Accessibility links

"Азаттық ісі": Халықаралық ұйымдар Қырғызстан президентімен кездескісі келеді


"Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ) халықаралық үкіметтік емес ұйымы алты халықаралық ұйыммен бірге 31 қаңтарда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров әкімшілігіне хат жолдады. Бұл туралы CPJ сайты хабарлады.

Хат авторлары Қырғызстанда баспасөз еркіндігі шектеліп, журналистерді қудалау жүріп жатқанына алаңдайды. Ұйым Азаттықтың Қырғыз қызметінің сайты бұғатталғанын, зерттеуші журналист Болот Теміровтің елден шығарылғанын, Next TV директоры Таалайбек Дүйшенбиевке үкім шыққанын, Kaktus.media үстінен қылмыстық іс қозғалғанын республикада сөз еркіндігі шектелгеніне мысал ретінде келтірді.

Үндеуде "Жалған ақпараттан қорғану туралы" заң шенеуніктерге ақпарат сайттарын дәлелсіз бұғаттауға мүмкіндік бергені, ал жақында ұсынылған "БАҚ туралы" заңға Қырғызстандағы журналистер алаңдап отырғаны айтылды.

"Президент болған уақытта сіз Қырғызстан тәуелсіз баспасөзі бар ел екенін айттыңыз. Сонымен бірге сіз сөз еркіндігін қудалау қоғамға нұқсан келтіреді дедіңіз. Біз өзіңізбен және әкімшілігіңіздің құзыретті өкілдерімен кездесіп, жоғарыда айтылған оқиғаларды талқылағымыз келеді" деп жазылған хатта.

CPJ ұйымымен бірге Article 19, Human Rights Watch, Халықаралық баспасөз институты, "Журналистер үшін әділдік" қоры, "Норвегия Хельсинки институты" және "Шекарасыз тілшілер" ұйымдары да президент Жапаровпен кездестіруді сұрады.

Мұның алдында халықаралық ұйымдар Қырғызстан билігін БАҚ пен сөз еркігіндігіне қысым жасауды доғаруға шақырған.

Қырғызстан мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі 2022 жылғы 26 қазанда Азаттықтың Қырғыз қызметінің сайттарын бұғаттау туралы шешім шығарды. Ізінше мекеменің "Демирбанктегі" есебі ешқандай ескертусіз бұғатталды. 26 желтоқсанда Қырғызстан аумағындағы шектеу мерзімі ұзартылды.

23 қаңтарда мәдениет министрлігі Азаттық қызметін тоқтату туралы шағым түсірді. Осы арызға қатысты сот отырысы 9 ақпанға белгіленген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG