Accessibility links

Жоғарғы сот Қаңтар оқиғасына байланысты айыпты деп танылған Жанмұрат Аштаевты ақтады


Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған үш белсенді. Солдан оңға қарай: Қайрат Сұлтанбек, Жанмұрат Аштаев және Ләззат Досмамбетова. Шымкент, 13 шілде, 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған үш белсенді. Солдан оңға қарай: Қайрат Сұлтанбек, Жанмұрат Аштаев және Ләззат Досмамбетова. Шымкент, 13 шілде, 2022 жыл.

14 наурызда Астанада Жоғарғы сот Қаңтар оқиғасына байланысты сотталған Жанмұрат Аштаевтың кассациялық шағымын қарап, ақтап шығарды. Ал онымен бірге сотталған Досмамбетованың ісін рақымшылық заңына жатқызды.

"Шымкент қалалық соты мен әл-Фараби аудандық сотының Аштаев жөніндегі қаулысының күші жойылсын. Аштаевтың іс-әрекетінде Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-3 бөлігінде көзделген құқықбұзушылық болмауына байланысты іс тоқтатылсын. Аштаев қамаудан дереу босатылсын. Оның қылмыстық-процестік істі жүргізген органның заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өндіруге құқығы бар деп танылсын” деді судья.

Аштаевтың әйелі сот қаулысын естігенде көзіне жас алып, бұл күнді көп күткенін, дәлелсіз айыпталғанын дәлелдеу ауыр болғанын айтты.

"Қуанышымды сөзбен жеткізе алмай тұрмын" деді ол Азаттыққа.

Сотқа белсендінің әйелі, адвокаты мен жақтастары қатысты. Түзеу мекемесінде техникалық мүмкіндік болмағандықтан, Аштаевтың өзі қатыса алмады.

16 қаңтарда Жоғарғы сот белсендінің ісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы қаулы шығарған.

Аштаев – Шымкентте Қаңтар оқиғасына байланысты сотталып, қамауда болған жалғыз адам. Онымен бірге сотталған белсенді Қайрат Сұлтанбек рақымшылыққа ілініп, бостандыққа шыққан, ал Ләззат Досмамбетованың жазасын өтеу мерзімі кейінге қалдырылған.

Жоғарғы сот Қаңтар оқиғасы бойынша сотталған адамды алғаш рет ақтап отыр.

Жоғарғы сот Досмамбетованың ісін де рақымшылық заңына іліндірді. Жоғарғы сотқа арызды Аштаев пен оның қорғаушылары жазған. Қорғаушылар белсенділердің айыбын дәлелдейтін бірде-бір мәлімет жоқ екенін, үшеуі телефон арқылы сөйлескен сөздері үшін ғана сотталғанын алға тартып, әл-Фараби аудандық соты мен Шымкент қалалық соты қаулысының күшін жоюды, Аштаев пен Досмамбетованы ақтауды немесе рақымшылық заңын қолдануды сұрады.

"Қиратуға, өртеуге қатыспадым. Саяси көзқарасыма байланысты қудаландым. Заңсыз сотталдым. Тағы айтамын, ұялы телефонмен 6 қаңтарда сөйлестік. Оқиға 4 қаңтарда болды. Ақтауды, жазадан босатуды сұраймын" деді Досмамбетова сотта. Прокурор сот қаулысын өзгертпеуді сұрады.

2022 жылы 15 шілдеде Жанмұрат Аштаев Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздікке қатысты", "халықты билік өкілдерінің талаптарына бағынбауға шақырды" деген айыппен Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2, 3-бөлігі ("жаппай тәртіпсіздікке қатысу және соған шақыру") бойынша үш жыл, бір ай мерзімге түрмеге қамалған. Мұндай айыппен белсенділер Ләззат Досмамбетова мен Қайрат Сұлтанбек те сотталған.

2022 жылы 8 қыркүйекте аппеляциялық сот Аштаевқа шыққан үкімді өзгертпеген.

Шымкенттегі сот қарашада Аштаев пен Досмамбетова бұрын "тыйым салынған ұйым қызметіне қатысу" бабымен сотталды деп, рақымшылық туралы өтінішін қанағаттандырмаған. Ал Қайрат Сұлтанбек рақымшылық заңы бойынша бостандыққа шықты. Сот Досмамбетованың екі баласы 14 жасқа толмағанын, жалғызілікті ана екенін ескеріп, белсендінің 3 жыл 7 ай түрме жазасын өтеу уақытын екі жыл кейінге қалдырған.

2022 жылы қаңтардың басында Жаңаөзенде сұйытылған газ қымбаттағанына байланысты халық наразылығы елдің бірнеше аймағында қолдау тапқан. Қазақстанның ондаған қаласында, соның ішінде Шымкентте де жұрт наразылыққа шығып, билікке талап қойған. Кейін бейбіт наразылық жаппай дүрбелеңге ұласып, ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда кемі 238 адам қаза болған.

Ресми мәлімет бойынша, Шымкентте Қаңтар оқиғасы кезінде 20 адам өліп, жүзден аса адам жараланды. Қалада Қаңтар оқиғасына байланысты 86 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, көбінің бас бостандығы шектелген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG