Accessibility links

Бішкек соты қырғыз Азаттығының шағымын қанағаттандырмады


7 наурызда Бішкек қаласының әкімшілік соты Азаттықтың Қырғыз редакциясы – "Азаттык Медианың" шағымын қарады. "Азаттык Медиа" бұған дейін Қырғызстан ақпарат министрлігінің қырғыз Азаттығы сайтын бұғаттау туралы шешімі заңсыз деген шағым түсірген.

Алайда сот "Азаттык Медиа" шағымын қанағаттандырмады.

"Азаттык Медиа" тілшісінің хабарына қарағанда, сот процесінде Қырғызстан ақпарат министрлігі "Настоящее время" жасаған видеосюжетте екі тараптың да пікірі қамтылғанын мойындаған, бірақ онда тәжік ұстанымы басым болған деп есептейтінін айтқан.

"Азаттык Медиа" адвокаттары Қырғызстан ақпарат министрлігі видеосюжеттен сайтты бұғаттайтындай жеткілікті аргумент көрсете алмады деп мәлімдеді.

Қырғызстан ақпарат министрлігі "Настоящее времяның" қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс туралы видеосюжеті жойылмағандықтан, сайт бұғаттталып тұра беретінін айтты. Ведомство әдеттегідей "жалған ақпарат таратудан қорғау" туралы заңға сілтеме жасаған.

"Азаттык Медиа" адвокаттары Бішкек қаласының әкімшілік сотының шешімі үстінен жоғарыдағы инстанцияға шағым түсірмек. Бұл үшін заңда 30 күн уақыт берілген.

Қырғызстанның ақпарат, мәдениет, спорт және жастар саясаты министрлігі 2022 жылы 26 қазанда "Азаттык Медиа" сайтын бұғаттау туралы шешім шығарған. Оған "Настоящее время" телеарнасында жарияланған қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс туралы сюжет себеп болған. 26 желтоқсанда шешім күшін одан әрі ұзартқан. Министрлік "Азаттык Медиа" бұл видеосюжетті сайттан алып тастағанша, ол бұғаттала беретінін айтқан.

"Азаттык Медиа" алғашқы күннен-ақ бұл шешімді мойындамайтынын мәлімдеп, заңсыз екенін дәлелдеуге тырысқан.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті әрі бас директоры Джейми Флай қырғыз Азаттығының жұмысын жалғастыру үшін барлық құқықтық тетікті пайдаланатынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG