Accessibility links

Сот журналист Думан Мұхаммедкәрімнің үміткер ретінде тіркелу туралы екінші шағымын қанағаттандырды


Думан Мұхаммедкәрім.
Думан Мұхаммедкәрім.

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Думан Мұхаммедкәрімнің екінші талап-арызын журналистің пайдасына шешті.

Журналистің адвокаты Қанатбек Балсариевтің айтуынша, олар екі талап қойған: №12 бірмандатты аумақтық сайлау округінің хаттамасын заңсыз деп тану, мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде тіркеу және Думан Мұхаммедкәрімнің кейінгі 10 жылда Қазақстан аумағында тұрақты тұрғанын растау.

Сот №12 бірмандатты аумақтық сайлау округінің шешімін заңсыз деп танып, депутаттыққа кандидат болу үшін тіркеуде тұрмағаны еш себеп емес деп қаулы шығарды.

– Шекара қызметінің мәліметі бойынша, Думан Мұхаммедкәрім сегіз ай тіркеуде болмады, сол уақыт ішінде бір рет шетелге шыққан. Тек көрші Қырғызстан еліне барған. Тағы сұрады, Думан Мұхаммедкәрім азаматтығынан айырылды ма, жоқ па? Шет мемлекетте тұрақты тұруға өтініш берді ме, жоқ па? "Жоқ" деді. Демек, Мұхаммедкәрім Қазақстан аумағында тұрақты тұрған, - деді журналистің адвокаты YouTube-тегі ND арнасында.

Адвокаттың айтуынша, көші-қон қызметі Мұхаммедкәрімнің Қазақстан аумағында тұрақты тұрмағанын дәлелдей алмаған. Сот соны негізге ала отырып, Мұхамедкәрімді сайлауда кандидат ретінде тіркеу туралы үкім шығарған.

№12 бірмандатты аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Ұлтусын Бархинова сот қаулысы әлі шықпағанын айтты. Оның сөзінше, тіркеу процесі қаулы шыққан соң ғана басталады.

Мұхаммедкәрімнің айтуынша, енді ол 18 ақпанға дейін кандидат болуға сәйкес екені туралы қағазын алып, декларация тапсырып, 1 млн 50 мың теңге жарна төлеп үлгеруі керек.

4 ақпанда Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты белсенді, журналист Думан Мұхаммедкәрімнің мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде тіркеу туралы алғашқы талап-аразын қанағаттандырмаған. Сот №12 бірмандатты аумақтық сайлау округінің шешімін өзгеріссіз қалдырған.

Журналист жазған алғашқы арызда "сайлау комиссиясының шешімін жартылай теріске шығару" талабын қойған. Сол арызы дұрыс болмай, Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына қайта жүгінген.

4 ақпанда алматылық белсенді дәрігер Қайырғали Көнеевке де №5 бірмандатты аумақтық сайлау округі "кейінгі 10 жыл ішінде 1,5 ай көлемінде еш мекенжайда тіркелмегенсің" деген уәж айтып, мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде тіркемеген.

Елдегі денсаулық сақтау саласын жиі сынайтын, осы саладағы жемқорлық туралы көп айтатын белсенді бұған дейін сенат сайлауына да осы себеппен қатыса алмаған. Ол сайлау комиссиясының үстінен сотқа шағымданған. Белсенді еш жерде тіркеусіз жүрген 1,5 айда Алматыда тұрғанын, сол кезде емханада жұмыс істегенін алға тартқан. Бірақ сот сайлау комиссиясының шешімін өзгертпеді.

Алматылық белсенді, заңгер Әлнұр Ілияшев та 19 наурызда өтетін мәжіліс сайлауы депутаттығына үміткер болып тіркеле алмады. Алматыдағы №4 бірмандатты аумақтық сайлау округі оны "Сайлау туралы" заңның 4-бабына сай "өтелмеген соттылығы бар тұлғалар сайлауда кандидат бола алмайды" деген себеппен тіркемеген. Белсенді сайлау округінің шешіміне наразы болып, сотқа жүгінген. Кеше, 3 ақпанда Алматыдағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот оның да талабын қанағаттандырмады.

Атыраулық белсенді Макс Боқай да 19 наурызда өтетін мәжіліс сайлауына кандидат болып тіркеле алмаған. Атырау облысының №13 бірмандатты аумақтық сайлау округі Боқайдың "өтелмеген соттылығы бар" деген уәж айтқан. Белсенді бұл шешімге келіспейді.

Қазақстанда мәжіліс пен мәслихатты кезектен тыс сайлау 19 наурызда өтеді. Азаматтар партия атынан я жеке кандидат ретінде сайлауға түсе алады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG