Accessibility links

Орал қаласы мобилизациядан қашқан ресейліктерді қалай қабылдап жатыр?


Ресейден Қазақстанға келген жас жігіттер сауда орталығының алдында тұр. Орал, 26 қыркүйек 2022 жыл.
Ресейден Қазақстанға келген жас жігіттер сауда орталығының алдында тұр. Орал, 26 қыркүйек 2022 жыл.

Шабадан-сөмкесін сүйреп, рюкзак арқалаған ер азаматтар, ақша айырбастау орнындағы ұзын-сонар кезек, лық толы қонақ үйлер мен дәмханалар. Ресеймен шекара маңында орналасқан Оралдың қазіргі көрінісі – осы. Көрші мемлекетте жарияланған "ішінара" мобилизациядан қашқан жұрт жаппай Оралға ағыла бастағалы бінеше күн болды. Қала халқының арасында ресейліктерге баспана табуға көмектесіп (Оралда жалға алатын бос пәтер қалмаған), құшақ жая қарсы алып жатқандар да, Украинаға қарсы соғыс жүргізіп отырған ел азаматтарының Қазақстанға келуін құптамайтындар да бар.

Соғысқа барудан қашқан ресейліктердің алғашқы легі Оралға 21 қыркүйек кешкісін, Путин Ресейде "ішінара" мобилизация жариялағаннан кейін бірнеше сағаттан соң келе бастады. Апыл-ғұпыл жолға жиналып, шекараға ағылған алғашқы топтың жолы болып, Қазақстанға тез жетті. Кейін шыққан азаматтар бірнеше километрге созылған кептелісте тұрып, көп уақытын жолда өткізді. Қазақстаннан пана іздегендердің қатары әлі сиреген жоқ: қазір шекараның Ресей жақ бөлігінде адамдар күні бойы кезекте сарылып тұруға мәжбүр.

ОРАЛДА АБЫР-САБЫР КӨБЕЙДІ

Ольга Шефер мен күйеуі (кейіпкер жұбайының аты-жөнін көрсетпеуді сұрады) үш баласымен бірге Мәскеуден асығыс шығып кеткен. Отбасы небәрі он минуттың ішінде жолға жиналып, ұшақпен Самараға барған. Ары қарай көлікпен шекараға жетіп, таксимен 250 километр жол жүрген. Кеден бекетінде жарты күн бойы он километрлік кезекте тұрған.

– Басында Астанаға бардық. Күйеуім жұмысы бабымен конференцияға қатысуы керек еді. Кейін жағдай ушығып жатқанын естідік. Енді Ресейден кетуіміз керек. Елге оралғымыз келмейді, – дейді Ольга Шефер.

Ольга Шефер - Қазақстанға отбасымен келген ресейлік. Орал, 26 қыркүйек 2022 жыл.
Ольга Шефер - Қазақстанға отбасымен келген ресейлік. Орал, 26 қыркүйек 2022 жыл.

Орал – Ресеймен шекарадан жүз километрдей қашық жатқан тыныш әрі қарапайым қала. Кейінгі күндері Оралда адам қарасы көбейген. Қалаға бұрын-соңды мұнша көп адам келмеген. Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығында 230 мыңға жуық адам тұрады. Қазір қаладағы қонақ үйлерде бос орын жоқ. Ақша айырбастау және телефонға SIM-карта сататын орындарда ұзын-сонар кезекте тұрған жұрт. Әсіресе, тәулік бойы істейтін дәмханалар мен асханалардан қонақ үзілмейді.

Дүйсенбі, 25 қыркүйекте ресейліктер халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіріп, Қазақстанда қалуға мүмкіндік беретін құжаттарды алуға асықты. Заң бойынша, Ресей азаматтары Қазақстанда отыз күнге дейін тіркеусіз жүре алады. Тіркеуге тұрса, тағы екі ай қалуға мүмкіндігі бар. Қаладағы қос бірдей халыққа қызмет көрсету орталығы кезектен, ығы-жығы адамнан арылмады. Жергілікті тұрғындар төлқұжат пен анықтама алу үшін сағаттап кезекте тұрғанын айтып, наразы болған соң, әкімдік бір орталық Ресей азаматтарына ғана қызмет көрсетеді деп белгіледі.

Халыққа қызмет көрсету орталығында құжат рәсімдеуге кезекте тұрған адамдар. Орал, 26 қыркүйек 2022 жыл.
Халыққа қызмет көрсету орталығында құжат рәсімдеуге кезекте тұрған адамдар. Орал, 26 қыркүйек 2022 жыл.

Ішкі істер министрлігінің көші-қон қызметі 21 қыркүйектен бастап елге 98 мың Ресей азаматы келіп, 64 мыңы елден шығып кеткенін мәлімдеді. Биылғы тоғыз айда Қазақстанға 1,7 миллион ресейлік келген (20 мың адамнан басқасының бәрі елден кетіп қалған). Орташа есеппен, күніне алты мың адамнан шекара асып отырған.

Кейінгі бес күнде Оралға 17 мың ресейлік келген. Көбіне Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан сияқты ірі қалалардан келген азаматтар Қазақстанды басқа елге жету жолындағы транзит мемлекет деп қарастырады. Ресей азаматтарына Қазақстанға кіру үшін жеке басын куәландыратын ішкі төлқұжатын көрсетсе жетіп жатыр. Қазір шетелдік әуе компанияларының көбі Ресейге ұшпайды. Сондықтан ресейліктер үшін Қазақстан әлемнің кез келген жеріне ұшып кетуге мүмкіндік беретін транзит аймағы болып отыр.

– 22 қыркүйекте келдік. Ең алдымен пәтер жалға алдық. Кейін халыққа қызмет көрсету орталығына барып, құжат рәсімдеп, көші-қон қызметіне есепке тұрдық. Ұзақ уақыт тұруға болатын пәтер таптық… Әзірге құжаттармен айналысып жатырмыз. Оралда кемі бір айға қалатынымыз анық. Алдағы күнге жоспар құра алмаймыз, жағдай күн сайын өзгеріп жатыр, – дейді Ульяновск қаласынан келген 23 жастағы Егор.

Оралда кездескен ресейліктердің көбі аты-жөнін, қай қаладан келгенін, басынан кешкенін айтуға, фото-видеоға түсуге келіспейді. Келгендердің он пайызға жуығы Қазақстанда қалуға ықыласты екенін, жұмыс іздеп жатқанын айтты. Елде қалуға ниет білдіргендердің басым көпшілігі – шағын қалалардан келген, отбасы жоқ жастар. Кей азаматтар Оралда қалғысы келеді. Көбі Алматы не Астанаға тұрақтауға ынталы.

Шекарадан өтіп, Оралға келген ресейліктер. 26 қыркүйек 2022 жыл.
Шекарадан өтіп, Оралға келген ресейліктер. 26 қыркүйек 2022 жыл.

31 жастағы Зульфар Қазақстанға 26 қыркүйекте келген. Ол Димитровградтан Оралға бір тәуліктен көп жол жүріп жеткен: әуелі көлікпен, кейін шекараға дейін бірнеше километр жаяу жүріп, кеден бекетінде кезекте тұрған.

– Ресей мобилизация жариялады. Соғысқа барғым келмейді. Бірнеше сағат ішінде жолға жиналып үлгердім. Сенбіде шешім қабылдап, жексенбіде жолға шығып кеттім, – дейді Зульфар.

ӨЗ АЗАМАТТАРЫ ҮЙСІЗ ЖҮРСЕ ДЕ, КЕЛУШІЛЕРГЕ ПӘТЕРІ ДАЙЫН "ҚАЗАҚ МАНХЭТТЕНІ"

Ресейліктердің елге ағылуы Оралдағы жалға берілетін пәтер нарығына әсер етті. Демалыс күндері қалада жалға алуға болатын бос бөлме немесе пәтер қалған жоқ.

Сенбі-жексенбі күндері Оралдағы кинотеатрлардың бірі Ресейден келген азаматтарға түнеп шығатын орын ұсынды. "Синема Парк" директоры Дилара Мұхамғалиева көрші елден келгендерге төрт кинозалды босатып берген. Пәтерден немесе қонақ үйден орын таба алмағандар осы жерге қонған.

– Алғашқы түні кинотеатрға 200 адам қонды. Адамдарды сенбі күні ғана қабылдаймыз деп ойлағанбыз, сауда орталығының әкімшілігімен солай келіскенбіз. Бірақ мигранттарға жексенбі күні де көмектесеміз деп шештік. Сауда орталығы да өтінішімізді жерде қалдырмады. Жексенбіде 50 адам келді, – дейді Дилара Мұхамғалиева.

Ресейліктер түнеп шыққан сауда орталығының алдында тұр. Орал, 26 қыркүйек 2022 жыл.
Ресейліктер түнеп шыққан сауда орталығының алдында тұр. Орал, 26 қыркүйек 2022 жыл.

Сұраныс артқан сайын жалға берілетін пәтер бағасы да бірнеше есе өсіп, шарықтап кетті. Кей азаматтар бір бөлмелі пәтерін күніне 170 мың теңгеге (355 доллар) жалға беріп жатыр. Бұрын мұндай пәтерлердің бағасы он мың теңгеден аспайтын. Ресейліктер пәтер бағасына қарап, Оралды "қазақ Манхэттені" деп атай бастады.

– Әзірге пәтер жалдап үлгерген жоқпыз, бірақ бағаларды көріп, таңғалдық. Тіпті сондай қымбат бағаның өзіне пәтер табу мүмкін емес. Енді пәтер іздейміз, қазір ақша алып, SIM-карта сатып алу керек, – дейді Мәскеуден келген Алексей.

23 жастағы жігіт екі досымен бірге Оралдағы алғашқы түнін кинотеатрда өткізген. Азаттық тілшісі жігіттермен залдан шығып жатқан кезінде сөйлесті.

Жылжымайтын мүлік агенттігінде істейтін риелторлардың бірі Жеңісгүл Ақмоншақова "Сұраныс артып кеткен соң, бұған дейін пәтерін саудаға шығарып қойған азаматтардың өзі жалға беруге көшті" дейді.

– Пәтер бағасының өсуі шиеленіс туғызып отыр. Ресейде мобилизация жарияланып, Оралға көрші елден көп адам келгеннен кейін пәтер бағасы бірден шарықтап шыға келді, – дейді ол.

Пәтерлердің көбі қыркүйектің басында студенттерге жалға беріліп қойған. Бірақ кей пәтер иелері дүрбелеңді пайдаланып, көбірек ақша табу үшін үйінде тұрып жатқан адамдарды алдын ала ескертпестен қуып шыққан.

Ресейден келгендер ақша айырбастайтын орынның алдында тұр. Орал, 26 қыркүйек 2022 жыл.
Ресейден келгендер ақша айырбастайтын орынның алдында тұр. Орал, 26 қыркүйек 2022 жыл.

Оралдағы жоғары оқу орындарының бірінде оқитын Мариям (аты-жөнін толық көрсетпеуді сұрады) да қиын жағдайда қалған. Пәтер иесі сенбіде үш студент қызды пәтерінен шығарып жіберіпті.

– "Пәтерді босатыңдар, орыстарға береміз" деді. Далада қалдық. Уақытша құрбымның үйінде тұрып жатырмын. Әзірге басқа пәтер табылған жоқ, – дейді Мариям.

ҚҰШАҚ ЖАЯ ҚАРСЫ АЛҒАНДАР ДА, СЕКЕММЕН ҚАРАЙТЫНДАР ДА БАР

Оралға мигранттар ағылған тұста еріктілер де көбейді. Қала тұрғындары Ресейден келген азаматтарға қол ұшын созып, еріктілер топтарға бірігіп, жұмыла көмек көрсете бастады. Зейнеткерлер теміржол вокзалына тұздалған көкөністер алып шықса, қарапайым тұрғындар киім-кешек, азық-түлік, жеке гигиена заттарын әкеліп жатты.

Оралдан ресейліктерге көмектесумен айналысып жүрген еріктілер қозғалысының жетекшілеріне қиынға соқты. Олар әр жерде жұмыс істейді, өзара телефонмен сөйлеседі, көмектесуге ниет білдірген адамдардың жәрдемін қабылдайды. Азаттық тілшісі Шынар Сүндетовамен теміржол вокзалында кездесті. Ол Ресейден келген азаматтарға жергілікті байланыс операторының SIM-картасын таратып, нөмерін тіркеуге көмектесіп жүрді.

– Ерікті емеспін, жай көмектескім келді. Бұл күндері (Азаттық тілшісі кейіпкермен дүйсенбіде сөйлесті – ред.) көрші мемлекеттен келген азаматтарға тамақ беріп, баспана іздеп, такси мен пәтер бағасын келісіп, жаңа орынға қоныстануға көмектестік. Қазір оларды халыққа қызмет көрсету орталығына немесе қажет жеріне жеткізіп салатын автобусты күтіп тұрмыз. Одан бөлек, құқықтық көмек көрсетіп, қалада жөн сілтеп отырамыз, – дейді ол.

Павлодарға келген ресейліктерге көмектесіп жүрген Шынар Сүндетова.
Павлодарға келген ресейліктерге көмектесіп жүрген Шынар Сүндетова.

Еріктілер мигранттарды пәтерге орналастырып, ыстық тамақ таратумен ғана айналыспайды. "Қала тұрғындары сырттан келген азаматтарды көбіне үйіне алып кетіп, бірнеше күн қонақ етеді" дейді еріктілердің бірі Алтынбек (кейіпкердің аты өзгертіліп берілді).

– Дүрбелең болмасын деп, көмектесуге бел будық. Кикілжің шығып жүрмесін деген ниетпен мигранттарға түнейтін жер тауып беруге тырысып жатырмыз. Олар көшеде түнесе, біреулермен жанжалдасып немесе заттарын ұрлатып алуы мүмкін, – дейді Алтынбек.

Оның сөзінше, еріктілер үш күн ішінде екі жүз адамға үй, пәтер немесе уақытша түнейтін қоғамдық орын тауып берген. Кинотеатрлардан бөлек, спортзал, ойын клубтары мен монша иелері де мигранттарға қонуға рұқсат берген. Еріктілер әлі қанша адамға көмек керегін нақты айта алмайды.

Қазақстанға қашқан ресейліктерге оралдықтар жәрдемдесіп жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:38 0:00

Еріктілерге кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар қаржылай қолдау көрсеткен. Дүйсенбінің кешіне дейін қала немесе облыс әкімдігі мигранттарға көмек шарасына қосылған жоқ. Кейінірек жергілікті билік ресейліктерді орналастыру үшін "Атамекен" балалар лагері берілгенін хабарлады.

Еріктілер Ресейден келген азаматтарды шекарадан күтіп алады: ол жерде келушілерге ыстық шай мен тамақ беріледі. Көбі мигранттарды қалаға дейін тегін жеткізіп тастайды. Қалада оларға пәтер табуға, ақша айырбастап, қажет болса, билет сатып алуға көмектеседі. Мигранттардың айтуынша, жергілікті халық арасында оларға жылы қабақ танытпағандар да болған. Көбі бірнеше күн ішінде "қашқын", "дезертир", "оккупант" деген сөздер естігенін айтады.

Әлеуметтік желілерде Ресеймен шекараны жауып, ресейліктерді елге кіргізбеуге үндеп жатқандар көп. Желі қолданушылар Қазақстанға соғысқа қарсы азаматтармен қатар өз басын қатерге тігіп, майданға барғысы келмейтін, бірақ Ресей агрессиясын қолдайтындар да келуі мүмкін деп қауіптенеді. Олар "Ресейден қашып жатқандар соғысқа қарсы пікір білдірген жоқ, демек іштей қолдады, енді мобилизация қаупі төнген кезде қара басының амандығын ойлап қаша жөнелді" деп жазып жатыр. Әлеуметтік желіде мигранттардың Ресейден шығар алдында көліктерінен "арнаулы әскери операцияның" символы саналатын Z белгісін алып тастап жатқаны туралы фото-видео тарап кетті.

Сауда орталығының ішінде жүрген ресейліктер. Орал, 26 қыркүйек 2022 жыл.
Сауда орталығының ішінде жүрген ресейліктер. Орал, 26 қыркүйек 2022 жыл.

Оралдық азаматтық белсенді Исатай Өтепов әуелгіде ресейліктерге өзі де көмектескісі келгенін, кейін Қазақстанға жиналған адамдардың чатын көріп, райынан қайтқанын айтады.

– [Мигранттарға көмектесу үшін құрылған] чаттарда путинистер [Кремль саясатын және Украинаға басып кіруді қолдайтын адамдар] көп. Олар Путин соғысты дайындықсыз бастады деп жазып жатыр. Қазақстанға келген азаматтардың ішінде соғысқа қарсы митингіге шыққан адамдар да барын білемін. Бірақ ондайлар өте аз, — дейді Өтепов.

Белсенді мемлекет шетелдіктердің елге жаппай ағылуын бақылауда ұстап отырған жоқ ден қынжылады.

– [Мигранттар] ағынын ешкім реттеп жатқан жоқ. Ресейліктерге шекарадан өтерде ешқандай талап қойылмайды. Олардың сотталған-сотталмағанын, қанша уақытқа келгенін білмейміз. Өзіміздің де әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз мәз емес... Бұл әлеуметтік шиеленіс туғызып отыр. Әсіресе, азаматтар жалға алып отырған пәтерден шетелдіктерге бола қуылып жатыр. Осының бәрі ұлтаралық жанжалға әкеліп соғуы мүмкін, – дейді Өтепов.

"Ресейде қалудың мәні жоқ". Павлодарда соғыстан қашқан ресейлік көп
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:59 0:00

Президентті кезектен тыс сайлауға дайындалып жатқан Қазақстан билігі халықты сабырға шақыруға тырысты. Жақында сайлауға түсетін президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықты көрші елден келген азаматтарға қамқор болуға үндеп, олардың көбі "шарасыздықтан үйін тастап кетуге мәжбүр болғанын" айтты.

Премьер-министр Әлихан Смаилов ресейліктерді уақытылы тіркеп, жұмысқа орналастыру мәселесін шешуді тапсырды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров "Ресейліктердің келуі еңбек нарығына қалай әсер етеді?" деген журналистер сұрағына "Қатты әсер етпейді" деп жауап берді. Үкімет жалға берілетін пәтер бағасының өсуі проблема туғызып отырғанын мойындап, жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдайды "тұрақтандыру" керегін (қалай екені белгісіз) айтты.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Ресейде үстінен қылмыстық іс қозғалып, іздеу салынған азаматтар Қазақстан аумағында анықталса, оларды ұстап, еліне қайтарамыз деп мәлімдеді. Өткен аптада Кремль "ішінара" мобилизация жариялар алдында Ресей парламенті заңға мобилизациядан қашқандарға қылмыстық жазаны күшейтетін өзгерістер енгізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG