Accessibility links

Түркияда жоғалған қазақстандықтарды құтқару үшін Қазақстан мамандары Хатайға аттанды


Қазақстандықтар үйінді астында қалды делінген ғимаратты аршу жұмысы жүріп жатыр. 9 ақпан, 2023 жыл.
Қазақстандықтар үйінді астында қалды делінген ғимаратты аршу жұмысы жүріп жатыр. 9 ақпан, 2023 жыл.

Түркияда жер сілкінісі кезінде жоғалған қазақстандықтарды құтқару үшін Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары 9 ақпанда таңертең Хатай провинциясына келді. Бейсенбі күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркиядағы іздеу-құтқару жұмыстары туралы баяндаған Қазақстан төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин есебінде осылай деп мәлімдеген. Бұл жөнінде Ақорда сайты хабарлады.

"Әзірше аман қалған 4 адам құтқарылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құтқарушылар мен кинологтар тобы хабарсыз кеткен Қазақстан азаматтарын іздеу үшін бүгін таңертең Хатай қаласына барды" деп жазылған Ақорда хабарламасында.

Бір күн бұрын Түркияның Хатай провинциясындағы Антакия қаласында үйінді астынан қазақстандық Сәбина Мамадиярова құтқарылған еді. Қазір сол маңнан тағы екі қазақстандық Мирболат Құрмашев пен Әділ Қадырбековті құтқару жұмысы жүріп жатыр. Бұған дейін олардың туыстары ғимаратты аршитын "кран жоғын" айтып, көмек сұраған еді.

Түркияда үйінді астында қалған қазақстандықтарды құтқару үшін құрылған Telegram-дағы @rescuekz арнасының ақпаратына қарағанда, бейсенбі күні жергілікті уақыт бойынша 9-дан кете (Алматы уақыты бойынша түскі сағат 12) кранмен үйінділерді аршу басталған. Аталған арна иелері шамамен 15 минут бұрын "Барлығыңызға қолдағандарыңыз үшін рахмет! Бізде құтқара аламыз деген үміт оты қайта жанды. Хабардар етіп отырамыз" деп жазды.

Түркия мен Сирияда 6 ақпанда болған жойқын жер сілкінісінен қаза болғандар саны 16 мыңнан асты. Түркияда қаза болғандар 13 мыңға жуықтады. Сирияда кемінде 3 мың адам опат болған. Сирияда зардап шеккендер саны туралы мәлімет жоқ.

Қазақстан СІМ Түркияда жер сілкінісінен кейін үш қазақстандық азамат жоғалып кеткенін хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG