Accessibility links

Дағыстанда Каспий теңізі жағалауынан өлі итбалықтар тағы табылды


Махачкала билігі Каспий жағалауынан тағы сегіз өлі итбалық табылғанын хабарлады.

Қаңтар айында Каспий табиғатты қорғау орталығының мамандары Дағыстанда 50-ден астам өлі итбалық табылғанын хабарлаған. Оның алдында, желтоқсанда 2500-ден астам итбалық қырылғаны белгілі болған. Дағыстан мемлекеттік университетіне қарасты экология және тұрақты даму институтының басшысы Әлимұрат Гажиев итбалықтардың қырылуына құс тұмауының қатысы бар деген.

Желтоқсанда "Росприроднадзор" мекемесі итбалықтар табиғи газдан уланып, қырылған болуы мүмкін деген болжам айтқан. Сол кезде өлген жануарлардың ағзасынан оттегі тапшылығы белгілері байқалғаны айтылды. Дәл осындай болжамды билік 2021 жылы республикада 170 итбалық өлген кезде де айтқан.

2008 жылы Табиғатты қорғау жөніндегі халықаралық одақ Каспий итбалығына жоғалып бара жатқан жануар түрі статусын берген. Тәуелсіз экологтар итбалықтардың қырылуына антропогендік себептер, бірінші кезекте, теңізге тазартылмаған кәріз жүйесі қалдықтарының төгілуі әсер етіп отырғанын айтады. Шенеуніктер бұған көз жұма қарап келеді. Сонымен бірге әскери жаттығулар жиілегені де итбалықтар популяциясына кері әсер етіп отыр.

Экологтардың мәліметінше, бұрын Каспий теңізінде миллионға жуық итбалық өмір сүрген, қазір 70-100 мыңнан аспайды.

XS
SM
MD
LG