Accessibility links

Үндістандағы жиында Блинкен мен Лавров 10 минут сөйлесті


АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың соғыстың алдындағы кездесуі. Женева, 21 қаңтар, 2022 жыл
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың соғыстың алдындағы кездесуі. Женева, 21 қаңтар, 2022 жыл

Үндістанда өткен "Үлкен жиырмалық" (G20) елдері сыртқы істер министрлері кездесуі аясында АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров аз-кем әңгімелесті. Ресей Украинаға басып кіргелі екі елдің сыртқы істер мекемелерінің басшылары алғаш жүздесіп отыр.

Кездесу 10 минут қана болған. АҚШ мемлекеттік департаментіндегі дереккөзге сілтеген Reuters және New York Times осылай хабарлады. Кездесу болатыны жайлы күні бұрын айтылмаған.

АҚШ өкілінің айтуынша, кездесуде Блинкен үш мәселені сөз еткен: ол АҚШ Украинаны қолдай беретінін айтқан және Ресейді стратегиялық шабуылдаушы қаруларды шектеу келісімін сақтауға шақырған және Ресей колониясында жатқан америкалық Пол Уиланды босатуды өтінген.

Лавров не айтқаны туралы ақпарат жоқ. Ресей министрінің өзі бұл жайында ештеңе айтпады. Елдің сыртқы істер министрлігі тек шағын кездесу болғанын растады.

Ресей мен Қытайдың Украинадағы соғысқа қатысты сөйлемдеріне келіспегендіктен, G20 кездесуіне қатысушылар бірлескен коммюнике қабылдамады. Тек төраға – Үндістан атынан қорытынды мәлімдеме жарияланды. Онда, негізінен, экономика мәселелері, соның ішінде Украинадан астық экспорттауды көздейтін келісімнің маңызы туралы айтылады. Сонымен бірге Үндістан "экономикасы ең ірі мемлекеттердің басын қосатын G20 мүшелерінің басым бөлігі соғысты айыптағанын" атап өтті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG