Accessibility links

Қазақстанда "саяси тұтқындар" көбейді


Астанада журналист Махамбет Әбжанды босатуды талап еткен пикеттегі плакат.
Астанада журналист Махамбет Әбжанды босатуды талап еткен пикеттегі плакат.

Қазақстанда "саяси тұтқындар" қатарына тағы екі адам қосылды. Осы аптада құқық қорғаушылардан құралған сарапшылар кеңесі 9 жылға сотталған журналист Махамбет Әбжан мен оралдық белсенді, кәсіпкер Аслан Өтеповті "саяси тұтқын" деп таныды. Шешім 20 ақпанда Тirek.info сайтында жарияланды.

"Халық жемқорлыққа қарсы" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, оралдық заңгер Аслан Өтепов дәрігердің қағазынсыз сатылатын "Трамадол" анальгетигі саудасын бақылауды күшейтуге үндеп жүрген белсенді ретінде танылған. Ол Оралдағы дәріханалар мен тұрғын үйлерде осы препарат емін-еркін сатылып жатқанына қарсылық білдіріп, бірнеше рет бейбіт акция өткізген. 2022 жылғы 30 желтоқсанда құқық қорғау қызметкерлері Өтеповті ұстап, ертесіне сот оны екі айға тұтқындауды сұраған тергеу органының өтінішін орындаған. Белсендіні "алаяқтық" және "пара беруге арандату" қылмысына күдікті ретінде қамаған. Тергеушілер "Өтепов әкімдіктен жер алуға көмектесем деп, жергілікті кәсіпкерден пара алған" деген болжам айтады. Тағылған айыпты жоққа шығарған Өтепов өзі сынап жүрген полиция мен прокуратура одан осылайша өш алғысы келетінін айтқан. Құқық қорғаушылар оған бұлтартпас шарасы ретінде қамау жазасы қолданылғанының да саяси астары болуы мүмкін дейді.

Биыл ақпанның басында Астана соты журналист, Abzhan News Telegram-арнасының авторы Махамбет Әбжанды 9 жылға бас бостандығынан айырған. Әбжанға "көрінеу жалған ақпарат тарату" (274-баптың 3-бөлігі) және "бопсалау" (194-баптың 4-бөлігі, 2-тармағы) баптары бойынша айып тағылған. 39 жастағы журналист әрі блогер Махамбет Әбжанды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі былтыр 3 шілдеде тұтқындаған. Агенттік "ол бір кәсіпкерден 50 миллион теңге бопсалады" деп хабарлаған. Әбжан адвокаты арқылы тағылған айыптарды жоққа шығарған. Сот жабық өтті.

Соттың жабық өтуін сынаған "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымы бұған дейін "журналистер мен өзге де тұлғаларға қатысты істің жабық өтуі тағылған айыптың негізділігіне күмән туғызады, сот инстанцияларының істі әділ әрі объектив қарағанына күдік келтіреді" деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылардың айтуынша, Қылмыстық-процестік кодекстің 29-бабына сәйкес, сот жәбірленушінің немесе процеске қатысушы басқа да адамдардың мүддесіне байланысты жабық өтуі мүмкін, бірақ ол үшін өте салмақты негіз керек.

Қазір Қазақстанда "саяси тұтқын" деп танылған 19 адам бар. Арасында Ермек Нарымбаев, Ержан Елшібаев, Жанмұрат Аштаев және өзге белсенділер бар. Бұған дейін құқық қорғаушылар былтыр президент сайлауы алдында "билікті күшпен басып алмақ болды" деп айыпталған жеті адамды да "саяси тұтқын" ретінде таныған.

Былтыр қарашада ұлттық қауіпсіздік комитеті сайлау күні билікті басып алмақ болды деп, жеті адамды ұстағанын мәлімдеген. Ұсталғандарды шетелде тұратын банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовқа "көңілі ауғандар, тыйым салынған ҚДТ мен "Көше партиясын" қолдаушылар, криминалдар" деп сипаттаған. Өзге ақпаратты қылмыстық кодекске сілтеп, құпия қалдырған. Шетелде тұратын қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әблязов мұны "биліктің қорқынышы" деп атаған. Ұсталғандардың туыстары бұл айыптауға сенбей, оларды босатуды талап еткен.

Қазақстан билігі елде "саяси тұтқын" барын және азаматтар саяси себеппен қуғындалады деген тұжырымды жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG