Accessibility links

"Билік шынайы реформаға мүдделі емес". Депутаттыққа өзін-өзі ұсынғандар халыққа манифест жариялады


Мәжіліс депутаттығына өзін-өзі ұсынған кандидаттардың баспасөз мәслихаты. Алматы, 20 ақпан, 2023 жыл.
Мәжіліс депутаттығына өзін-өзі ұсынған кандидаттардың баспасөз мәслихаты. Алматы, 20 ақпан, 2023 жыл.

20 ақпанда Алматыда сайлауға түсуге өзін-өзі ұсынған бір топ кандидат баспасөз мәслихатын өткізіп, халыққа манифест жариялады. Манифесте өзін-өзі ұсынушы кандидаттар "ортақ мақсат – парламенттің құзыретін арттыру" үшін бірігетінін жазған.

"Бірінші кезекте мәжіліске оның заңнамалық және бюджеттік рөлін, ал мәслихаттарға жергілікті өзін-өзі басқару құзыретін қайтарамыз. Заң үстемдігі орнайтын, мықты парламент және есеп беретін үкімет орнату арқылы биліктің үш тармағының тежемелі тепе-теңдігін қамтамасыз етіп, төртінші билік саналатын бұқаралық ақпарат құралдарының да тәуелсіз мәртебесін көтереміз. Ел байлығы тікелей халықтың игілігіне жұмсалуы керек. Ресурстарды бөлу тетіктері (салық, бюджет және ақшаны басқару) парламент арқылы халықтың бақылауында болуға тиіс" деп жазылған манифесте.

Үндеу жасағандар – 19 наурызда өтетін мәжіліс сайлауына түсуге ниетті экономист Айман Тұрсынхан, журналист Ермұрат Бәпи, экономист Мұхтар Тайжан, саясаттанушы Санжар Боқаев, құқық қорғаушы Ерлан Қалиев және тәуелсіз бақылаушы Арайлым Назарова.

"Реформа жасау үшін парламентке заң шығару және бюджетті бақылау функциясын қайтару керек. Біз парламенттік республиканы қайтарғымыз келеді" деді мәжіліс депутаттығына үміткер экономист Айман Тұрсынхан.

Алматыдағы жиынға қатысқандардың көбі елде тәуелсіз кандидаттардың тіркелуі биліктің шынайы реформаға дайын екенін білдірмейді деп есептейді.

"Бүгінгі билік ешқандай шынайы реформаға мүдделі емес. Бұрын Назарбаевтың жүйесін құрған шәкірттері ешқандай жаңа Қазақстанды құра алмайды. Тоқаев болсын, Қошанов болсын, Әшімбаев болсын, Қарин болсын – олар түгел бұрынғы "НұрОтанның" мүшелері, жеке басқа табыну деген "салт-дәстүрді" қалыптастырушылар" деді Мұхтар Тайжан.

Ал Арайлым Назарова бұл өзгерісті "көзбояушылық" деп біледі. Ол "Депуттардың [аралас мажоритар-пропорционал жүйе] арқылы 30 пайызы ғана сайлануы өте аз. Дегенмен аз екен деп қол қусырып отыруға болмайды" деді.

Журналист Ермұрат Бәпи "30 пайыздық сайлау жүйесі қоғамға қозғау салғанын мойындауымыз керек" деді.

Былтыр 26 қаңтарда Алматыда бір топ белсенді "Алтыншы қаңтар" тәуелсіз блогын құрып, мәжіліс сайлауына өз-өзін ұсынатынын хабарлаған. Олардың арасында тәуелсіз бақылаушы Арайлым Назарова, заңгер Әлнұр Ілияшев, журналистер Динара Егеубаева мен Думан Мұхаммедкәрім болған. Бұлардан Әлнұр Ілияшев қана мәжіліс сайлауы депутаттығына үміткер болып тіркеле алмады.

Арайлым Назарова 20 ақпанда өткен жиын ол блокқа қатысы жоқ екенін, оның жұмысы дербес жүріп жатқанын айтты.

Қазақстанда бірмандатты округтер бойынша мәжіліс депутаттығына 29 адам сайланады. Елде 435 адам сайлауға өзін-өзі ұсынған. Орталық сайлау комиссиясының есебінше, бір мандатқа 15 кандидат таласады.

Қазақстан билігі аралас мажоритар-пропорционал жүйе енгізілгенін алға тартып, сайлау "бәсеке жағдайында өтеді" деп мәлімдеді. Алайда кейбір сарапшы бірмандатты округтерде оппозиция кандидаттары тіркелсе де, сайлауды бақылау мен дауыс санау биліктің қолында деп есептейді.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, мәжіліс сайлауына партиялық тізім бойынша жеті саяси партия атынан 281 кандидат тіркелген.

Қазақстанда парламент сайлауы 19 наурызда өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG