Accessibility links

Мәжіліс сайлауы: ОСК "Аманат" ұсынған кандидаттар тізімін тіркеді


"Аманат" партиясының мүшелері орталық сайлау комиссиясының отырысында. 15 ақпан, 2023 жыл.
"Аманат" партиясының мүшелері орталық сайлау комиссиясының отырысында. 15 ақпан, 2023 жыл.

Орталық сайлау комиссиясы мәжіліс сайлауына "Аманат" атынан партия тізімі бойынша қатысатын кандидаттар тізімін тіркеді. Тізімде 90 адамның аты-жөні бар, 32,2 пайызы – әйелдер, жастар мен мүгедектігі бар адамдар.

Сәрсенбі күні ОСК хатшысы Мұхтар Ерман "тізімдегі тұлғалар ҚР Конституциясы мен "Сайлау туралы" заңы талаптарына сәйкес" деп мәлімдеді.

ОСК өкілінің айтуынша, 2021 жылы қаңтарда өткен парламент сайлауында сол кездегі "Нұр Отан", қазіргі "Аманат" сайлаушылардың 71 пайыздан астам дауысын жинағандықтан, партия сайлау жарнасын төлемейді.

Бұған дейін ОСК мәжіліс сайлауына Қазақстан халық партиясы, "Ауыл", ЖСДП, "Ақ жол" және "Байтақ" партияларынан партия тізімі бойынша қатысатын кандидаттарды тіркеген еді.

Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарды сайлау 19 наурызда өтеді. Сайлауға түсетін кандидаттарды тіркеу 20 қаңтарда басталған, кандидаттарды ұсыну 8 ақпанда аяқталған. Үміткерлерді тіркеу 18 ақпанға дейін жалғасады. 21 қаңтарда орталық сайлау комиссиясы парламент сайлауына ресми тіркелген жеті партия қатысатынын хабарлаған. Мәжілістегі 98 депутаттық орынның 28-і бірмандатты округтер арқылы, қалған 69-ы партия тізімі арқылы сайланады.

Бақылаушылар Қазақстанның алғашқы президенті Нұрсұлтан Назарбаев құрған партия бұл жолы да көп орын алуы әбден мүмкін деп болжайды. Былтыр наурыз айында "Нұр Отан" партиясы "Адал" партиясын қосып, "Аманат" партиясына айналған.

Бұған дейін саяси қызметімен танылған бірнеше қоғам белсендісі де бірмандатты округтер арқылы сайлауға қатысқысы келетінін білдірген. Олардың кейбірін түрлі себеппен тіркемеген. Кей сарапшылар билік тәуелсіз ой-пікірімен танылған белсенділердің тіркелуіне жол бермейді дейді.

Батыс бақылаушылары Қазақстанда болған сайлаулардың ешбіріне әділ және еркін өтті деп баға берген емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG