Accessibility links

БАҚ: Болат Назарбаев Алматыдағы "Барыс-4" базарынан айырылды


Алматыдағы базарлардың бірі. Бейтарап сурет.
Алматыдағы базарлардың бірі. Бейтарап сурет.

Экс-президенттің туған інісі Болат Назарбаев "Барыс-4" көтерме базарынан ("Оптовка") түбегейлі айырылды деп жазды Orda.kz. Алматы қалалық соты бұл базардың иесі "Найза-БН" компаниясының жекешелендірілуін заңсыз деп таныған бірінші инстанциядағы сот шешімін мақұлдап, "Найза-БН" құрылтайшыларының бірі кіші Назарбаевтың өтінішін орындамаған. Болат Назарбаев апелляциялық шағымында аталған базарды "заңды жолмен иеленгенін" дәлелдеуге тырысқан.

Былтыр қазанда Алматының ауданаралық экономикалық соты прокуратураның "Барыс-4" көтерме базарының жекешеленгенін заңсыз деп тану туралы талап арызын қанағаттандырған еді. Осылайша экс-президенттің інісіне қатысы бар базар мемлекет меншігіне қайтарылатыны айтылған.

Ақпарат құралының хабарлауынша, құны 1,5 миллиард теңге (үш миллион доллардан астам) тұратын базар жекешелендірілген кезде небәрі 307 миллион теңгеге (640 мың доллар шамасы) сатылған. Прокурорлардың күдігінше, базардың бағасы бес есе төмендетілген болуы мүмкін. Ал қаржы министрлігінің "Найза БН" мемлекеттік үлесін саудаға шығару туралы бұйрығы заңнамаға мүлде қайшы.

Orda.kz мәліметінше, бірінші инстанциядағы сот шешіміне келіспеген Болат Назарбаев апелляциялық шағымында сот дәлелдерге "дұрыс баға бермегенін" жазған. Бұған қоса, прокуратураның сотқа шағым түсіруіне өкілеті болмағанын да алға тартқан. Ол базарды заңды жолмен иеленгенін дәлелдеуге тырысқан.

Бірақ сот алғашқы инстанциядағы орган шешімін өзгеріссіз қалдырған. "Енді Болат Назарбаевтың Жоғарғы сотқа шағымдануына алты ай уақыты бар" деп жазды Orda.kz.

Болат Назарбаев – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі. Кемінде 238 адам өлген Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен оған жақын адамдардың биліктегі ықпалы әлсірей бастағаны туралы түрлі болжам айтылған.

Назарбаевтың кейбір туыстары лауазымды қызметтерден алынып, кейбірі түрмеге қамалды.

Нұрсұлтан Назарбаев билік құрып тұрған тұста елдегі ең ықпалды бизнесмен әрі ауқатты адамдардың бірі болған Болат Назарбаевты Қаңтар оқиғасынан кейін кезінде "рейдерлік жасады" деп айыптағандар көбейген.

Былтыр шілдеде билікке жақын ақпарат құралдары Болат Назарбаевтың "көп жылдан бері науқас екенін" айтып, арбаға таңылған видеосын жариялаған. Жақындары ол бірнеше жылдан бері "қатерлі ісікке шалдыққанын" айтқан. Сарапшылардың кейбірі "науқас Болатты көрсету арқылы туыстары қоғамның аянышын туғызғысы келеді, өйткені оның үстінен іс қозғалуы мүмкін" деп айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG