Accessibility links

"Бұл бостандық маған қиын жолмен келді". Жоғарғы сот ақтаған Аштаев түрмеден шықты


Белсенді Жанмұрат Аштаев түрмеден шығып тұр. Шымкент, 16 наурыз, 2023 жыл
Белсенді Жанмұрат Аштаев түрмеден шығып тұр. Шымкент, 16 наурыз, 2023 жыл

Шымкентте Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп сотталған белсенді Жанмұрат Аштаев 16 наурыз күні кешкісін бостандыққа шықты. Белсендіні толық ақтау және қамаудан дереу босату туралы шешім 14 наурыз күні түсте белгілі болған. Шымкенттегі түрмеден шыққан ол Азаттыққа белсенділікпен айналысуды тоқтатамын деп мәлімдеді.

Құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған 45 жастағы Аштаевты Шымкенттегі №54 мекеменің қақпасынан отбасы мен туыстары күтіп алды. Оның түрмеде отырғанына бір жыл екі айдан асты.

– Қамауда отырғанда бостандықтың, еркіндіктің қадірін түсінеді екенсің. Түрмеде оның бәрі шектеулі, өте шектеулі. Жазықсыз отырғаныма, тергеудің осылай созылғанына, бала-шағамның жанында бола алмағаныма өкінемін. Белсенділігімді осымен тоқтатамын. Бұл бостандық маған қиын жолмен келді. Бала-шағамның қасында болғаным, бостандығым қымбат. Құқық қорғаушыларға, түрмеде жатқанда отбасыма көмек берген белсенділер мен көпшілікке рақметімді айтамын, – деді ол Азаттыққа.

Жоғарғы сот шешімі шыққаннан кейін туыстары мен серіктері кейінгі екі күн қатарынан түрме алдына жиналып, сағаттап сарыла күтті. Мекеме әкімшілігі Жоғарғы соттан Аштаевқа қатысты қаулы түспейінше, оны босата алмайтынын айтқан.

16 қаңтарда Жоғарғы сот белсенді ісін қассациялық тәртіппен қайта қарауға қаулы шығарған. Аштаев – Қаңтар оқиғасына байланысты сотталып, Жоғарғы сот ақтаған жалғыз адам.

2022 жылы 15 шілдеде Шымкенттегі әл-Фараби аудандық соты жергілікті үш белсендіні Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2, 3-бөліктері ("жаппай тәртіпсіздікке қатысу және оған шақыру") бойынша айыпты деп таныған. Сот Жанмұрат Аштаевқа 3 жыл 1 ай, Қайрат Сұлтанбекке 3,5 жыл, ал Ләззат Досмамбетоваға 3 жыл 7 ай түрме жазасын кескен. Үш белсенді де тағылған айыпты мойындамаған.

Аштаевпен бірге сотталған белсенді Қайрат Сұлтанбекті – қалалық сот, Ләззат Досмамбетованы Жоғарғы сот рақымшылық заңын қолданып жазадан босатты. Бостандыққа шыққан соң Қайрат Сұлтанбек отбасымен елден кетті.

Былтыр 8 қыркүйекте Шымкент қалалық соты Аштаевтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмаған.

2022 жылғы қаңтардың басында Жаңаөзенде сұйылтылған газдың қымбаттауына байланысты халық наразылығы елдің бірнеше аймағында қолдау тапты. Қалаларда, соның ішінде Шымкентте де жұрт наразылыққа шығып, әлеуметтік жағдайларды айтып, билікке талап қойған. Кейін бейбіт наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласып, кемі 238 адам қаза тапты.

Ресми дерек бойынша, Шымкентте Қаңтар оқиғасы кезінде 20 адам қаза болды, 100-ден аса адам жараланды. Қалада Қаңтар оқиғасына байланысты 86 адамға қылмыстық іс қозғалып, көбіне бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Қазір олардың бәрінің жазасы жеңілдеп, қамаудан босатылған.

Қаңтарға байланысты сотталған үш белсендінің жақындары наразылық білдірді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:06 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG