтады.

– 24 ақпанға дейін солай болды, – дейді ол.

Сол күні Ресей көршісі Украинаға басып кірді. Антон соғыс басталғаннан кейін де Санкт-Петербургте қалған. 21 қыркүйекте [Ресей президенті Владимир] Путиннің "ішінара" мобилизация туралы мәлімдемесін де туған қаласында жүріп естіген.

– Мобилизация туралы көп сыбыс болғанымен, ең ақырғы сәтке дейін сенген жоқпыз. Естігенде мобилизацияның бізге қалай әсер ететінін бірден түсіне алмай едәуір жүрдік. 24 қыркүйекке дейін әркім өз ойымен "арпалысып" әлек болды, – дейді Антон.

Мобилизация шарасы басталғаннан кейін үш күн өткенде Антон өзі бұрын-соңды бармаған, жете танымайтын Қазақстанға жолға шыққан.

Челябинск қаласынан шамамен 400 километрдегі Маринский шекара бекетінде Қазақстанға өту үшін кезекте тұрғандар. Ресей, 27 қыркүйек 2022 жыл
Челябинск қаласынан шамамен 400 километрдегі Маринский шекара бекетінде Қазақстанға өту үшін кезекте тұрғандар. Ресей, 27 қыркүйек 2022 жыл

Екатеринбург пен Қостанай арқылы Оралға жеткен. Достарының бірі сонда тұрады. Антон алғашында досының ата-анасының үйін паналаған.

Одан бері үш ай өтті, Антон әлі жұмысқа тұрған жоқ. Әзірге жеке мұғалім ретінде балаларға математика мен физикадан сабақ беріп, нәпақа тауып жүр. Әр сабаққа екі мың теңгеден алады. Клиенттерін Ресейден көшіп келген азаматтарға арналған чаттардан тапқан. Қазір Антонның әйелі де пәтерін жалға беріп, Қазақстанға көшкелі жатыр.

– Наурызға дейін Оралда боламыз. Әзірге басқа қалалар туралы ойланып жатқан жоқпыз, кейін көрерміз. Өз мамандығым бойынша 150 мың теңгеге жұмыс табылса, қалар едім. Орал ұнайды, үйреніп қалдым, – дейді ол.

Ресейде жарияланған "ішінара" мобилизация бойынша әскерге алынып, Севастопольге аттанғалы тұрған адамдар алдында діни рәсім жасап жатқан шіркеу қызметкері. Ресей аннексиялап алған Қырым түбегі, 27 қыркүйек 2022 жыл
Ресейде жарияланған "ішінара" мобилизация бойынша әскерге алынып, Севастопольге аттанғалы тұрған адамдар алдында діни рәсім жасап жатқан шіркеу қызметкері. Ресей аннексиялап алған Қырым түбегі, 27 қыркүйек 2022 жыл

20 жастағы Марат мобилизацияға дейін Қазанда оқыпты. Оған әлі күнге дейін әскери комиссариатқа шақырту келіп жатыр.

– Әскери комиссариатқа барсаң, соғысқа алып кетуі мүмкін, мұны бәрі біледі, – дейді ол.

Марат мобилизация басталғанын ертеңіне білген. Естіген бойда елден кетуге бел буған.

– 21-іне қараған түні жұмыста едім. Ертеңіне ұйқыдан тұрып, жаңалық оқыдым. Бірден анама хабарластым, жағдайды талқыладық. Жұмысқа, оқуға бардым. Дипломымды алып, кешкісін Самара арқылы жолға шығып кеттім, – дейді Марат.

Ол бұрын Оралда бір рет болған. Туыстары осында тұрады. Оқуын жаңа бітірген жігіт Қазанда компьютер тексеруші болып істепті. Қазақстаннан жұмыс табу қиынға соққан: Марат жүйе администраторы мамандығын тастап, 1C кеңесшісі болып ауысқан.

– Ресей мен Қазақстандағы жалақының айырмашылығы жер мен көктей. Бірақ баға да әртүрлі. Бұл жақта өмір сүру арзанырақ. Қазір жүз мың теңге аламын. Жартысын жалға алған пәтерге төлеймін. Қалғаны өзіме жетеді. Көп тамақ жемеймін, жанармайға ары кетсе 10 мың теңге ғана жұмсаймын, – дейді Марат.

Ол анасы, әжесі мен ағасын Қазақстанға көшіріп алғысы келеді.

– Олар қарсы емес. Өйткені соғыс аяқталса да, санкциялар қалады ғой. Қазақстандағы өмір жақсы. Туыстарымның бәрін көшуге үгіттеп жатырмын, – дейді Марат.

Халыққа қызмет көрсету орталығына шетелдік азаматтың жеке сәйкестендіру нөмерін алуға келген ресейліктер кезек күтіп отыр. Алматы, 3 қазан 2022 жыл
Халыққа қызмет көрсету орталығына шетелдік азаматтың жеке сәйкестендіру нөмерін алуға келген ресейліктер кезек күтіп отыр. Алматы, 3 қазан 2022 жыл

Антон да, Марат та дәл қазір Ресейде болашағымыз бұлыңғыр екенін айтады. Ал "Ресейдегі саяси жағдай өзгерсе, бірінші автобуспен еліме оралар едім" дейді Антон.

– Бәрі аяқталса оралар едім. Соғыс – біздің саясатымыздың салдары. 2012 жылы басталған тұралау, адам құқықтарын бұзу тоқтаса, Ресейге қайтамын. Әзірге өмірім мен бостандығыма алаңмын, – дейді ол.

Марат Қазақстанда қалғысы келеді.

– Осында қаламын деп ұйғардым. Жағымсыз ештеңеге кезіккен жоқпын. Қазақтар – ең қонақжай халық деп бұрын да естіген едім, шынымен солай екен, – дейді ол.

"ҚАЗАҚСТАНДЫ ТАҢДАЙТЫН МИГРАНТ КӨБЕЙЕДІ"

Қазақстан көші-қон комитетінің дерегінше, 2022 жылғы 21 қыркүйектен бастап елге 937 мың ресейлік келген. Үштен екісі басқа елдерге кеткен. 298 мың адам Қазақстанда қалған, олардың 30 мыңы ғана жұмысқа тұрған.

Ресейлік экономист Вадим Новиков соғыс басталғаннан кейін былтыр ақпанда үдере көшкен алғашқы лекпен бірге Қазақстанға келген.

Ресей Украинаға басқыншылық соғыс ашқаннан кейін Қазақстанға көшіп келген ресейлік экономист Вадим Новиков
Ресей Украинаға басқыншылық соғыс ашқаннан кейін Қазақстанға көшіп келген ресейлік экономист Вадим Новиков

Новиковтың пікірінше, соғыс пен оның салдарынан болған көші-қон толқыны қоғамға әсер етпесе де, ұзақ мерзімді болашақта Қазақстан экономикасына ықпал етеді.

Азаттық: Қазақстанға қалай келдіңіз? Мұнда немен айналысасыз?

Вадим Новиков: 24 ақпанда соғыс басталғанын естігенде бірден көшуге бел будым. Бір аптадан кейін Алматыда болдым. Бұрын да елден кеткім келетін, соғыс бұл процесті жеделдетіп жіберді. Әуелден Қазақстанды кәсіби карьерамды жалғастыратын мемлекет ретінде қарастырдым. Ресейде соттағы ірі дауларға экономикалық қорытынды дайындаумен айналысатынмын. Бұл бірінші кезекте, монополияға қарсы және шығын туралы істер. Қазақстанда да сот сараптамасын жазумен айналысып жүрмін, Қазақ мемлекеттік заң универститетімен әріптестік орнаттым. "Курсив" іскерлік газетіне тұрақты жазып тұрамын. Қазақ тілін үйреніп жүрмін, 2023 жылдың басында А1 деңгейі бойынша емтихан тапсырамын. Көшіп келгендерге және басқа елге қоныс аударуды енді ойлап жүргендерге көмектесіп, кеңес беремін. Мобилизация кезінде адамдарға ақпарат қажет болды.

Азаттық: Ресми дерек бойынша, 21 қыркүйектен кейін Қазақстанға келген ресейліктердің көбі басқа елдерге кеткен. Мұның себебі неде?

Вадим Новиков: 2022 жылы Ресеймен әуе байланысы үзілді. Мобилизация жарияланған кезде Қазақстан сияқты бірнеше бағыт ғана қалды, оның өзі өте қымбат болды. Шетелге кетудің жалғыз жолы құрлық шекарасы арқылы өту еді. Еуропаға өтуге болмайды. Сондықтан ресейліктерге Грузиядағы "Верхний Ларс" немесе Қазақстанмен арадағы мыңдаған километр шекара арқылы өтуге тура келді.

Грузия аумағына өту үшін "Верхний Ларс" шекара бекетінде автокөлікпен кезекте тұрған адамдар. Ресей, 28 қыркүйек 2022 жыл
Грузия аумағына өту үшін "Верхний Ларс" шекара бекетінде автокөлікпен кезекте тұрған адамдар. Ресей, 28 қыркүйек 2022 жыл

Бәрінің жоспары, барғысы келетін елдері болған шығар. Бірақ қалаған еліне жету үшін жоғарыда аталған екі жолдың бірін таңдау қажет болды.

Қыркүйек туралы ғана емес, көктемгі миграция (Ресей Украинаға қарсы соғыс ашқаннан кейін ресейліктер елден кете бастаған – ред.) жайында айтсақ, ресейліктердің көбі Грузия, Армения мен Түркияға көшкен.

Мұны түрліше түсіндіруге болады. Бірақ жоғарыда аталған елдер – ресейліктерге жақсы таныс туристік бағыттар. Ресейліктер Қазақстанды жақсы біле бермейді, өйткені мұнда жиі саяхаттамайды. Елді жақынырақ таныған сайын Қазақстанға көшетіндер көбейеді деп ойлаймын. Оның үстіне, Ресейдің мемлекеттік басылымдары қалыптастырған "Қазақстанда орыстарға қырын қарап, қысым көрсетеді" деген стереотип бұзылды. Бұрын орыстарға жақсы қарамайды деп ойлайтын. Адамдар осыдан да аяқ тартқан болуы мүмкін.

Бизнес миграциясына келсек, Қазақстан – ең тиімді бағыт. Өйткені Грузия, Армения – әлдеқайда кедей мемлекеттер. Ресейдегі қалыпты бизнестің көбі бұл елдерде жұмыс істей алмайды. Тіл жағынан кедергі де бар.

Бұрын қалай еді? Компанияның Мәскеуде кеңсесі болатын. Ол Ресей, Орталық Азия, Кавказ сияқты бірнеше өңірге қызмет көрсететін. Қазір постсоветтік кеңістікте жұмыс істегісі келген компанияның баратын жері – Қазақстан мен Өзбекстан ғана.

Азаттық: Қазақстанға көшкен ресейліктер ел экономикасына әсер етті ме? Мысалы, Арменияда мигранттар толқынынан жалпы ішкі өнім өсті. Ал Қазақстан туралы не айтуға болады? Экономикаға әсер еткен болса, бұл ықпал ұзаққа созыла ма?

Вадим Новиков: Қазақстан – Армения немесе Грузиямен салыстырғанда, үлкен мемлекет. Сондықтан Ресей капиталы экономиканы күрт өзгерте алмайды. Қазақстанда ұзақмерзімді ықпал болатын сияқты. Орысша сөйлейтін халық тұратын Ресей, Беларусь, Украина сияқты елдердегі бизнес субъектілері Қазақстанға көшуі мүмкін.

Халықаралық компаниялар Мәскеудегі орталық кеңселерін көшіреді деп ойлаймын. Сондықтан бәрін шекара асқан ресейліктерге апарып тіремес едім. Олар – кәсіпкерлер емес, мақсаты басқа адамдар еді.

Азаттық: Қазақстан арқылы елінен қашқан ресейліктер адам ресурсы тұрғысынан алғанда Ресей үшін зор шығын санала ма?

Вадим Новиков: Олардың аз уақыт елде болуының өзі Қазақстанға пайдасын тигізді. Қалса, елге одан да көп пайда әкелер еді. Ресейліктер мұнда ақшасын жаратты, пәтер жалдап тұрды.

Бірақ мәселе транзитте ғана емес. Қазақстаннан әртүрлі себеппен кетуі мүмкін. Адамдардың көңіл-күйі, күткені, мотиві әртүрлі. Көктемде шетел асқандар саяси жағдайға алаңдап, Ресейдің болашағынан күдер үзді.

Ал мобилизация – нақты бір оқиғаға реакция. Мобилизация тоқтаған кезде көбі кері оралды. Мұнда "бір жерде отырып, дауыл басылғанын күте тұрайық" деген мотив болды. Келер жылдың басында оларға тағы да Ресейден кетуге тура келеді. Халық мобилизацияның жаңа легі болады деп күтіп отыр.

Ресей әскер қатарын жаңа адамдармен толықтырып, оларды жаттықтыру лагеріне жеткізді. Майданға баратын поездар бос болмады, сондықтан мобилизацияны тоқтатуға тура келді. Біраз уақыт олар күзде әскерге алынған адамдарды бөліп, жайғастырумен айналысты.

Бірақ бұл жұмыстар аяқталған кезде билік Украинаға әскер жіберу процесі тоқтамасы үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды. Қаңтар-ақпан айларында мобилизация жалғасуы мүмкін. Сонда Қазақстанға келуші де көбейеді.

Ресей билігі алдағы уақытта да адамдардың шекара асуына қарсы болмауы мүмкін. Бірақ бұл болжам ғана, өйткені қазір Ресейде әскери комиссариат деректерін цифрландырып, шекаралық бақылау жүйесіне қосу жұмыстары жүріп жатыр. Сонда әскерге шақырылған адамдарға елден кету қиынға соғады.

Азаттық: Отандастарыңыз Қазақстанға қалай бейімделіп жатыр? Бұл процесс жеңіл өтіп жатыр ма? Ресейліктер қандай қиындыққа тап болды?

Вадим Новиков: Алматыдағы жағдайға қарап баға бере алмаймын. Өйткені мұнда бірден сіңісіп кету қиынға түсетін мономәдениет жоқ. Адамдар таныс мәдениет, түсінетін тіл мен жұмысы жеңіл бюрократияны көрді. Халыққа қызмет көрсету орталығы, көші-қон полициясы жақсы жұмыс істеді.

Халыққа қызмет көрсету орталығына шетелдік азаматтың жеке сәйкестендіру нөмерін алуға келген ресейліктер кезекте тұр. Алматы, 28 қыркүйек 2022 жыл
Халыққа қызмет көрсету орталығына шетелдік азаматтың жеке сәйкестендіру нөмерін алуға келген ресейліктер кезекте тұр. Алматы, 28 қыркүйек 2022 жыл

Әрине, шетелге қоныс аударған адамда қаншама мәселе, неше түрлі уайым болады. Қазақстан қосымша қиындық туғызып отырған жоқ. Ресейліктердің әңгімесінен байқағаным, оларға отбасындағы географиялық және саяси көзқарас тұрғысынан жікке бөліну ауыр тиіп жатыр - соғысқа көзқарасы әрүрлі, кейбірі қалуды ұйғарды, енді біреулері еліне қайтып жатыр. Көбі достарынан жырақта қалды. Табысынан айырылды. Мәселе көп, бірақ бұл мәселелердің олар көшіп келген Қазақстанға еш қатысы жоқ.​

Азаттық: Қазақстанда "ресейліктердің келуімен ұлтаралық шиеленіс артуы мүмкін, олар соғысқа қарсы болғаннан емес, қара басының қамын ойлап, майданға барғысы келмегеннен көшті, елімізге келген орыс әлемінің өкілдері ертең "қысым көрдік" деп шағынып, өзін құтқаруды өтініп Ресейден жәрдем сұрайды" деген қауіп бар. Бұл туралы не ойлайсыз?

Вадим Новиков: Қазақстанға қоныс аударған ресейліктердің саяси көзқарасы туралы зерттеу жоқ. Тек болжамдар ғана. Тіпті қазақстандықтардың соғысқа көзқарасы жөнінде ақпарат, сауалнама аз. Бір жылда екі рет ғана сауалнама жүргізілген. Ал ресейліктерге қатысты мүлде ақпарат жоқ. Ресейден келген азаматтарды жалпы халық санына шақсақ, болмашы пайыз шығады. Олар көптің пікіріне әсер ете алатындай көп емес.

Қыркүйекте келгендер – тұрақты көзқарасы жоқ адамдар. Ресей халқы өзін саясаттан алшақ ұстайды. Ресейдің өзінде соғысты қолдайтындарды табу қиын деп ойлаймын. Соғысты шынымен қолдайтын адам қандай болады? Ол соғысу керек деп есептейді. 24 ақпанға дейін де соғыс керек деп ойлаған.

Ресейдің қатардағы азаматы – конформист. Ол "соғысу керек" демейді. Қазіргі сауалнамалар осыны көрсетеді: орыстар "Соғысты жалғастыру керек пе?" деген сұраққа "иә" деп жауап береді. Әлеуметтанушы "Путин қазір соғысты тоқтатса, қолдайсыз ба?" десе, "Қолдаймыз" дейді.

Яғни, ұлттық сипаты жоқ комплекс, бөтен жерді жаулап алу туралы жалған қалау, конформизм, басшылардың пікіріне қарсы келуге құлықсыздық таныту байқалады. Ресейліктердің басым көпшілігі кез келген нәрсені, соғыс бастауды да, оны аяқтауды да қолдайды.

Біріншіден, көп адам көшіп келген жоқ. Екіншіден, қыркүйекте келгендер Путинді жақтайтын не даттайтын идеяның ешқайсысына қосылмайды.

Атап өтер тағы бір жайт, кейінгі айларда Қазақстанда жағымсыз оқиғалар аз болды. Путиншіл орыстар келіп, әскери символдарды насихаттап, жергілікті халықты құрметтемейді деген қауіп болған. Бірақ ондай жағдайлар саусақпен санарлық. Қауіптенуге негіз болды, бірақ жағымсыз болжамдар ақталған жоқ.

Азаттық: Жыл басында мобилизацияның екінші легі болады дедіңіз. Мұның Қазақстан үшін қандай салдары болуы мүмкін?

Вадим Новиков: Тиімді тұсы да, қиындықтары да көп болады. Жағдай өзгереді: енді адамдар уақытша паналайтын орын емес, тұрақтап қалатын мемлекет іздейді. Бұл Ресейге де, мигранттарды қабылдаған мемлекеттерге де ұзақмерзімді әсер етеді.

Бір жағынан, экономикалық белсенділік басқа елге ауысады (кәсіби қызметкерлер мен кәсіпкерлер Ресейден кетеді). Олардың көшуі экономикаға алдыңғыдан да көбірек әсер етуі мүмкін.

Ресейде жарияланған "ішінара" мобилизация бойынша әскерге алынған адамдар Ресей мен Украина күштері соғысып жатқан аймаққа аттанғалы тұр. Ростов облысы, Ресей, 31 қазан 2022 жыл
Ресейде жарияланған "ішінара" мобилизация бойынша әскерге алынған адамдар Ресей мен Украина күштері соғысып жатқан аймаққа аттанғалы тұр. Ростов облысы, Ресей, 31 қазан 2022 жыл

Бірақ бұл мигранттардың сапасына байланысты емес. Сырттан келушілер көбейген сайын, қауіп, келіспеушілік артады. Мұны Ресейдің тәжірибесінен жақсы білемін. Он жыл бұрын Ресейде Орталық Азия елдерінен келген азаматтарға виза енгізу туралы талқылау жүрген. Мұндай даулар әлі алда деп ойлаймын. Өйткені Ресей өзін біраз уақыт өңірдегі ең бай, дамыған мемлекет ретінде ұстады. Постсоветтік елдердің азаматтары Ресейге барды, ол жерде миграцияға қатынас туралы мәселе болды.

Қазір өңірдегі ең бай мемлекеттің рөлі Қазақстанға тиді, сондықтан Ресейдегі даулар осы жаққа келеді. Мигранттар көбейген сайын, олардың бағаларға, жалдамалы пәтер, мәдениет пен тілге әсері туралы дау да, қауіп те, келіспеушілік те артады. Мигранттарға сұрақтар көбеймесе, азаймайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG